Анадай жерге аялдап,
артына қайырылды:
– Ертең. Ертең әкеліп салады.– Қалай? Үйіне тірі жеткені ме? Осынша
іздегендерінің оп-оңай табыла қойғанын қарашы, қап! Қанағат, дәл осылай өкінген
тәрізді, әрі мына сынды ажалсыз баланың ертең әкелініп салынатынына сенер-
сенбесін білмеген кісіше сілейіп калды. Кенет мандайында жұлдыз табы бар, әскери
құлақшынын жұлып ап, сол қолының алақанына сарт ұрды. Шинелден жасаған
дөрекі, сукно пальтосының жеңімен екі қасының аралығын сүртті. Аттың тізесіне
түсіп кеткен тізгінін жиып, күнге қарады, сосын, бүкіл іші-бауыр, өкпе-қолқасымен
бір күрсінді, басын шайқап, шырт түкірді. Жанындағыларға ым қақты:
– Кеттік!
Үшеуі сырт-сырт тебініп, Қазанғап тауына, кеңсеге қарай желе жөнелді.

* * *
Идаятты сәске түс кезінде Сатым әкеп салған. Кемпір немересін танығанда
сүрініп жығылды. Оны қартынан көріп, бір тиісіп алды. Кимешегін сыпырып
тастаған, қайта кигенде, тігістерін жалбыратып, теріс киді. Содан кейін көзін
уқалады, тағы уқалады, тағы, тағы. Сонсоң:
– Келші,– деді, есік алдында құржыңдап, сырт киімін іле алмай жатқан қара
балаға қарай құшағын жая,– келші!– Мамасы бес жылға жететін айналайын-
қарағымды бес минутте айтып бітіріп, тына қойған. Сәлден кейін қайта сөйлеп кетті:
– Ойбай, Сатым-ау, аман ба, жоғары шық?!
Ашақ шошағының құбыла бауыры үшін бұл әжептәуір оқиға болды. Үй-іші,
кемпір-шалға уәйім, дүрбелең, көрші-көлемге бір қауым сөз, ағайын, туысқа реніш
әкелген.
Қара баланың, алғаш, қашып келгенін естігенде қарт мықтап қапаланды.
Отырған орнында олай-бұлай қопарылып, көпке дейін өзіне өзі келмей, дөңбекшіп
бітті.
– Шәкіртін жазаламайтын ұстаз бола ма,– деп толғанды бір кезде.– Шәкіртін
түземесе, жазаламаса... оның несі ұстаз! Бағы жылдары молданың шыбықпен бір
мәрте шықпыртқанынан түскен таңба арқаңнан айлар бойы өшпейтін. Құлақтан
қалай бұраушы еді?!
– Иә, сол екен ғой, сенің оқып жетістіргенің! Ойбай-ай, ұршығы түскір-ай!
– Кейбір тентек балалардың екі құлағы екі түрлі болып өсті. Одан кімнің несі
кетті?– Қарт баланы тәртіпке көндіксін деген мақсатпен соңғы сөздерді әдейі айтты.
Осы кезде Идаятқа көкесінің құлағы, шынында, екі түрлі көрінді.
– Еңбектеу деген немене! Еңбектей сал. Асық ойнағанда ғой ертеден қара кешке
тоңқаңдайсың?!
Сатым:
– Әжеке, о заман басқа,– деп келе жатыр еді, шал қолын бір сілтеді.
– Заман басқа, бала – сол. Тентегін жазаламайтын заман бола ма, сен де бір... –
Әжекең кіржің етті,– сен де бір абайламай сөйлейсің!
– Қой, қарағым, Сатым-ау, бұл айта береді. Жалғыз баласына жаны ашымайтын
кісіден не қайырым, не жақсылық күтесің. Қорғамақтан артық. Алжыды ма, Құдай,
бірдеменің салқыны салды ма, айттым ғой! Ой, адыра қал, адыра қалғыр!
– Қарыстыр жағыңды! Қарысып қалғыр! Қарысып қалмайсың-ау бір күні.
Жалғыз балаңды Қошалақтың тауына тоңқаңдатып қойып, отыр солай. Атағын айт-
тағы бәрінен. А-а-аа?
– Қанағаттыкі жөн емес,– деді Сақал.
– Мұныкі жөн бе екен?!– деді Әжімгерей.
– Қанағаттыкі жөн емес.
– Қанағатта ісім жоқ. Өзіңдікі жөн болмай тұрып, кісіге ауыз салма. Міне, менің
барым.
– Идаят мақұл бала.
– Менің балам, тап осы тұста, мақұл емес. Терісін сыпырып тексерсең де солай.
– Аа-аа? Жалғыздан қалған жалғыз тентек болушы ма еді! Әй, қара қасқа, қара
қасқа.
– Тентектігі сол, жаза тартқаны.
– Қайда мақұлды жазалайды.
Әжімгерей жастық ағашына шалқая кетті:
– Әй, қойыңдаршы түге.
Қайтып тіл қатпады. Кемпір сөйлеп-сөйлеп, бір кезде өзі басылды. Айтатынын
түгел айтып, сарқылып қойды. Өзінде жоқ бала үшін Сатым қаншаға барсын,
басын шайқап, қабағын бірер шытынған соң, ол да жым болды. Үйдің іші тым-
тырыс. Осының үстіне Қарашаш келген. Саудырлай, сөйлей кірді:
– Әжеке, аман отырсыз ба? Сақалың күйектей боп, сен қайдан жүрсің? Қара
бала, келіп қалғанбысың? Ой, анаңды... айналып кетейін, оқу қалай?– шекесін
шұқып көрсетіп,– бірдеңе қонатын ба мына жеріңе?– Аяғын есікке қарай созып
жіберіп, төсеніштің төменгі жағына бір жанбастай қисайды. Екі қабаттап ұстаған
дойыр қамшысымен етігінің қонышын сарт ұрып, жүзін төрге бұрды.– Ләкпеге
кетіп барам. Шәй келіпті дейді. Ақша қоссаңдар ала қайтайын.
Қарашаш Идаяттың хабарын Қанағатқа осы сапарында жеткізген. Сол хабар
кешікпей бүкіл ауданға жайылды. Көптеген мектептердің педагогикалық,
методикалық советтерінде тірі факт, материал ретінде талқыланды. Келесі жылдары
ұстаздар алдына бала тәрбиелеудің жаңа, аса жауапты проблемаларын тартты...
– Алла-ай, Құдай-ай, Құдай, тым құрыса бір жұма жатсындағы, Құдайдың қара
қасқасы, қума-дағы баланы қарғадай етіп?!
...Көкесінен, оның қаталдығынан көңілі, өстіп, тағы бір қалған-ды. Содан он жыл
өткен соң Қошалақтың жапырық, жаман деген қыстауында отырып айтқан қарттың
ақылы мен еткен кыңырлығын Идаят асқан разылық, алғыс сезіммен есіне алды.

3
Қызбала есі шыға үрейленген. Кісі лақ жоғалтса да шарқ ұрып іздейді, бала
жоғалғанын бақтың бір жола қайтқанына жорып, катты қиналды. Шөтке шаштың
үйіне, Ашаққа қашқанын сезе тұрып, сенгісі келмеді. Қалай ол?