де бұған шынымен өкпелегенін сездіріп алды.
Со күні өткен төрт сабақ бойына екеуі, өстіп, бір-біріне жуыса, сіңісе алмай
әжептәуір жатырқасып жүрді. Ал, соның кешіне Қызбала жеңгей құйған шайды іше,
ханжаппайға таласып, тағы да тосыраңдасып тарасқан.
4
Суық. Қаз қатар қойылған арқалықты ағаш орындықтар сықыр қағады.
Бүркеншігіне жез қаптаған темір шегелердің кейі бар, кейі жоқ. Бірақ,
отырғыштардың өне бойы толы шеге екенін отырып байқайсың… Екі есіктің екеуі –
екі қанатта, қажалған, құрғақ топсалары шиқылдап, дамылсыз ашылып жабылады.
Төбеге екі жерден ілінген арзан, бүйірлі ақ люстралар шаң-сүңгі, содан болар,
түскен сәуленің өзі кіржамбыз, күлдібалам. Жұрт еріне, найқала басып кіреді.
Әркім-ақ өзінің нығыздығын қимыл-қозғалысымен көрсетпек тәрізді. Есіктен
жалаңбас кіреді де, құлақшындарының құлағын қайырып, қайта киеді. Әйелдер
ерлерден бөлек, әр қатар, әр жерге топ-топ ұйлығып, сыбырлай күлісіп, жайғасып
жатыр. Түбіт қылшығын алып тоқыған түйе жүн шәлілерін мойындарына
сырғытып, қалталарынан бір-бір жапырақ айна суырады, беттеріне үніліседі. Көз
құйрығындағы әжімдерін уқалайды.
Еркектерден бөркімен енген жалғыз бұж-қара. Ірілігінен әрең енді. Есік көзіне
тұра ғап, байғыздың көзіндей сары-шұбар, сарытарғыл көздерін екі-үш рет
аударып-төңкерді. Қатардың есік жақ шетіне ала отырған бір жігіт ұша түрегелді:
– Ассалаумағалайкум, Сәке! Төрлетіңіз!
– Уай, жаман бала!
Жігіт әлгіні өз орнына жайғастырды да, өзі сол жақ қолтығына кіре, шүңкие
қойды. Отырғандар бұларға қалың киімдерімен қопарыла бұрылып, күбірлесіп
жатты:
– Райисполкомның секретары!
– Тссс-с!
– Тісіңді байқа!
– Бұ кісі нағып келді екен?
– Келмегенде... безплатни ойын көруге еріне ме?!
– Қой дейім. Естіп қалады.
– Ести берсін!
– Аузыңнан арақ исі аңқып тұр ғой, қасқа-ау?
Есікте билет тексеріп тұрған қартаң әйел шаңқ-шаңқ етеді:
– Где твой билет?
– ?
– Ты куда?
– Күй хочу слушать.
– Вот тебе күй. А, ну-ка, уходи от сюдаво!
Біреу тамағын кенеп еді, екі-үшеуі жөтеліп қоя берді. Біреу екі алақанына кезек-
кезек үргіледі. Демінен бу шығады. Суық.
Қыр кісілері аңыз ететін Канішкеннің көп шамды клубы осы. Қызыл-қоңыр
шымылдық сахна еденіне жарты қарыс жетпей тұр. Аржағынан шіңк-шіңк еткен
мандолдың, қой ішекті момын домбыра үндері естіледі. Жұрт көзі алда,
шымылдықта. Биік тақа, қызыл шеблет киген екі аяқ сахнаның бергі шетіне келді де,
қайта кетті. Матаның әр жерін әлде кім мезгіл-мезгіл түртіп-түртіп қарайды. Залдың
суықтығынан ба, жұрт тез тыпыршып, тез қобалжыды:
– Әдірә қағыр, бастайтын болса бастамай ма енді?!– Осы кезде шымылдық
ортасынан қақ айырыла ашылды да, қылқа мойнынан бақайына шейін қап-қара бір
әйел шықты. Зал ду ете түсті. Тоңып отырған көпшілік қол соққанымен қоймай,
еденді тепкілеп, бірден дүрілдетіп әкетті.
– Құрметті жолдастар,– деп конферансье уысына қысқан бір жапырақ қағазына
үңілді – құрметті жолдастар!
– Бетінің подырын-ай!– деп сыбырлады бір әйел.
– ...Өздеріңізге белгілі, Теңіз ауданының артистерінің күшімен, Сіздердің
алдарыңызда ойынымызды, яғни концертімізді бастаймыз!– Жаңағы әйел:
– Ал, бұлар болса өстіп мыжыңдап тұрып алады,– деді.
– ...Кампазитр Евг. Бұрсловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Жібектің
ариясы, орындайтын артискә Сәукеле Сәмбетова.
Ұзын, желпіншекті ақ жібек көйлек, ілгекті қызыл мақпал көкірекше киген орта
бойлы сары сахнаның ортасына тоқтады. Етігінің қонышы тақымын тіреген жас
жігіт сидаңдап кеп, әншінің қатарына тұрды. Сонсоң оқыс бұрылып қызға қарады,
гармонын дар еткізіп бір созды да, сұңқылдата жөнелді. Әрбір такт сайын сол
етігінің тұмсығымен еденді тырс-тырс ұрады. Жаңағы әйел тағы қарап қалмады,
жанындағының құлағына еңкейіп, ыс-ыс етті:
– Қағынды кегір, онысы несі-ай?!
Ән ыршып, қарғып басталды. Жүк толы арбаны жұлқи тартса, осал тұрған
заттар секіріп-секіріп түседі-ау, со құсап үннің бояу-ажары, сезім дірілі ұшып-ұшып
кетті. Ноталары ауытқып, дәл алынбады. Иілген тұстары епсіз, доғал. «Гәкку,
гәкку-уу, га-га-га, га-га-га, гаһ, гаһ, гаһ, іа-га-гаааа».– Бір әйел бетін шымшыды:
– Әрия деп әлдеғандай қылғандары өзіміздің «Гәкку» ма, бетім-ау?
– Манағы бұж-қара қозғалақтап:
– Қап, қарағым-ай, болмады-ау, қап, қап!– деп таңдайын қақты. Әнші басын
иіп, кете берді. Алақандар әр жерден бір шарт-шұрт етті де тына қойды. Суық,
көңілсіз. Келесі әнші керіліңкіреп келді. Алдыңғы қатарда отырған шыдамсыздау
біреу күрсініп салды: «Мына керік ән бастап, оны айтып бітіргенше кім бар, кім
жоқ!» деген сықылды шыдамсыздана қозғалақтады. Ештеңе, ешкім күткен жерден
шықпайды ғой, мына әнші де солай болды: қостаушының иек қағуын күтпей-ақ
сайрай жөнелді:
– Ее-ей, мұңсыз өскен баламын-ай,
Шаттық әнге саламын-ай.
Бабындағы жүйріктей
Шауып бәйгі аламын-ай, а-аа-ай! Ән қайырмасынан басталған, жұрт осыны сезіп
үлгіргенше, айтылып та бітті. Орындаушы жарты ай сырғасын жылт еткізіп, басын
бір сілікті де, шыға жөнелді. Осы ретпен тағы екі-үш бас шұлғынып, екі-үш сырға
жылтылдады. О