ң,– өзі ме? Иә, осында, анда,– деп, иегін әрі, сахнадан асыра
көтерді,– шақырып қоймағасын келісіп қалып едім. Әйтпесе, әртіс деген ел...
– Нешауа, бала. Қатыныңның артист болғанына не жетсін!
Тағы кекеді. Осы сәтте бір жігіт шығып, Құрманғазының «Кішкентайын» бастай
жөнелді. Оның бар мүддесі – қол жылдамдығын көрсету екенін әккі құлақ бірден
түйді. Пернені қуған саусақтары тұтығып, күйдің көп тұсы, әсіресе, саға жағы
баттың-бұттың боп, берекесіз бітті. Оның үстіне шерткен қолы мен перне басқан
қолы бірі-біріне сай келмей, біріне бірі ілесе алмай рәсуа, домбырасында ішек жоқ,
ұрып отырғаны қу тақтай тәрізденді; ерсі қаққанның белгісі. Күткен әсерін ала
алмаған көпшілік бір сәтке аңтарылып қалды: өстіп те күй тартады екен! Сәлмен
орнынан қарғып тұрды:
– Әй, бала, тоқтай тұршы! Өзің неткен жансың?
– Сахнадағы адамға ұрсуға қандай хақы бар бұ кісінің?– деп күбірледі бір
әйел,– өл де маған, о несі-ай!
– Райисполком болсаң ұрысқанда да...
– Көкірегің сөйлемесе күйді неге бүлдіресің сен? Құрекеңнің күйін?
– Құрекеңді қайтсін бүгінгі жас,– деп күңкілдеді бір қарт.
– ...Қор қылдың ғой әбден. Әй, кім қуып баратыр сені? Соны айтшы? Сол
қуғыншыңның алдын мен-ақ бөгеп берейін!– Бұж қара тығылып қалды. Өз-өзінен
демігіп, тұрып-тұрып, бір кезде.
– Әп-әсем бАлларсыңдар, панимайш,– деп отыра кетті.
О кісінің орысшасы да онша оңды емес-ті. Әйткенмен, кеңсенің, іс қағазының
арқасында өзіне жетерлік «қоры» бар. Панимайш, подумайш, так секілді сөздерін
қайда сыйғызудың жөнін тауып-ақ бағады. Мына араға соның панимайшын
қыстырып кеп жібергенде жарасқаны сондай, басқа ештеңенің қажеті жоқ санап,
айызы қанып қалды. Ал, бұл уақта біреу.
Біреу күйді бұлай тарту жөн емес деп, біреу талаптың тауын шағу жөн емес деп
зал екі-ұдай боп қызарақтасып бара жатқан, манағы қара шал әлденені жұта алмай
отырған кісіше мойнын қылқың-қылқың еткізіп жіберіп:
– Ай, ай, азамат!– қартта көптік жалғауы жоқ боп шықты,– ай, ай, азамат! Мұ
не? Кансерт па, ұрыс па? Қойың, түге, құқымет өзі түзейді. Домбыра да, күй де
соныкі. Болың, Бітің!– деп билік кесті. Домбырашының қашан кеткені белгісіз,
әйтеуір, зал басылып, сахнаға көз тастағанда – ешкім көрінбеді. Тек арқалығына
бір жапырақ қызыл барқыт жабылған жалғыз орындық тұрды.
– Динәнің күйі, Динәнің күйі...– Конферансье аузын басып күліп жіберді, сонсоң
артына, сахнадағы есікке қарады: иінінде қоңыр қарта-мақпал бешпеті, шашақты,
шағын көк-ала орамалды кері байлаған жас келіншек кіре бере іркіліп қалды. Сәкең
тағы даурықты:
– Кел, бала, ұялма! Келе ғой!– Ұялма деген сөз қайрап жіберді ме, келіншек
бірден батылданып, адымдай басып кеп орындыққа жайғасты. Уыздай, сәби жүзіне
бел, мықын бітісі жараспайды: топ-толық. Әйелдер жағы сыбыр-сыбыр.
– Ойбай, мынаусы буаз ғой?
– Динәнің күйі «Әсем қоңыр». Орындайтын Талжібек – конферансье
домбырашының аузына еңкейді, анау басын шайқады да, содан өзі қызарып кетті,–
орындайтын Талжібек… памелиясы жоқ,– деді.
Жұрт ду күлді. Талжібек бір қырын, ешкімнің жүзіне көз тоқтатпастан, оң
иығының үстінен, өзі ғана көретін бір нүктеге қадалып ап, домбыраның бұрауын
түсірді. Екінші қатардан біреу тағы күңкілдеді:
– Ана жақтан дайындалып келмей ме екен, бейшара!
Күйші жалт қараған, жанары әлгі сөзді айтқан адамға тура түсті, содан жүзі
тағы да қызара беріп, іле бозара қойды. Сол жақ езуін сәл қисайта, болар-болмас
күлімсіреген сияқтанды. Кенет, түсін салып, өз-өзінен қатайып, бекіп алды. Сонсоң
баяу, былпыта, бастай берді. Момын, жұп-жұмсақ үн бірден баурап, сүйреп бара
жатты. Құлаққа ұрмайтын алыс, күңгірт күй. Дайын жараның аузын алуға тоңми
ащы тырнаққа ұсамайды. Алыстан, дүмпумен, қайдағы бір қалың жерден
солқылдата, сорып суыратын, бітеу жараны ғана ашуға ылайық лаңды, лепті күш.
Әркімнің-ақ шеменін қозғап, шерін жібітетін тың тосын, әрі таныс, ыстық бірдеңе.
Осы сәт бүкіл клуб күйге айналып, күңіреніп кеткендей болды. Анау тақтай сахна,
қос есік, ескі шегелі орындықтар, аспалы шам, қызыл мата шымылдық, басып
қалсаң қайқаң қағатын, арасы ырсиып-ырсиып кеткен ағаш еден – бәр-бәрі боздап
қоя берді. Әркім есін алдырып, елітіп қалған сияқтанды. Күй астыңғы ішектен
басталған, үстіңгі ішекпен тынды. Домбырашыны тыңдап, домбырашыдан өңге жан
аңғара бермейтін ұсақ ақауға шейін тінтіп, тауып үйренген халық өзі туралы өзі
ойлағанына сай да еді. Ішінде «Әсем қоңырды» естімегені жоқ-ты. Бірақ дәл
мынадайды кім көрген? Күй біткен шақта тыңдаушылар аңқайып, тым-тырыс
қалған, тыныштық толық бір минутке созылғаннан кейін сол жақ шеттен қайыс-
қара-шал бәсең, сенімсіздеу үн қатты:
– Бұл өзі... шынымен «Әсем қоңыр» ма?
Сонда ғана жұрт қол соқты. Бірден дуламады, бірте-бірте көтеріліп, көбейіп
барып, қалың гуілге айналды.
– Әй, шырағдан, мың жаса!– деп айқайлады Сәлмен. Алдында отырған біреу
желкесінен қарап:
– Отағасы, бір нөлін кемітсеңіз қайтеді?– деп кеңес берді. Мұның ішінде де жел
бастау, жас, жігіт-желең мол-ды. Олар да өздеріне тән керітартпа, кесір әзіл-
кылжақтарын қыстыр