«Кебеже қарын, кең құрсақ» дегенде Талжібектің көзіне Ықыласов елестеп кетті.
– Отымен кіріп, күлімен шыққан деңіз.
– Не важна, та-а-ак, қара табан кедей. Еріні жарық, басы таз.
– Қате,– деді келіншек шын ниетімен намыстана, содан беті-жүзі ду ете қап,–
қате! Тегімізде таз кісі болған емес.
– Не важна.
...Үш күннен кейін газет шықты. «Күйші қыздың» өмірбаяны кәдуілгі ертегі.
Сафиолланың ертегісі: Талжібектің әке тегі, жетінші атасынан бері қарай, ұрты
толып ас жемепті. Ал, шеше соры одан да өткен: нағашы әжесінің қара тырнағы
ұшынан түскен күс көк желкесінен бір-ақ шығыпты. Талжібекті тапқан ана ғана сәл
пысық: қолының сүйелі білектен аспапты. Өзі домбырашы екен, әлқисса, қызына
Құрманғазының күйлерін үйретіпті... Болашақ сахна майталманы дүниеге осындай
тұқымнан өрбіп келген.
* * *
Гурьевтің кісісі былай әңгімелесті. Жұмасына үш мезет өтетін дағдылы
репетициясының бірі еді. Клуб директоры жас шамасы қырықтың мол ішіндегі
ысқаяқ қараны ертіп кірді. Кіре, билеп-төстеп қалған кісіге тән еркіндікпен
жанындағыға самбырлай жөнелді:
– Менің коллективім осы. Қысқаша таныстырып өтейін. Әне біреуісі, бәлки
естіген шығарсыз, Қайырғалиева, Қайырғалиева тұр орныңнан, иә, Қайырғалиева
сол, ән салады, ойнайды. Мынау әлгі Айкүмісіміз, күлегештігі болмаса,– деп,
жұқалап әзіл қыстырды,– даусы жаман емес. Анау сөз, көркем сөз айтады.
«Желіккен жеңгейлерді» орындайтын қуымыздың нақ өзі. Аздап жаңылатыны ғана,
әйтпесе жақсы әртіс. Әне біреу жігіт, а? Ән айтады, иә, Сисемалиев. Мына мәндален
ұстаған азаматты пикәрінде нан илеп жүрген жерінен таптық, тауып алдым. Өсетін
адам. Өте әртіс. Мәндәленінің даусы бәрінен басым. Оркестрдегі ең көрнекті тұлға.
Көп азаматтың көңілі жайғаса, бейілі тоғая бастаған. Талайдан бергі тұрмыс
жұпынылығын енді-енді көріп, жеке от басы тірлігінің қамын ойлағанда әркім-ақ
әлдеқайда сақтаған мол, артық қазынасы бардай, арқасын кең сезінеді. Өйткені,
заман тыныш. Бейбітшілік! Тек ден сау болсын. Ал, қол астында он, он бес сауатты
бағыныштысы бар кеңсе қызметкері ерен бақытты. Оған қорыну, тарынудың, не
кешегідей брон үшін қалтырудың енді қажеті жоқ. Қызмет жақсы, жылт еткеніңді
жоғарғы жақ бақылап, бағалап отыр. Тағы не керек?
Осы жай өкіл мен жергілікті әкімнің сөз алыстарынан да анық байқалған-ды.
Сонымен облыс кісісі зиялы жұрттың сыпайылығын істеп, анау нұсқаған
адамдардың әрқайсына жеке-жеке жымия, бас иген ишара жасап, айнала риза ғып
тұрған, кенет, директорға қарап қолын көтерді де, сол, көтерілген қолды дереу
қалтасына сүңгітті. Сонсоң иегін ерек ілтифат, әдеппен көтеріп:
– Мына қарындас кім?–деп сұрады.
– Өзім де енді соны таныстырғалы тұр едім, дәл таптыңыз. Бұл Қошалақта қой
бағып келген қыз. Осында бір жігітке алдырдық. Алдырдым. Домбыраны,– осы
арада ол бешпетінің оң жақ өңірін домбыра етіп, шертіп-шертіп қойды,–
домбыраны өте үлгілі, өнегелі тартады. Газетке ыстатья жаздырдық. Жаздырдым.
Өсіп келе жатқан жан.
– Это интересно. Қойшыдан шыққан домбырашы, а?
– Дәл айттыңыз, қойшы қыз, домбырашы.
– Жақсы тартады дейсіз, а?
– Дина болады деп ойлаймыз. Ойлаймын.
– Жақсы тартады, а?
– Жақсы тартады.– Директор тіпті желпінді, қарауындағы адамға көңіл
аударғаны өзіңе мақтаныш емес пе?– Орындайтын күйі де ылғи үлгілі, өнегелі
күйлер,– деп қосты.
– Жарайды. Жарайды!– Өкіл Талжібектің жанына тоқтап, жүзіне сынай, барлай
көз салды. Қыз әдетінен тыс қымсынып, иығына түсіп кеткен шашақты ала
орамалымен тамағының астын, омырауын қымтады. Анау дереу түсін суытып,
салмақси қалды. Онсыз да тым-тырыс отырған жұртқа тынышталыңдар дегендей,
тағы да иегін көтеріп белгі етті де:
– Рақмет,– деді, сонсоң даусын, мінбедегіше, қатайта сөйлеп кетті,– жолдастар,
жарайсыңдар, жақсы жұмыс істеп жатыр екенсіңдер, көзбен көріп, көңіл бітті.
Соғыс аурытпалығынан жүдеп құтылған қасиетті халқымыздың мәдени-
эстетикалық тілегін қанағаттандыру жолындағы жүргізген саналы
жұмыстарыңыз үшін Гурьев облыстық мәдениет бөлімі атынан және дара өз
атымнан алғыс жариялаймын!– Үш-төртеуі шарт-шұрт алақандарын соққан. Бір
әйел қасындағының бүйірін түртіп, сыбыр етті.
– Не затқа алғыс жариялаймын дейді?
Анау қабағын түйіп, ернін тістеді.
– Үндеме!
– Және ел арасынан халық таланттарын іздеп табуда, бұрын белгісіз
бұлақтардың көзін ашып, бағыт, бағдар сілтеуде күш-жігерін сарқа жұмсаған осы
клубтың меңгерушісін айрықша атамақпын!– Жұрт тағы қол шапалақтады.
– Бүгін репетиция осымен бітсін, тынығыңыздар, жолдастар, боссыздар!–деп,
күлімсірей, меңгерушіге бұрылды.– Мен сіздің жұмыс тәртібіңізді бұзып жібердім
білем, кешіріңіз!
– Дәл таптыңыз,– анау елпең қақты,– дәл таптыңыз, өзім де сүйтейін деп тұр
едім. Жолдастар, бүгінге осы жетер, инструменттеріңді бапты ұстаңдар, үлкен
жерден мақтау естігенімізге масаттанып кетпейік. Қайта, қарқынға қарқын қосып,
алға қарай бұдан да жақсы жұмыс істейміз. Солай қаулы етейік,– деп жылмиғанда
директордың бет-аузы жылжи еріп, жүзіп жүре берді. Дөңкиіп, қойтас