Саусағының ұшын, не башайын қимылдатар шама жоқ. Құрдасы дігір салады.
Түсінде содан мықтап қорқады екен дейді.
– «Тұрсаңшы енді! Қартаяйын дегенсің бе? Мынау Рауханжанға тиген оқ, мә, ал!
Байқа, ауыр! Қартайғаннан бар-ау, Әжімгерей, өлген артық! Нанбасаң».. Бұ
сөздерді тым қатты айтты. Әжекең көзін ашып ап, тың тыңдады. Куантайдың
даусынан айнала – шеген қыстаудың бұрыш-бұрышы жаңғырығып, жаңағы сөзді
қайталап тұрған тәрізденді: «қартайғаннан өлген артық. Нанбасаң? Нанба-саң өл-
ген ар-ртыққ». Тұла бойы мұздап кетті. Тұра сап киініп, дастарқанға еңкейген. Бір
тас-аяқты әрең түгесті. «Ә-әй, қайдам. Өзің өліп алғасын, оттай бересің ғой сен!»
деп күбірледі.
Түйесіне киіз салдырып мініп, Ашақ асқан-ды. Жағыпарға да қара шағырдан
Қуантайдікіндей ғып бейіт тұрғызылған. Қара інгеннің үстінен қауымды айналып,
қадағалап шықты. Тым-тырыс. Түскен де, дұға еткен де жоқ. Одан күннің тура
батыс-арқасына, Қошалақтың тауына тартты. «Бұзау өлген» қызылына шыға беріп,
бұйдасын іріккен: Қайда барады? Мақсатты жүріс пе? Әлде бет алды құла дүз, бас
ауған жаққа аяқ еретін бос қаңғырыс па? Қарт бір сәт осыны таразылап көргенде
мына сапарының әлгі екеудің соңғысы екеніне көз жеткізді. Бірақ қайткен күнде де
көліктен түскісі келмеді. Ойлап-ойлап Қошалаққа, Идаяттың желкесінен бір иіскеп
оралмаққа бекінген. Онысынан келесі минутта-ақ айнып қалды: сабағын оқысын,
көкесін көрсе үй сағынуы мүмкін. Әрі көп жер. Мал жоғалтқан кісіше алақанын
күнқағар ғып, төңіректі түгел шалды. Өзі тұрған шағылдың құбыла, жығылар
бауырында бір топ сиыр жүр. Шоқалды, бұтанақты алқаптан арқа, сауырлары
қызарады. Мезгіл-мезгіл шипандағанда ғана құйрықтарының сарықұла шашақтары
күн көзінде жылт-жылт шалынады. Оған қарсы, арқа бетте, Ұлмекен қыстауының
бергі алдындағы сораңда жалғыз түйе жайылады. Әжекең жанарын енді соған
қадады. Өркеші жапырық па, алмас па? Бір қараса – алмас, екіншіде – жапырық –
алмас, алмас – жапырық. Көзі түйіліп кеткесін тас қып, жұма қойған: алдында ақ,
қара, қоңыр түсті сансыз дөңгелектер жүзіп кетті. Кірпіктерін қайта ашып алды.
Ақсордың арғы жағасындағы кішкене, қырбық жыңғылдарға назар аударды:
арасында әлденелер қыбыр-қыбыр қозғалады. Бірақ не екенін айыра алмады. Бірер
сәттен соң қара інгенді қыңқ еткізіп борбайын орай қамшымен бір салып, жұтпа
құмға бұттата, шағылдан желіп түсті.
Кім де болса кісі көргісі, әйтеуір біреумен тілдескісі келді. Қайда, кімге соғарын
өзі білмейді. Осындайда ой бөлісер, шектің қырындысына шейін сыпырып, бір
әңгімелесетін адам аңсайтын сықылды. Бұл өңірде кім бар еді?! Алдымен, неге екені
беймәлім, ойына Қарашаш оралды. Өзі сәскелікке, Көкжал сорына бағыттаған.
Қарашаш үйі қамшылар жағында, жолдан аз-ақ бұру. Көңілі мұңды, көрпесі кірлі
жан – сөз ұғынар болар. Түйесін солай бұра берді де, қайтадан, бағытын түзей
қойды: азаматқа қанша қосқанмен Қарашаштың заты әйел – болмас. Сандыбай ше?
Жоқ, оны өткенде «өсекшісің» деп, өкпелетіп жіберген. Нақ осы мезетте Ашақ
бейітінің аяқ жағымен өтіп бара жатыр еді, өңгелерімен салыстырғанда жаңа,
шөмеле сын-ды көлеңкесімен қарауытқан екі шағыр молаға назары еріксіз ауды.
Олар да бұған өкпелеп, қоңырая, бүк түсіп, үнсіз қалған сияқты. Баратын, шын
түсінісетін кісілерінің тап сол екі шөп үйіндінің астында жатқанын бүкіл жұлын-
жүйкесімен сезгенде көзіне жас үйірілді. Көкірегі құлази, өлген анасын жоқтаған
балаша жетімсірей бір күрсінді.
Содан Көкжалдың қоңырына шейін желгіштеді. Жусанды, бұйырғынды
тегістікке құлар жердегі адыраспан төбеге шыға келген, алдында улап-шулап бір
қора қой жатты. Қарт қуанып кетті: қойдың иесі болуы керек қой? Көзімен отардың
о шет, бұ шетін тінтіп, іздей бастады. Сөйткенше болмай, жайылыстың соңғы, арт
жағынан басы бозарып, жаяу біреу көрінді. Түйесінің басын дереу солай бұрды.
Жасы алпыстың мол ішіндегі кемпір, үсті ылас, бөз көйлегінің етек-жеңі сары-ала,
са-ры-ала, тоңғақ. Әжімгерей:
– Амансыз ба, жарқыным?–деп дауыстады.
Кемпір екі қолтығына қысқан екі қозыны тырбаң еткізіп тастай сап, оң тізесін
бүге, сәлем етті. Сонсоң жалма-жан кимешегінің екі жағынан, самайлығынан
бұрқырай төгілген буырыл шашын жасыра, имене тұрып: қозыларды қайта
қолтықтады. Сосын:
– Шүкір Аллаға,– деді.
– Көп жаса, келін, бағар көбейсін!
– Әлей болсын!
Шуын шұбатқан зор қоңыр саулық кемпірдің етегін иіскелеп, қолтығындағыға
ұмтылады, тынымсыз маңырайды. Бұл саулықты нұсқап:
– Егіз туды ма?– деп сұраған. Кемпір жалғыз келіні егіз ұл тапқандай қуанып,
жайнап қалды. Қозылардың бірінен соң бірінің маңдайынан сипап, желкелерінен
қысып-қысып қойды. Сонсоң аузын үңірейтіп күлді.
– Қасиетті адам екенсіз, биылдыққа алған егізіміз еді, үстіне келдіңіз. Үйге жүріп,
уыз ішіңіз, уыз пісіріп берейін.
– Алла разы етсін, сау бол, шырақ.
Қойшы мына сөздерді қарттың келіскеніне жорыды ма, одан сайын көңілденіп,
шешіле жөнелді:
– Төрт дүз саулық бағамыз. Қартымыз, ініңіз екеуміз. Жаңа атпен ана ауылдан
оттық әкелуге кетіп еді. Әне, келе жа