бәрін бүлдіріп қайтқан. Қуанышының түрі: «әйтеуіи сөйлестім». Қызбен
тілдескеніне мәз.
Сейсіметтің хикаяларын тыңдаудан, тіпті, оған кеюден де қажыған-ды. Әскерде
көрген-баққаны өз алдына, былтырғы банды ұстау төңірегіндегі ұлан-асыр әңгімесі
елге біраз ермек боп, әрең басылған. Енді осы қыз айттыру сапары жайлы да өзі
жая ма деп зәресі ұшты. Бұл Мәруәні «талақ еткізіп» алғанына талай рет өкінген.
Осы, торы байтал жоғалмаған күні – ең қатты өкінген күні. Несі бар еді біреудің
намысында! Қыз іздеудің әуре-сарсаңы кезінде тағы бір шындыққа көз жеткізгендей
болған: Сейсімет кім тисе – соны алады. Қазір ойласа, сол ала ма, жоқ па?
Әйткенмен еркекке әйел табылар, әкеге бала қайда? Ғұмақаңа балдызының күні
ертең қалайда әкесін табатын «айыстай-айыстай» азаматтарды шешесінен –
Мәруәдан бөліп ойлай алмайтыны мықтап батты. Енді қайтпек! Сейсімет күйеуінің
көзіне «шөп салған» әйел атаулыға, саналы түрде болмаса да, қыз алып, қыр
көрсетер еркек болмай шықты...
Ғұмар мұның бәрін өз таразысына тарта келгенде, бұ-р-ын, балдызынан бетер
езілетін-ді, енді со бір «опасыз әйелді» – Мәруәні кейде қоса аяйтын болды: шай
пісірім сөйлескенде Қошалақтың кез-келген кәрі қызы тайып шығады. Бәрі әрі сұлу,
әрі есті жігіт іздейді. Себебі, соғыс бітті ғой? Жақсы жігіт көбеймей ме? Талай қыз
ақыры, өстіп, әлдеқайдан топ ете қалатын Төлегендерді күтіп қартайды.
Мәруә олардың қай-қайсысынан да ажарлы, ақылды, баяғыдан бері менсініп,
мүсе тұтып келді-ау, бишара? «Әй, айтамыз-ау, бұл адам дегенге пәлен деп
болмас». Ғұмар соңында, осылай түйді, бұдан қайтып ешкімнің тұрмыс-тіршілігіне
араласпауға, ешкімге айып-кінә тақпауға ішінен ант еткен.
Келесі минутта тағы да айыптай бастады. Кімді айыптайды? Оны өзі де анық
білмейді. Тек, көкірегінің бұру, қараңғы бір түкпірінде дүдәмал сезінеді. Әйтеуір
біреу, тіпті, біреу емес, көп, көп адам кінәлі сияқты. Алдымен өзі, сосын Сейсімет,
Мәруә, Еділхан, ел-жұрт. Бәрі де сол бір оты өшкен бақытсыз ошақ үшін осынша
ұлы қасіретке, енді ойласа, мысқалдап та болса, үлес қосыпты. Соны қынжыла,
қинала мойындаған, оның үстіне анада біреу айтқан мына сөз жадына оралған-ды:
«анық-танығын білмейміз, біз ойнап айтып ек». Бұны ол күліп тұрып, жай, әншейін,
ойын мен шынның ортасындағы бірдеңе ретінде соға салды. Неткен имансыз ауыз
еді! Кенет, шошып кетті. Бұ не өзі? Не істеп қойды? Сонда от басын мұнша ойран
жасаған әңгіменің бос дақпырт, құр даңғыра болғаны ма? Өмірдің өз қиындығы
аздай, адамдар бірін-бірі азаптай түсу мақсатымен жаңадан кесел, дерт ойлап таба
ма? Ғұмақаң өстіп толғанғанда жүрегі мұздап жүре берді. Неге екенін кім біледі,
ішінен Мәруә қылмысының расқа шыққанын қалады. Өзі мойындапты ғой? Бірақ...
келесі сәтте: «Әй, Алла-ай, рас болғай», «Ләйім рас болғай!» деп күбірледі. Сонсоң
ноқта жүгенін алып, үйден шықты, со бойда әлгінің бәрін ұмыт етті, арқа жақтағы
шағыл үрпекте тұсауымен шапшып жайылып тұрған атына қарай жөнелді.
8
Әлдебіреудің неге болсын беріле, құлай, ессіз иланғанын көргенде қарт өзін,
кемінде ширек ғасырға, жас сезінетін. Бұ жолы дағдысынан да аса көңілденді.
Қараптан қарап қунап, тыңайып сала берді, қуантқан Темірәлінің хаты емес,
ішіндегі мына бір сөздер-тін: «...әділет табам, қалай да табам. Ол бар. Сізге, Сіз
сықылды басқаларға қарап һәм етем. Табатыныма анық көзім жетеді. Әкесін
танытып тұрып, іздеймін». Осы жерін қайта-қайта оқытты. Мәз боп, сүйсініп, тіпті,
масайрап тыңдады. Ішінен Темақаңды мақтайтын, сол секундтегі ой-сезімнің үстінен
дәл түсетін, бәрін бір-ақ тұжыратын өткір, бірден өңменге өтетін жалғыз сөз
іздеген, таппады. Жанарынан, ешқайда соқпай, тура мұртына кұлаған көз жасының
тамшысын жалап алды. Тәтті сияқты. Әлде... іздеген сөзі осы ма? Өстіп, өз-өзінен
ери, балқи отырып: «Жігіт!» деді. Тағы бір қайталады: «Жігіт!»
Қуаныштан ғұмыры қысқа не бар дейсіз, артынша, ойы басқа жайға ауып, тағы
да кейіс тапты.
Әжімгерей, Сейсімет сияқты әруақ, шайтан, жын-жыбырдан қорыққанда ғана
өліні, ата-бабаны еске алатын жайдақ жан емес-ті. Ол моланы әруақ үшін
сыйламайды, соның астында дене, бір кезде өзі сияқты адамның жатқанына бола
қадірлейді, елеп, ескереді. Бұрын ондайы жоқ еді, Қуантай қайтқалы сырт қараған
кісіге, діндар, дұғашыл боп алды. Ең азы айына, әйтпесе жұмасына бір мәрте
Ашаққа соғып тұруды міндет, парызы санайтын. Әрбір қартайған кісінің
ойлайтыны өлім ғой, содан ба, әйтеуір соңғы әзірде қауым басына, әсіресе, барғыш
боп кетті. Жағыпар мен Қуантай бейітіне күні кеше ниет еткен-ді, бүгін тағы көріп
келді. Мұнша жиілетуіне себеп: осы, өткен түндегі түсі. Бұ қарт түске сенбейді,
дегенмен.
Әжекең түсінде де ұйықтап жатқан. Қуантай кіріп келіпті. Қойғанда үш жерінен
өз қолымен буған кебінінің бір-ақ буымы, беліндегісі ғана бар, қалған байлау-
жіптерді марқұм шумақтап-шумақтап, оң жақ қарына іліп алыпты. Бұл түсінде ояна
келсе... түсінде көзін уқалап, қайта қарады: Қуантай, кәдімгі Қуантай бетіне төніп
тұр...
– Оян, неңе