жатты.
– Іммі – деді үшінші қатардан бір келіншек жанындағының құлағына ернін
тақап – іммі, бала жылап атыр екен, омырауым иіп кетті – Сонсоң маңайына
қымсына көз тастады: біреу-міреу естіп қалмады ма? Әр топ өзімен-өзі. Бірінің
сыбырын екіншісінің күбірі мен күлкісі көміп, ештеңе айыртпайды.
– Қағыңғыр, оянса ғой сиіп қояды?– деді бір әйел.
– Енең бар емес пе, тоспай ма?
– Қойшы со кемпірді. Біздің көзімізше ғана әйнәләйін деген болмаса, бітіретіні
шамалы. Жас иіс деп зар қақсаған кәріден без, шылғи өтірік, бөтен біреудің
алдында ғана бауырлары жидиді. Жайшылықта тыржыңдап шыға келіседі. –
Келіншек үйде қалған енесін біраз жерге апарып үлгірген.
– Жамбыл мен Айкүмістің айтысы. Орындайтындар артистка Сәукеле Сәмбетова
мен Сәттар Сисемалиев! – Сахна төрінен ашық есіктен қолында үкілі домбыра,
басында қазақы жапырық бөрік, белін қызыл матамен буған «Жамбыл» айқайды
сала, жұлынып енді. Қимылы қандай ширақ болса, үні сондай екпінді, ашық, күшті.
Төбесіне тарғақтың қауырсынын қадап, Айкүміс боп селтие қойған манағы сары
қызды жымырып әкетіп барады. Ілкі «аа-аа-қой» деп шырқап жібергенде-ақ
көпшілік тына қалған. Жігіт домбырасын басынан асыра былғап-былғап тастап,
төгіп ала қайқайды:
– Ауылым жайлап отыр Көксеңгірді ай,
Көз салып сіздің жаққа еңсем құрды ай,
Қолыма бір ұстатсаң түсінер ең
Томпайған төсіңдегі-ай, оһе ей, өртеңгірді-ай, аауу.
Осылай аспандап бір тоқтаған. Әрі қарай домбырасын безілдетіп, сәл тыныс
алды да, қайта, әлгіден гөрі де батылырақ шырқап кетті. Жамбыл-Сәттар залды
дүр сілкіндірді.
– Ойбай-ай, мына жер жұтқыр көмді ау!– деді бір әйел.
– Тек, олай деме, ол Жамбыл ғой,– деді екіншісі. Жаңағы, кіргендегі
нығыздығының қайда ұшқаны белгісіз, бұж қара отыра алмайды! Дембіл-дембіл
атып-атып түрегеледі.ү
– Уай, мына ит не дейді, ай, маладес!
– Төк өлеңді!
– Әй, айтады-ау қасқаң!– Раиисполком хатшысы шетірек отырған қара шалға
мойнын жұрттың үстінен созып, айқай салды:
– Мына ит қалай-қалай сілтейді, ақ сақал, аһ!
– Аззамат,– анау бас-бармағын шошайтты,– азамат!
– Өзі де «құмаршықты» жейді – деді біреу. Қасындағы түсінбей:
– «Құмаршығы» несі? –деп сұрады.
– Ақанды айтам да.
– А-аа. Бір таң айтқызар ма еді, шіркін?
– Несі бар, айтады «Құмаршығың» жетсін!
– Бәләм, бір летір спірт тауып ап қонаққа шақырмасам Әндірейдің ақ шошқасы
боп кетейін!
Серігі пыс-пыс күледі:
– Әндірейдікі болу не абизательно, шошқа болсаң жетпей ме? Шошқаның бәрі
шошқа…
– Тоқта! Тағы бірдеңе айтайын деп атыр.
Айкүміс пен Жамбылдың айтысы біткесін де бүйірі қызған көп Сәттарды
жібергісі келмеді. Қол соғып, еденді тепкілеп отырып алды. Жанындағы Айкүміс-
Сәукелеге бұж қара қолын сермеді.
– Сен, айнам, бара бер! Балаң жылап қалар!– Қасындағы жігіт Сәкеңнің
шынтағынан түртіп, бәсең ғана:
– Баласы түгіл күйеуі де жоқ,– деп ескертті.
– Бәрібір. Бара бер, балақай, бара бер, қош сау тұр!– Қыз сүйретіле басып
шығып кетті. Сахна мен залдың арасы тым жақын, соны пайдаланып, әрі артистерді
өздері күнде көріп жүргендіктен отырғандар алған әсерлерін жасырмайды,
пікірлерін ашық айтады.
– Әттеген-ай, обал болды-ау жап-жас балаға,– деді біреу. Сәкең қайырып
тастады.
– Обал болса отын жақсын! Падумаеш, артистка!
Бұл әнді, күйді қадір тұтатын жұрт еді. Көпшілігі-ақ осы ауданда әжептәуір белі,
беделі бар жандар, солардың үй-іші, жақын-жарандары-тын. Кабинеттерінде бәрі
дерлік үлкен үлкен қызметкер, аға, ақылшы. Бірақ күй шертіліп, ән шырқалған
жерде әншейіндегі сабыр, салмақтан түк қалмайды. Түгел бала боп кетеді.
Елпілдей қостап, екілене қол соғады. Үкімдерін де, жаңағыша табанда шығарады.
Өстіп, әбден делебесі қозып алған қауым село интеллигенттерінен гөрі қуыршақ
театрында отырған пионерлерге көбірек ұқсады.
Сәттар көпшіліктің төртінші өтінішін Мұқиттың «Айнамкөзімен» өтеп, әзер
құтылған соң, сахнаға бес домбырашы, екі мандолшы, скрипкасын иегінің астына
қысқан біреу кеп жайғасты. Зал гу етіп, бір күрсінді:
– Тағы шыңғырлап мазаны алатын болды-ау!
– Е, несі бар? За то оркестр.
– Ой, оркестрің бар босын... өңкей сым ішек.
– Ит жегір, бұларға Құдайдың тегін қойының ішегі бұйырмаған ба?
– Қайтсін енді. Тақ дегесін таққан ғой.
Олар әуелі «Келіншекті», сосын «Адай» мен «Саржайлауды» тартты. Орта
тұстан үш-төрт мұғалім, оркестр атын құрмет тұта, оқығандықтарын жасап, қол
ұрып еді, қалғандары міз бақпады, аналарды жақтырмай, тыржыңдай қарасты.
Біреу тиышы кетіп есік жаққа жалтақтады. Екі-үш адам түрегеп, қалталарынан
шылым суырды. Оркестрді көріне көзге ұнатпай, соған көрсеткен қырлары.
– Әлгі, бала-ау,– деді Сәкең қолтығындағы жігітке,– жаман бала. Сіздің үйдегі
келін домбыра тартады дегесін келіп ем. Құлағымның құрышын бір қандырайын
деп. Күйші болса...– Әдейі кекеп, кежеп сөйлейді.– Еркек кіндіктен білдік қой
талайын. Солардан асса айқайды бір салайын. Өзі қайда?
– Қаншалық екенін қайдам, Сәке,– Жанбота ыңғайсыздана, назарын төмен
жіберді, сонсо