тыр. Биылдыққа көрген егізіміз. Қазір уыз
пісірем. Құтты қонақ келді деген осы.
– Сау бол, шырақ, егізің көбейе берсін! Уыз іштім деп барам.
– Ал, анау да келді, жүріңіз!
Әжімгерей колхоздың қойының егіз туғанына сонша қуанған «келінінен» әзер
құтылды. Өзін таныған жоқ. Түйесін сар желдіріп отырып үйге жеткен. Бір қауым
қонақтың, у-ду әңгіменің қақ ортасына келді.

* * *
– Қайдам,– деген Ғұмар күліп,– алдыңғы жылы Қарашаштың осы қызы бар
ма, он байдан қайтып келмесе мұрнымды кесіп берейін деп отырғаныңызды, Сәке,
Сіз екеуміз естіп ек қой?! Сірә, шеше, алдыңыздағы пышақты бері тастайсыңыз-ау
деймін, Сисекеңнің мұрыны енді біздікі шығар!
Үлкен адамдар қылжақ, әзіл көтеріп жата ма, Сисекең дер-реу ашуланып қалды.
– Мен сенің кімің сонша? Күлкі қылатын құрдасыңмын ба? Мені өтірікші еткің
келе ме? Қасиетсіз неме!– Ағаш қасықтың басындай жұдырығын түйе, оң қарын
серпе созып әкеп... оң жақ тізесінің үстіне қойды, иегі, сақалының ұшына шейін
дірілдеп:
– Қасиетсіз неме!–деп қайталады. Касиетсіз деген сөз Сисенбай лексиконында
бұрын болмайтын. Әжімгерейдің баяғы өзіне айтқаны. Соны қағып-соғып меншігі
ғып алған. Соңғы бір, бір жарым жылда ол осы сөзді талай әңгіменің арасына
қыстырды. Сонда да тозбайды. Бұ кісі – үлкен кісі, өзіне тән, өзі ғана қолданатын
ерек бір сөзі болу керек қой, алпысқа келіп тапқанын қайда тастасын! Әрі...
басындағы ана жұрын-бөркінің тозғанын білсе қалай? «Өй, қасиетсіз неме!» Қандай
дәл, қандай өткір! Бірден айызың қанып жүре береді. Мұны бүкіл «Жаңа өмір»
колхозында ең көп еститін өткен шілдеде асырап алған көк-ала күшігі мен өзінің
кемпірі. Әсіресе кемпір, нағыз қасиетсіз адам: Сисекеңді сыйламайды. О кісі көбіне
шай үстінде, дастарқан басында ойланады. Содан тас-табаққа құйған шайы суып
кетеді. Сондай кезде бар ма? Айтып-ақ тастайды.
– Қасиетсіз-ау, шайың суып қалыпты ғой?
– Құйшы,– дейді кемпірі, кесесін бір бүйіріне жыға сап – кұйшы, өзің қасиетсіз!
Ішпейсің бе, сиырша жеріп, әлдеқандай болмай!– Сисекең одырайған болады:
– Бар, тез, қайта ысытып әкел!
– Иә, ертең кешке... күте тұр. Тіпті,– деп кемпір иіріп отырған жібіндегі қиқым-
түйіртпек бірдеңені тісімен жұлып, түкіріп тастайды да, шүйкесін соза түседі.–
Көрдіңіз бе, сыйламауын?
Сисекең кемпірін бағзы біреулердей ұрсып, ұрып жататын жеңілтек қарт емес.
Айтты ғой сөзін? Аяғына ілінгенді сүйрете, іштеңе ілінбесе – жалаң аяқ (әрине, жаз
күндері) шыға жөнеледі. Өкпелегені. Сыртта да бұл сөзді еститін жан иесі бар. Ол
көк-ала күшік. Қанша айтсаң – айта бер, көтереді. Өй, қасиетсіз неме!– десе,
құйрығын бұлғап тастап, аяғын жалайды. Көзі толы еркелік пен махаббат,
құйрығының шашағынан бастап екі құлағының ұшына шейін сезім, секемсіз сенім.
Сонымен Сисекең қазір Әжімгерейдікінде, Ғұмарға кейіп отыр. Бірақ оның
қабағына қараған ешкім болмады, бәрі бәз қалпында. Әңгіме желісі үзілмеді. Ғұмар
қарқылдап бір күлген де, басқа жайға ауысқан. Үй иесі мынадай сұрақ қойды:
– Дүниеде не болып атыр өзі?– Жұрт бір-біріне қарасты. Манадан бергі сөз
Талжібек жәйі-тін. Одан өңге жаңалық болмаған да құсайды. Бір сәтке тегіс
дағдарысып қалысты. «Дүниеде не болып атыр өзі?» Бәрінен шынымен, қинала
ойланған Сандыбай, мына қыңыр шалмен мәмлеге жаңа келіп отырғанда тағы қай
жағынан шығып кетем деп қыпылдай, жасқана сөз қатты.
– Дыңғызылдың... Дыңғызылдың «Шапай» колхозына Зілмағамбет екінші
басқарма болыпты!
Сисекең селк етті! Кесек, ірі адамдардың ашуының тез тарамайтынын ұмыт
қылған тәрізді.
– Ой, өзі – ол арада жұдырығына тыңқ-тыңқ жөтеліп ап, әңгімеге қайта
араласты,– ой өзі шаруа білгіш, әрі асқан білекті, балуан жігіт деседі ғой,– деп
өзінің қасық сабындай арық, қатқақ білегіне көз тастады. Ғұмар қулана шұлғыды:
– Сисекең дәл айтады. Әлгі Көктатырдағы кісі өлтіретін Батырашты қамшымен
бір тартқанда құдыққа құлатыпты.
– Сабазың деші! Анау жеңіне жасырған қаруын жұмсауға үлгірмепті.
– Тартып жібергенде құдыққа күмп еткізіпті.
– Келе бурасының жонын қуалай, дойырмен осып жібергенде, қабырғасын
қақыратып салатын көрінеді!
– Ол енді кішкене...– деп күмілжіді Сатым.
– Әйтеуір, қайратты кісі.
– Иә, кішіпейіл, жұртты өзімен тең ұстайды.
– Ырқ-ырқ күледі де отырады.
– Әңгімесі қандай! Соны сөйтіп кеп жіберген заманда,– деп бір ақтарғанда түбін
түсіреді. Қолы жомарт, жолы ашық.
– Аззамат!– деді Сақал-Сатым, әлденеге айызы қанып.– Жігіт деп соны айтады.
Аззамат!
Зілмағамбетке айтылған соңғы мақтау осы болды. Қауқылдасып отырғандар бір
сәт тына қалды. Төбеде көктемгі әлжуаз шыбынның ыңылы естіледі. Кішкене
Жамал даладан шәңгірлей кірді.
– Қой қоңырда жайылып атыр!
Сүр иісі есік ашылғанда тіпті бұрқырап кетті. Әңгіме айтатын-ақ кез. Сандыбай
Сисенбайға, Сисенбай Сатымға, Сатым төмен қарады. Айтуға татитын тағы не бар
еді?! «Дүниеде не болып атыр?» Әлемнің әңгіме болмаған бұрышы қайсы?
Сандыбай сәл қозғалып қойған, Сисенбай жалт қарады, көзінде үміт: бір әңгімені
бастап кетерде Сәкең өстіп қозғалып алатын.
– Біздің Бекең,– деді Сандыбай әлгідегід