Таңертеңгі сегізден бастап бір-бірден, екі-екіден тамшылайды да жатады. Ең ерте
келетіндер аулы алыстар. Қанағат есік алдына шыққан. Қолында қос мүйізді
қаңылтыр сауыт – өзінің темекі салғышы, ішінде ұсақ-ұсақ төрт-бес шеге. Сауытты
ұстап, сәл кідірді, айнала қарады, жуық маңда ешкім көрінбеді, сонсоң
қолындағысын шайқап-шайқап қалды. Анадай келе жатқан екі бала жарыса
жүгірді.
– Әне званок соғылып жатыр!–Мектепке жапсыра үйілген отынның тасасында,
жас шамасы он төрт, он бестердегі екеу темекі тартып тұрған, тұқылдарына бір
түкіріп, қалталарына сүңгітті де, асыға басып, олар да мектепке ұмтылды.
– Званок соғылып атыр!
Мұғалім үйге берілген тапсырманы тексеріп бола берген, есіктен екі кішкене
бала бастарын қатар сұқты:
– Мұғалім, кіруге бола ма?– Жоп-жорта ұялғансып, соларына ырсаң-ырсаң
күліскен. Мұрындарының асты жылт-жылт етті.
– Кіріңдер, түге! Оңбағандардың жүрістерін қараш!– Апай кіжіне ақырды,–
Тише, тыныш!–Үшінші кластың ең артқы партасындағы екеу жырқ-жырқ күледі.
Жүздері тотық, күңгірт, құйқалары көк-сұр, топ-тоқыр. Екеуі бірінің басына бірі
ұмтылады.
– Зөлеңкі алайын ба?
– Алдымен мен!
– Жоқ, мен!
– Тыныш, Тише!
Екеуі бірінің бірі қолын қайырып, буыла, тұншыға ысылдайды. Парта сықыр
қағады. Аяқ астының тасы таптала-таптала жабысқақ, майда құмға айналған. Біреуі
түшкіріп жіберді.
– Жәрекімалла!– деді біреу қатардағы партадан. Біреу сыбырлап:
– Жардан ұш!– деді. Ана екеуі тынши алар емес, ыс-пыс. Бір кезде шаршады
білем, ашуланыса, қызарақтаса бастады.
– Екі аяғыңды қосып ұстап, басыңмен келі түйер ме еді!
– Сенің,– деді екінші бала ентігіп,– сенін басыңмен...– қапелімде аузына сөз
түспей, қысылғаннан түшкіріп жіберді,– сенің басыңмен, сенің басыңның ішіндегісін
алып тастап, Бөрібасарға итаяқ жасаса!
– Сисенғалиев, Каримолдин! Тұрыңдар, кәне!– Ана екеуінің құйқаларына шейін
қызарып кетті. Біреуі кемсеңдеп жылап, екіншісі ырсың-ырсың күлген болды.
Екеуінікі де сенімсіз, жасанды.
– Көбейгір, шығыңдар бері! Былай, анда, бұрышқа!– Класс тып-тыныш. Тағы да
есік ашылып, бірі – талпақ, бірі – имек екі мұрын көрінді. Терезе жақ шетте
отырған естияр қыз жалт қараған, қаламы түсіп кетті.
– Апай, рұқсат етіңізші?
– Сендер нағып жүрсіңдер? Үлгі көрсеткендерің бе мыналарға? Ұялмайсыңдар
түге!– Екеуі кіріп босағаға тоқтады.
– Мұғалім, мына Кәкімнің аты тулап жығып, өлімнен қалды. Сөйтіп, содан
кешіктік.
– Нағып?
– Қой, Бәйгі таудың бер жағында келе атқанбыз. Дәл аттың аяғының астындағы
іннен үлкендігі түлкідей бір саршұнақ сопаң етіп шыға келді.
– Қа-ап! Иә?
– Кәкімнің мінгені мінезсіз жылқы-ды.
– Иә? Сонан?– Апай беріле, әрі үрейлене тыңдайды.
– Мінезсіз жылқы еді талау келгір.
– Ал?
– Талау кегір, жатып кеп тулады. Тулап жүр, тулап жүр.
– Масқара-ай!
– Тулап-тулап Алтай тауына қарай...
– Алла жығылғырдың малы-ай, иә?
– Алтай тауына қарай шауып ала қайқайды. Мен артынан келем.
– Япыр-ай. Ал?
– Мен артынан қуып келем. Тоқтар деген не болғай, тулап барады, тулап
барады,– Мұғалім таңдайын қағып, басын шайқады.
– Кәкім қайда?
– Қайда-а Кәкім. Алғаш секіргенде-ақ ұшып кеткен!– Класс ду күлді.
– Содан Кәкімді екі шақырымдай жерге сүйретті.– Мұғалім Кәкімге бірден-ақ
аяй, кешіре көз салған. Тізесіндегі сөгіліп, жалпылдап жүрген жамауды көріп, тіпті,
мүсіркеді.
– Алда қара қарын келгір-ай!
– Сөйтіп, апай, бір ажалдан қалдық.
– Белеңі бар ит болды ғой, шамасы. Жарайды, кластарыңа өте қойыңдар.
Ендігәрі мінбеңдер ондай атқа. Масқара ғып...
Екі бала бір-бір жымың етті де, байқатпай, бұрышта тұрған екеудің тоқыр
шекелерінен шертіп-шертіп қап, келесі бөлмеге енді. Қашан үзіліске қоңырау
соғылғанша өстіп кешіккендер келе береді, кіргізе береді. Апай ана екеуін бұрышқа
өзі тұрғызғанын ұмытып:
– Сендер нағып тұрсыңдар? Оңбағандар, отырыңдар,– деді. Бұ кісі, неге екені
белгісіз, қатал мұғалім есептелетін. Ылғи тексеріп, тергеп жатқаны. Өтірік айта
алмайтындарға қиын кісі. Қай кластың оқушысы кешіксе де себебін сұрайтын,
ұрсатын сол. Оның тексеруінен өткендерді Қанағат кіргізе береді. Кәкім мен
Қалқаман кіргенде Қанағат тақтаға әлдене сандарды жазып жатқан, есік жаққа бір
иығының үстінен қарап, сауал тастады:
– Нағып жүрсіңдер, әй, достар?– Тағы да Қалқаман сайрай жөнелді:
– Мұғалім, кешіріңіз. Мына Кәкімнің аты белеңі бар жылқы еді, сол тулап
жығып...– Завшкол әрі қарай тыңдамай қолын бір сілтеді. Үш саусағының басымен
бүріп ұстаған бота құмалағындай бор ағараң етіп, ауаны бір тіліп өтті.
– Таста әрі. Сендер сайтанның өзін құлақтап мінерсіңдер! Аттан жығылушы ма
едіңдер! Отырыңдар!– Екі оқушы экран алдынан өткендей аяқтарының ұшымен,
бүгежеңдей кеп орындарына жайғасты. Сәл бойы үйрене, көңілі орныққан соң
Қалқаман қатар партадағы оң жақ шықшытында айқын қара меңі бар, бидай өңді,
жасы өзі құралыптас қызға назар аударды. Алдымен меңіне, тамағына көз
тоқтатты. Сонсын омырау түймелерін санай тінтіп, жанары төмен құлады. Кең, көк
сәтен көйл