таңбасы бар торы жабағы-тай құдыққа таяй бере, әлденеден үркіп, шауып қабаққа
шықты. Құйрығын шаншып ап, қадаң-қадаң етеді. Қарындары жер сызған екі-үш
буаз бие судан бірер жұтып, астаудың ернеуіне жақтарын үйкей, қасынып жатты.
Торы ала аяқ айғыр кейінірек келген. Суға назар салмады, бірден шетірек тұрған
торы биені айналсоқтады, биенің майда шоқтығынан иіскеп-иіскеп қойып,
оқыранып қалды. Анау құлағын жымитты, іле ұмтылып, айғырдың желкесінен
қарш-қарш тістеп алды. Сонсоң бүйіріне қарады; Ішімді көрмейсің бе, ақымақ-ау
дегені тәрізді. Ғұмар қауғаны ала жүгірді:
– Әй, һәй, талау келгір!– Торы ала аяқ айғыр әудем жер желіп барып, артына
көз тастады. «Қудың ба? Көрерміз». Кенет, жалын желп еткізіп, тастап жіберді.
Жерден бір тал шөп тістеп, басын көтерді. Сол-ақ еді, сипақтап торы байтал келді.
Кертіп күзелген құйрығын шипай-шипай салған. Торы айғыр мойнын төмен төсеп
тастап, бір қайырды. Құбыла жақтағы қоңыр қабақтан түсе бере жеткен...
байталдың бір шөкім жал-қылы тісінде кетті. Сәлден соң сылбырай аяңдап,
астауға кеп, аузын шайды. Торы байтал құйрығы шолтаң қағып, өріске
бағыттады...
Күн батыс жақтағы шағырлы үрпектен Сейсімет түсіп келеді. Тақымында
құрығы, екі тізесі аттың мойнын қағады. Анадай жерден айқайлайды. Жүзінде
реніш, аузы толған уәйім. Сөйтсе, таң атқалы шағыл кезген көрінеді. Ашақ,
Несібелі, Тоғызқұдық, Ерназар. Көлікке ауыр, мимырт құм. Тоқымының шет-
шетіне ақ, тұзды көбік қатыпты. Терлеуін – аты, жүруін – өзі жүрген секілді:
жіліншігін ұстап зар қақсайды. Торы байталды іздепті. Үйірінен бөлек, жалғыз өзі.
– Қайдағы, қайдағы! Мен қолымды күйдиіп алатын күні табиаланған тай бай
ғой, сол.
Ғұмардың балдызын біраз тәлкек еткісі бар. Өп-өтірік, қайғырады, өп-өтірік
сұрақ қояды. Торы байталмен бірге Сейсімет неге жоғалмайды? «Неге
жоғалмадың, әй?!»
Сонсоң шеген суының сарғайғанын сөз етіп кетті. Күнде мал суғарылып тұрған
құдықтың ескірмейтінін, өзінің жиырма бес жыл жылқы бағып, қауға тартқанымен
қоса, сонымен дәлелдей, шай пісірім сөйледі.
– Сап-сары ма?
– Дәл солай,– деп қостады Сейсімет.
– Шайтан сиген!
– Кетші әй,– деп шошынды анау, сосын жалма-жан жаңа, суға малған алақанын
күн қабақтағы ақ суылдақпен сүртіп-сүртіп тастады.
– Иә, осы бүгін көзім жетті. Қырсық бары рас. Торы байтал анау, құдық мынау.
Бізден басқа кімнің байталы жоғалып, құдығына шайтан сиіп жатыр? Сенің үй-ішің
де анадай,–деп барып, Ғұмар тілін тістей қойды. Байғұстың әйел-баласын есіне
салмауға тырысатын. Сейсімет күрсініп жіберді. Сосын танауы жыбырлап, иегі
дірілдеді. Тостақан су сиярдай желкесін беріп, сырт айналды. Ғұмар әңгімені басқа
жаққа бұруға асықты. Қауғасын тастай сап, судың әлі салқындығына қарамастан,
беті-қолын жуды. Қапелімде аузына сөз түспей қиналды. Тұрып қалса шірітіп
жібереді – астауды төңкере салды, су құм-топыраққа сол заматында-ақ сіңіп, жоқ
болды. Бәрін балдызының назарын аудару үшін істеген. Жоп-жорта жөтелді.
Анау қарар емес.
– Көктем келді-ау шынымен, боз торғай шырылдайды, естисің бе?– деді. Ғұмар
өз тапқырлығына ішінен өзі күлді. Кенет, қуанып кетті:
– Айтпақшы, бүгін торы байтал,– торы байталдың жаңа ғана жоғалған мал
екенін ұмытып – торы байтал айғырдан шықты.
Өстіп, құмның екі аңқауы ұсақ-түйекті талғажау ғып, жоқтан өзгемен бірін-бірі
алдағанына мәз, күн өткізіп жатты. Ал, соның ертесіне Сейсімет әкесі Арыстан
марқұмның моласына барып, дұға етіп қайтқан.
* * *
Сейсімет жездесі мен екеуі жылқы бағады. Жоғын бірге іздейді, өріс бір, құдық
бір. Тұсында шолақ, төрт өрме қамшы ілулі тұрады. Үй оңашаланса болды,
ордаңдап барып қолына соны алады. Күнде ұстап жүрген нәрсесін жаңа көргендей
аялап, тінте қарайды. Бүлдіргесін екі саусағына (білегіне сыймайды) орап ап, қашан
көрсең, селтеңдетеді де отырады. Сол шыбыртқыға шығарған бір ауыз өлең бар.
Онысын, бүкіл қазақ күйлерінен әлдеқалай құлағында қалған «Соқыр Есжанның»
сұлбасына салады. Мәселен былай:
Қадижанның қамшысы,
Қадижанның қамшысы.
Қ-қа-дижанның қамшысы
Қа-ди-жан-ның қам-шы-сы-ыы.
Осылай қайталана береді.
Алғашқы жолдарын ешқашан бұзған, бүлдірген емес. Даусы да анық, таза
шығады. Гәп – кейінгі жолда. Оған келгенде тамағына тас тығылады, үні
шұбарытып, әлем-тапырақ боп кетеді. Ақыр соңында үн, сөз түгел бітіп, қимыл
ғана қалады: қамшыны безеген сайын топшысы шолтаңдайды.
Сейсімет әліне қарамай намысшыл жан. Бұл қасіретіне намысынан кейінгі
айыпкер – Ғұмар еді. Бірақ өзі олай ойламайды. Жездесі қараптан-қарап
қуыстанып біткен. Жас адам ғой, ұмытар, басқа біреуге алданар, алдандырармын
деген-ді. Осы өлкеден талай қызға құда түсті. Қазақ жолын ұстап, алдымен ата-
анасына тілек етеді. Сонсоң қызбен келіскен сияқтанады, Ғұмар-құда үйге әндетіп
қайтқан күннің ертеңіне бәрі сүттей іриді. Өйткені, Сейсіметтің өзі барады. Күйеу
кісі қызды көрмей қалай алмақ? Ол да ата-анаға, сосын қызға жолығады. Сейсімет
нысанадағы үш қыздың да әке-шешесіне ұнап шықты. Әт-тең, қыздар. Екі иығы