едірейген көк бешпетті киіп, омырауына қос бірдей медалін тағып барғанда,
Сейсіметтің өз ойынша, олар да ұнатқан тәрізденеді. Бос дәменің керегі не! Сейсімет
сол баяғы Сейсімет қалпында. Оның қызбен қалай сөйлескенін сөзбе-сөз жазып
алған ешкім жоқ. Екі жанның арасындағы махаббат сырын жасырынып тыңдайтын
сұғанақ-құлақтың қажеті өтпейді. Сейсімет соңғы, үшінші қызбен қалай сөйлескенін
(шамасы, ең тапқыр, ең құндысы сол санаса керек) жездесіне өзі айтып келді. Ғұмар
қазық басынан қарсы алған. Азаматын аттан түсіріп, көзіне үңілді. Анау үндемеді.
Алдыңғы екі қыздан қайтқанында балдызы сұратпай-ақ, таңдайын тық еткізген де,
етігінің қонышын қамшымен бір салып, үйге кірген. Бұ жолы олай болмады. Әрі
көңілді көрінді. Ғұмар кәдімгідей үміттеніп, сабырсыздана сұрақ қойды, балдызы
жауап бергенше демін ала алмады.
– Иә? Не болды? Көрістің бе?
Сейсімет жымия білмейтін, қарқылдап тұрып күлетін. Не болмаса... не болмаса
күлмейтін. Осы жолы жымиып қойды. Әп-әсем, тәтті жымиды. Сонсоң жездесінің
өкпесін солқытып арқасынан қақты.
– Көйістім! Сөйлестім!
– Не деді? Көндірдің бе?
– Қыз қайда байады, жігіт айтып тұйғанда!
– Алла,– жездесі күрсініп жіберді,– Алла бергеніңе шүкір!– Ғұмар үйге қарай
аяңдаған, анау қолынан ұстап тоқтатты.
– Кейемет, кейемет қыз!
– Мұрат бар ма екен үйінде?
– Бай.
– Ал? Көрген-баққаныңды қалдырмай сөйле.– Екеуі ат қазықтан аулағырақ,
теңкиіп буылған қоңыр үзіктің үстіне барып отырды.
– Ата-бабаның айуағына сиынып, әссалаумағаләйкум деп киіп байдым,
тайынсын ба, Айыстанов, екі меделім би-биіне тиіп кетіп, сыңғи ете қалды.
– Меделіңді қоя тұр. Сосын?
– Мұйат бишайа ұшып түйегеп...
– Оны айттың.
– Мұйат бишайа ұшып түйегеп, уықтың қайына соғатын биік жүктің айасынан
жап-жаңа сайы-ала көйпені...
– Көрпені қой, басқасын сөйле.
– Жап-жаңа сайы-ала көйпені суыйып кеп алды.
– Жарайды, жарайды! Тұқ етерін айт!
– Суыйып кеп ап, тастай бейді. Айыстанов қойықсын ба, шалжиып отиып алды.
Отиа бейгенде меделдейім тағы да...
– Жарайды, жарайды! Тұқ етерін айт!
– Тұқ етейін айтсам, содан Айыстанов шалжиып оти. Кемпиі самауйын салды.
– Ішкен-жегеніңді қоя тұр!
– Қойсам, кемпиі шайды ә дегенше қайнатып әкелді. Самауйын бұйқылдағанда
қақпағын атып-атып жібейді. Айыстанов...
– Сейсімет, күн әлі салқын. Сен шайдан қызға жеткенше мен қатып өлермін.
Үйге кірейік. Апаңа төсек салдырып алайын. Мынауың жатып тыңдайтын әңгіме
екен,– деп Ғұмар үйге беттеген. Екеуі төрге тізелесе кеп жайғасты. Батар күннің
соңғы сәулесі терезенің сыңар жақтауында ғана-тын. Бұрыш-бұрыш қоңырайып,
шегініп бара жатқан.
– Шалжиып отиды. Ойтаншы қызы көк-ала мамық жастықты айтыма әкеп
қомпита қойды. Дастайханды кіші қызы жайды. Үлкен қызы шай құйды. Кемпи
сүтін салды. Сиескен сайы қаймақты омиып, шұбай қасықтың қиымен...
– Қысқарта сөйле, апаң келіп қалады.
– Қысқайтсам, шұбай қасықтың қиымен қалың қаймақты омиып жібейгенде
аяқтағы сүт шайқалды. Кесемді Мұйаттың өзі әпеймек боп ұмтылды, мен күйеу
әдебін сақтап, өзім алдым. Үлкен қыздың білегіне көзім түсіп кетті, әппақ, жұп-
жұми. Көйлегінің жеңі кейемет кең, шайды ұсына бейгенде жеңі кейін ысыйылып
жөнелді, шынтағына шейін аңғайып қалдым. Айыстанов...
– Сорлы-ай, әбден сорың қайнаған екен ғой!
– Аа-а? Сайы самауйын жайқияп тұй. Ойтаншы қыз бен кіші қыз кемпи-шалдың
ойтасында оти. Көздейі қап-қайа. Беттейіне қайасаң болды, күліп қоя бейеді.
Айыстанов неден қойықсын, сайы майды ыстық нанның үстіне жал-жал етіп үйіп,
аузыма апайа бейгенде май жылп етіп дастайханға түсіп кетті. Кіші қыз ал күлсін
кеп, ал күлсін. Қайашаштың інісі емеспін бе, қақпағын би-ақ қайидым:
– Қайқылдамайық, қайындас, қайқылдамайық!– дедім.
– О, Құдай төбеңнен ұрсын сенің!
Сейсіметтің қуанышы мен реніші тез алмасып отыратын. Реніш кімге де болса
ақыл енгізеді ғой, қайғырған сәттерінде бұ да адам сияқты. Ал, енді сәл қуанса бар,
ма, есінен айырылады. Не айтып, не қойғанын өзі білмейді. Қазір есіп отыр.
Жездесінің шыдамы мана біткен. Балдызында әлде нендей бір жел бар екенін сезді.
Сезген сайын үміттене, ынтыға түсті. Берген сұрақтарының Сейсімет бірін естісе,
бірін естімейді.
– Шай ішіп болысымен үлкен қыз шелегін салдилатып құдыққа жөнелді. Мен
қош айтып, атыма міндім де айтынан байдым...
– Е, соныңды айтшы.– Анау «Сейсімет желігінің түйіні осы арада шығар» деген
оймен ентелеп қалған.
– Келсем қыз екі шелекті суға толтыйып, иін-ағашына салып ати екен, мені
көйгенде...
– Иә? Жылап жіберді ме?
– Жоқ, күлді.
– Ха-ха-қа, біз де күлейік, содан?
– Содан, не басыңды ауытайын, шай пісиім сөйлестік.
– Не айттыңдар сонда?
– Саған айтуға болмайды, секиет.
– Өй, секиетіңнің ішін! Қыз тиетін болды ма, жоқ па! Бізге секиет емес, келін,
саған қатын керек.
– Сөйлестім әйтеуи.
Сейсіметтің күн ұзынғы көпіру, тасуының соңғы тамшысы жан көрмеген
құрдым-құмға сіңіп жоғалды. Шаңырақтай-шаңырақтай боп шатынап келген
көбіктері шындық, болмыс атты жартасқа соғылып, күл-пәресі шықты. Ет пісірімге
созы