Бағымы, күтімі
күйсіз болғаны ма? Бәрін ниет, баптан көретін жеңгесі, қанша ойлап, бұл кетістің
сырын ұға алмады. «Бақтың қайтқаны ғой, қайтқаны». Ішінен осыны қайталай
берді. Әлде... Аштархан жақта бала ұрлайтын бандылар тобы бар деп еді.
– Ойбай-ай, ойбай-ай!
Сырп-сырп жүгіреді. Әлсін-әлсін құбыла-шығыстағы қоңыр қабаққа шығып,
қолын көлегейлейді, әлдеқайда қарайды. Көрінген оқушының әр қайсысын бір
оңашалап:
– Бері геші, садаң кетейін, Идаят садаң кетейін саған іштеңе айтқан жоқ па?– деп
жабысады,– сені дос көруші еді ғой?– Ана бала осы сөздерге мәз боп, кісімсіп
қалады. Әттең, Садықжанов іштеңе айтпады! Айтқанда ғой, шіркін. Басқа
балалардың алдында қандай бедел, қандай қыр! Мектептің маңдай алды
оқушысы, өзі жоғалған бала... әлгі Садықжанов түгеншемен дос екен. Содан
сұраңдар, бәрін сол біледі. Завшколден бастап тырағайлап жүр. Іздегендері
Идаят. Тапса – түгел қуанады. Бала күрсініп жібереді. Жұртты әбігерге салып
қойып, өзің жоғалып кеткенге не жетсін! Амал жоқ, пркәшік-апайдың бетіне
мөлтеңдеп тұрады-тұрады да, танауын жеңіне бір сүйкеп кете барады.
Қырда жан иесінен ең даңқтысы – қасқыр. Оның аяғы, тісі жетпеген түкпір
қалмаған. Қыста, ұсақ мал қораға, пішенге караған айларда қасқыр да ашығатын.
Осындай кезде адамға шабады екен дегенді көп естіген-ді. Қызбаланың көз алдына
сондай көкжалдардың бір тобы жиналып ап, «садаң кетейінді» ырылдаса
қыңсылап, бөлісе алмай жатқан сықылды көрінеді. Ойбай-ай!
Идаяттың аман-сау, үйіне жеткенін міз бақпай, аңырып тыңдады. Қуанған да,
сүйсінген де жоқ. Күн ұзынғы қорқыныш, уәйімі сонша тез жоғалды, тез өшті.
Мелшиіп тұрып алды. Бұл қалай болғаны? Аман барғаны қалай? О несі? дейтін
секілді. Бір кезде ернін сылп еткізіп:
– һімм! һімм!– деді. Өзі-өзінен тығылып, тырсылдап жүріп шай қойды.
Таңертеңнен бергі қорқынышы енді ренішке, өкпеге айналды. О неғылғаны!
Қарашаш дүңк еткізді:
– Әй, қатын К... ауыртып тапқан ұлың емес ол сенің! Қыса ғой. Кісі баласы
кісендесе тұрмас деген! Шәйіңді әкел. Аман, бәрі аман.
– һім! һім!
Көмейіне бірдеңе тұрып қапты, жұтындырмайды. Көзінің жасы төгіліп кеткесін
барып теріс айналды.
– Мен ақымақ... ақымақ!– деп күбірледі.
– Е, хақымақ екеніңді жаңа біліп тұрсың ба?!– Қарашаш күн бата ауылына
жүріп кетті. Қызбала қолтығынан демеп, атына мінгізіп жатып:
– Әжатам маған ренжіп атқан жоқ па?– деп сұрады.
...Ол ерінен он жас кіші еді. Қиғаштың арғы жағасын қоныс еткен ауқатты
біреудің қызы болатын. Он сегіз жасында Темірәліге қашып тиді. Темірәлі жалғыз
жігіт, ол кезде балықшының ішіндегі де бір кедейі-тін. Қайын-жұртқа жақпай-ақ
қойды: олар бірден жек көріп, жауығып қарсылады. Күйеу баланың қолының
күсінен бастап, күлкісіне шейін тыжырынтты. Бәрінен бұрын «бадырақ қараның»
(қайын енесінің берген аты) жарлылығын кешірмеді. Кедей жігітті өзі аз дәулеттің
келер күндергі кесірі ғып көрді. Құдай өлшеп қана берген ырысы бар семьяға ас
ішетін артық ауыз, киім дәме еткен жалаңаш иін сияқтанды. Содан, қараптан қарап
жиырылып, тарылып бітісті.
Темірәлі Қызбаланы алып қашқан жылдың келешегіне Нұржау батағасындағы
балық қабылдау пункітінен екі жүз метрдей күн шығыска таман үй салды. Үй екі
бөлмелі, алдында дәлізі бар, жоқтан тәуір бірдеңе боп қана шықты. Қызын алғалы
қайын-жұртқа аттап баспаған. Жолдас-жора қақсады да жүрді.
– Қазақ ғұрпымен үлкендердің алдынан өт, кит-ситін апарып, баталарын ал, ұят
болады!
Темақаң о қадені қыстауын бітірген соң ғана жасады. Бір жұма жатуға ұйғарып
барған-ды, ертеңіне кері қайтты. Қыз бен күйеу баланы аналар былай қарсылады:
– Мә, бәләм! Қарағым-ай! Қаншық-ай! Жарылған жұмыртқам-ай!– Мұны
айтқанда әкесі қаңылтыр қарашал зың етіп жылап жіберді, каңғалақтай түрегеп,
қызының мойнынан құшты, құлағының сырғалығынан бір сүйіп, төр алдында екі
қабат сәтен көрпенің үстінде көсіліп салып түбіт қылшығын алып отырған ақ
кемпірге бірер рет жаутаң қақты да, қалтыраған тізесін қос қолдай ұстап,
ұлтарақтай ала шыт төсекке құйрығын басты. Қызы шалдың оң қол жағына
жайғасқан. Ішкімнің бетіне қараған жоқ, екі алақанымен жүзін көлегейлеп, өксіп-
өксіп алды. Ақ кемпір шикі қайыстай көгеріп жүре берді:
– Иһа, сіптір қаншық! Кетіп едің ғой қағынып! Көрместей болып! Нағып келдің?
Неге келдің? Ана әкеңді алып кет! Отырысын қарашы езіліп. Бет-аузының
былығуын! Итке жасаған бөкпен құсап!
Дәл осы кезде перде ұстаған түпкі үйдің есігінен жылмиған ақ бауыр қара тазы
кіріп кеп, кемпірдің қолын жалап-жалап қалды.
– Кет! Кет әрі!
Итке емес, өздеріне, Темірәлі екеуіне айтылған сөз тәрізденді. Қызбаланың жаны
ышқынып кетті:
– Құдай-ай, кұдай!– деп таусыла, тарыға күбірледі. Ақ кемпір Дұғай қарттың
есігінен жылай кірген: Е-ее мына қыздарың маған күн бермес, қор етуге әкелдің ғой
мені! Қыздар дегені – екі қыз, үлкені Қызбала, әуелі: «Әй, қыз! Өй, қыз!» кейін
«септір», «Қаншық» атанды. Содан-ақ тумаған шешемен тұз-еңбегі жараспады.
Қырыққа шығып егде енген, қыңыр тоқал ә дегенше үйдің ішін тиып, тұқыртып
әкетті. Қолынан мал табу ғана келетін, зат