і?
Біреу сыбырлап қойды:
– Шешесі осы қызын жолдан тауыпты деседі.
– Қойшы-ай?!– Оң қолдағы ашық ауладан бір ит бозалаң етіп жүгіре шықты,
ізінше қайта кіріп, орнына жайғасқан соң ғана шабалаңдап, үріп қоя берді.
Топ тықыр-тықыр басып, кетіп барады.
Селоның шетіне шыққан сайын адам даусын ит даусы көме түсті. Ақыры, бір-
бірден, екі-екіден бөлініп, қатар сирей-сирей, крестінің жалғыз аяқ, жаяу көпірінен
тек ерлі-зайыпты екеу өтті. Алдарындағы қара-шоғыр көлеңкелерге жұтылып, олар
да жоқ болды.
Жанбота Талжібекті қолтықтап алған. Екеуін оннан аса адам дабыр-дұбыр етіп,
Самаркіннің көпірінен асырып салды. Күйеу жігіт жұрттың көп мақтауынан
мынаны аңғарды: келіншегі – ерек адам. Өзі ес білгелі бірде-бір әртісті елдің тап
бұлай қошеметтегенін көрмеген. Сонау Жаңақаладағы Теңізге шейін аралықты
шулатқан Тесік тамақ та Қанішкеннің осы құлыбында домбыра тартыпты. Оған да
мұндай құрмет, мұндай ілтипат болмаған шығар. Бүгінгі бөлекше. Әуелі өстіп
таңданған, артынша шошынып қалды. Өзі бір пернені танып баса алмайды. Ол
үшін ойнаушының бәрі бір, бәрі күйші-тін. Ерінбесе, үйренсе кім тартпайды?
Талжібек те ұялмаған, білген. Сосын тартады. Бұ халық сонша неге даурықты?
Қайдан күй құмар бола қалды? Басқа бір сыры жоқ па? Миы жетпейтіні осы ғана.
Оқып жүрген кезінде, қазіргідей есінде, Нұржауда тұратын бір досының үйіне
барды. Досы домбыраны алып жіберіп: Мынау Жалдының пәлен күйі, мынау түген
күйі деп, боздатып кеп берген. Сонда пеш түбінде таспиық қайырып отырған қарт
әжесі құлағын самай шашымен бірге жасыра отырып, реніш білдірді:
– Құлыным-ай, бе-еу, төбемді шақтың ғой, қойдағы!– Немересі домбыраны
қазығына іліп жатып:.
– Осындай-осындай алпыс күй білем!– деп бөсті. Кемпір қабағын шытынып,
басын шайқады:
– Беуу, күнім-ай, кімге тартып мұнша суайт болдың? Нағашы сойыңа бұрдың-
ау, шамасы?! Келіннің әкесі, құда марқұм бір күнде қырық қасқыр соқтым
дегенде жабыла күліп едік. Алдымызға келді-ау, Құдай!– Осыған Жанбота мықтап
таңданған. Ойынша, досы жаман домбырашы емес. Оның өзгеден болса бір сәрі,
өзінің әжесінен естіген әлгі секілді сынын домбыраның, күйдің қадірсіздігі ұққан.
Талжібектің қолындағы да сол домбыра, сол күй ғой?! Әлде бұл ұғынбайтын басқа
бөлек күйлер де бола ма? Келіншектің көркіне бола, қой, олай ойлау... ішінде
Сәлмен ағасы, Сәкең бар. О кісі бәрінен көп мақтады. Білмесе өйте ме? Асылы,
Талжібектің мықты адам екені рас. Жұрт, тағы да, бет-ажарына қол соқты дейін
десе, бір шал таяғына сүйеніп, жаңа бұлардың жолын тосты, әрқайсысының бетіне
бір бір үңіліп шығып, Талжібекті ұстап алды:
– Қарағым, көп жаса! Рақмет, сау бол!– Сонсоң бүкірейіп, бұрыла беріп,– сені
бізге құтайтады дейсің бе, Дина құсатып алар да кетер бір күні,– деп, қайғыра
күбірлегенін екі құлағымен бірдей естіді...
Қартаң әйел клубтан шыға самбырлаған:
– Қырғың келгір, түге! Бұлардың әдеті, өстіп, ең күштісін соңына сақтап, адамды
жіпсіз байлап қоятын. Баяғы алдау. Есі дерттері халықты алдау. Қығық тфу!
Мына сөзге сенсе, сол ең күштісі – Талжібек. Жанбота осылай, ой үстінде үйге
үнсіз кірген де, жата қалған, бірден көрпесін бойдақтарша қымтап, қол-аяғын
бауырына алды. Әлдақайдан жел, ызғар соғады. Бүйіріне шаншу қадалған
тәрізденді. Бөлмеде шам жоқ еді. Ортаңғы есіктен, ана үйден түскен жарық тең, түзу
бұрышты емес, бір түрлі, ромбы сияқты қисайып, еденде жатыр. Басын жастықтан
жұла көтеріп, кішкене жаққа көз салды. Талжібек білегін шынтағына дейін түрінген,
ашымал езіп тұр. Мұның дауыстап бірдене айтқысы келді. Не айтуға болады? Сұлу
әйелге, сұлу әйел болғанда бөтен емес, өз әйеліңе осындайда не айтушы едің, еркек
кіндік? Санасына оралған сөз тіркестерін ішінен қайталай бастады: «Әй, не істеп
тұрсың?» дейін десе, істеп тұрғаны белгілі. «Білегіңді неге түрдің, ет бұзатын кісі
құсап, а?» Әлде, былай десе ме екен: «Шаршаған жоқсың ба, жаным?» Туһ! Иттің
қатынжандысы-ай! Шешесі, кемпір естісе тура осыны ойлайды. Енді не айту керек?
Е-ее, әйтеуір, бір нәрсе тауып айтуға болатын сықылды. Қазір болмағанмен түбі
табылады. «Тұрысын қарашы, түк болмағандай» деп, ішінен бір түрлі сенбей, әрі
жатырқап күрсініп қойды. Ол енді бүкіл ауданға белгілі адам. Бұл ше? Соның
күйеуі. Атақты әйелге күйеу деген немене? Ірге жағына жататын далда ғана.
Депутат қатындардың талайын біледі. Есімдері ел аузында. Ешқайсының ерін жан
баласы атамайды, білмейді. Білетіндері: «Сапураның жұбайы», «Мәдинәнің
күйеуі», «Мағияның байы». Бұл да енді сондай, «Талжібектің еркексымағы». Тап
осылай атайтындарына дау жоқ. Құдай сақтасын! Жо-жоқ, Құдай да сақтай қоймас.
О кісінің ежелгі әдеті солай. Қолыңнан келсе жалбарынба, ешқашан тарықпа.
Тарықтың екен іс бітті дей бер. Құдай сенің бір жартыны бөліп ішіп, төс соғысып
тарасқаның болса да, бәрібір, Құдай болып алғасын танымай кетеді. Таныса, өзінің
Құдайлық құдіретін сынауды тап сенен бастайды. Жанбота жастыққа басын тастап
кеп жіберді. Әйелімен қалай да бір лайықты сөз түзіп тіл қатыспақ-ты. Ойлап,
ойлап тапқаны: «Әй, жатсайшы енді!» Олай деуг