қақсап жүрді. Сөйтіп, Бекеңе өз атын өз қолымен ерттеп берді, өз қолымен мінгізді,
Анау ерге шай пісірім ұмтылып, әрең шықты: Темақаңның төл аты Ықыласовқа
тым биік, ірі еді. Жайғасып отырып, етек-жеңін жиған соң.
– Сағын, сен ренжіме атыңды аударып алғаныма, жассың ғой, әлі талайын
мінерсің,– деп жұбатқан.
– Жо-оқ, Беке, құтты болсын! Өзі Темірәлі мен менен гөрі Сізге жарасады екен!–
деп сүйсінген болды. Әлі де үміттенген, әлі де болса ананың бишаралығынан
дәметкен. Ат па? Жылқы көп, кез келгенін ұстап мінсең – ат. Темірәлінің мінгенін
тапқанмен, жұмысын тауып жарытпас. Қоқырая берсін! Қанша қоқиғанмен бәрібір,
осы колхозды билейтін мен – өзім, қайда барады деген. Есебінше, Бекең мұның
айтқанын орындаушы ғана болуға тиіс-ті. Мезгіл өткен сайын ол ойының іске
аспайтынына көз жеткізіп келеді. Әсіресе, әнеугі сағат алып, газетке аты-жөні
жазылғалы өзімен-өзі, мүлде тасып кетті. Бұрын мұның сөзін қостауға асығатын-
ды, қазір: «ол енді былай ғой» деп ыңыранатынды шығарды. Бірде отырып:
«басқарма деу дұрыс емес, орысша алғанда не руководи екен, председатель атау
керек, казит солай жазады, ол жолдастар біледі»,– деп қойды. Сағынай мырс еткен.
Бекеңнің о тілегін, алдымен, қабылдаған әйелі, кәдімгі Ықыласовтың үйіндегі
жеңгей: «Әлгі біздің пырсылдатыл», «пырсылдатылдың өзі», «жарайды,
пырсылдатылға айтып көрейін». Бұл әңгіме сол күні-ақ, құмда өсек жатқан ба,
бүкіл Қошалаққа жайылды. Қырдың сайқымазақтары сан-саққа жүгіртіп, іліп-
қағып әкетті. Әйелдер күйеуін, еркектер әйелін, аң қақпайтын жалқау тазысын:
«біздің әлгі пырсылдатыл» деп күлкі жасады. Сағынай мұның бәрін естіп, біліп
жүр. Қарсы шығып та көрді: «Қойыңыздар, өсек бос әңгіме не керек, жеңгеймен
ойнайтын әлдекімнің шығарып жүргені де әйтпесе»... Онысына ешкім құлақ аспады.
Бұған керегі де сол, іле өзі қосыла күлетін болды. Бірақ өз аузымен ештеңе
таратпайды. Әт-те-ең, Бекесінің жұрт білмейтін неше түрлі қызықтарын айтып,
ақтарып-ақ берер еді, сақтығы жібермейді. Өйткені, басқармамен қырғи-қабақ боп
көріну – халық алдындағы өз беделіне, өз айбынына нұқсан санайды. Кім қалай
түсінерін қайдан біледі? Өстіп, үн-түн жоқ, Ыбырайдың жұртқа бермегенін беріп,
істемегенін істеп жүргісі бар. Тірлігінің ұсақ екенін сезеді. Тірліктің өзі де – ұсақ
қой, сондықтан тірнектеп, теріп жинайды. Көпшілік ұнатқанын ескі кездегіше ақ
киізге көтеріп, хан сайлай алмайтынын біледі. Дегенмен... «халық алдында
беделді». «Жаңаөмір» колхозына әкім қойылса – осы сөздер, әйтеуір, бір
қолданылады. Кімді «халық алдында беделді» ету – ауданның қолында. Аудандық
партия комитетінде бұнымен аман-сауы түзу кісілер жоқ емес. Анада біреуі өкіл
боп келіп қайтты. Баяғыда сүйегі қураған «Көк ісекті» соям деп әрі-бері ойланып,
ақыры соймай (өкілден қайыр бола ма, жоқ па, бәлкім, бүгін-ертең басқа жұмысқа
ауысатын қу шығар?) жіберген. Тағы да ойға шомады. Неткен алымды, еңбекқор
жандар?! Саудыраған үш сүйек – үш қарт. Қой қиын оюшылар. Қиынды тиынға
санап тұрған жоқ. Өз шаруасындай қам жейді. Сөздері қандай тың, сау! Әзіл,
қалжың. Қайсысы жетісіп жүр? Ылғи кем-тар, кәрі-құртаң, қатын-қалаш. Мұның
күрек апарғанына қанша қуанды? Мұндай адамдарды тілін тауып жұмсасаң – тау
қопарар. Көз алдына солар, со сықылдылардың тұрмысы елестегенде манадан бері
ойлаған өз ойынан өзі ұялды. Бірақ бір сәтке ғана. Келесі минутте қайтадан толғап
кеп, әнеугі өкіл енді бір соқса мал соярмын деп қорытты.
Қыр топырағына бірде-бір бомба құламады. Не қашанғы манаураған ұлы
тыныштығын бұза, шыңғырып ұшқан жалғыз оқ жоқ. Бірақ, сол соғыс жасаған
рухани мүгедектер де аз емес-ті. Соның бірі – Сағынай: «Тшу, ей!» Атын сипай
қамшылап, сүт пісірімнен соң саңырау қатынның қазығына тоқтаған...
7
Дәл сол күні тағы бір оқиға шиеленісті. Ол мынадан басталған: Ғұмар брезент
қауғаны суға батырып жіберіп, екі алақанына түкірді. Сосын сол аяғын ілгері,
құдықтың жиегіне қойып, тартып алды: қауғасап майсаң-майсаң етті. Брезент
қауғаны астаудың жиегіне мықшия көтеріп, әрең апарды. Су сарғыш, көне көрінді.
Құдықтың түбіне үңілді: қоп-қоңыр. Шегеннің суы қашан да солай. Астауға,
шелекке құйсаң аппақ, кәдімгі мөлдір су боп шыға келетін. Сарғайған несі? Не
болды? Астаудан қос алақан су алып, иіскеп қарады, ұрттап байқады. Иіс, дәм жоқ.
Тағы екі қауға құйғанда астаудың арғы басынан сыр-сыр төгіле бастады. Астауға
қайта төнді. Сарғыш. Апанның суы сияқты. Ауыл қарттары: «Иәһ, рәббім,
жазғытұрым қанша қу, өлі шөп те өзіне сәйкес бояуын шығарар болар» деп қойып,
ыс-пыс ет шайнағанда иектері мұрындарына соға жаздайды. Ғұмар талайын келеке
қылған:
– Уау, Отағасылар-ау, Құдайдан осынша ақыл мен әулиелік алғанша, тозбайтын,
түспейтін он шақты тіс алмадыңдар ма? Ет жеуге ең қажет заттарыңды
білмейсіңдер!
Өткен күзде ғана салынған шеген. Соңғы екі жылда көктемеген шағыр мен
жыңғылды араластыра таңдап шаптырып, өз қолымен түйген.
Там-тұмдап жылқы келе бастады. Суға аңқасы құрыған ешқайсы көрінбейді,
астауға үрке, жатырқай жақындайды. М