– Көп жаса, жаным!
– Өркенің өссін!– Жастау жігіт іліп тастады.
– Өркені өзі де өскелі тұр.– Күй әсеріне әбден беріліп алған қара шал:
– Оттамай отырың, түге!–деп дүңк етті.
Талжібек осы дүбілісті пайдаланып, кетіп құтылмақ-ты, жаңағы кірген есігінен
адасып қалды. Сөйтіп жүріп залға көзі түсті: быжынаған көз. Бұ неткен көп адам?
Бәрі сахнаға ынтығып, өзін домбыра-момбырасымен сытырлата басып, таптап
кететін тәрізденді. Ылғи қомағай, жұтпа жанарлар! Сасқалақтап, жандермен-күн
таса жер іздеді. Шымылдықты жауып жібермек боп, бір шалғайын тартып көріп
еді, жоғарғы жағы әлденеге ілініп, жүрмей қойды. Жұрт тағы ду етті. Сол сәтте
концерт жүргізуші кеп, абдыраған күйшіні білегінен ұстай алды да, алға қарай
жетектей жөнелді. Домбырашының бар қуаты көптің көзінше баспақ құсап
тартынып жатудың келіссіз екенін сезуге ғана жетті. Анау мұны жаңағы
орындықтың қасына әкелді де, даусын залдағылардың ызың-ғызыңынан асыра:
– Енді Талжібек сіздердің алдарыңызда «Сары науай» мен «Қара науайды»
тартады,– деп шаңқылдады...
Көпшіліктің күтпеген көңілінен шыққан бұл шын мәніндегі ән, күй кеші Қанішкен
халқының соғыс басылғалы көрген алғаш қызығы еді.
* * *
Жұрт түн жарымында у-ду боп әрең тарады. Ең мол, ең қомақты топ
Канішкеннің жөні дұрыс жалғыз көшесіндегі қарауытып-қарауытып тұрған бір
қатарлы қарағай үйлерге сіңіп жоқ болды. Кіші Канішкен мен екі аралықта жалпақ
тақтай көпір, көпір аузында қашан да маскүнемнің көзіндей қызарып, жасаурап
жанатын жалғыз шам бар-ды. Бір топ адам ауызға таяй берген, кешкі сағат жетіден
бері зіркіл қаққан движоктің үні өшті. Сол-ақ екен, бүкіл селоға біткен ит атаулы
шулап қоя берді. Манадан әркім өз ойымен өзі келе жатқан. Қараңғыда ес болсын
деді ме, әлде мотордың сөнгені бұларға да әсер етті ме, адамдар тобы да дәудірлесе
жөнелді:
– Иесіз қағыр,– деді, күйеуінің шынтағынан ап, жұлқып-жұлқып жіберіп бір
әйел,– иесіз қағыр, тілің таңдайыңа жабысып қалды ма, неге үндемейсің? Жаңа
ғана аузың сылпылдап, жаланып-сұқтанып отыр едің ғой?! Мойның қисайып
әшиін! Әлгі әртіс қатынға өлдің де қалдың.
– Қыздығой-ау, бұлардың – бір келіншек сыңқ-сыңқ күлді,– әдеті емес пе? Беті
жылтыр біреу көрсе өстіп кететін. Біздікі, тіпті, есінен жаңыла жазды. Сақалымен
бала құсап сепеңдеді кеп. Бетім-ау, бір кезде қызып кетті ме, әлде ана қыздың саны
деді ме, менің тіземді шапалақтамасы бар ма, ойбай-ау, енді не бетімді айтайын?!
Ол тап мұны маңайлата қоймас. Ана дөкейлер тұрғанда саған не бар, сорлым-ау,
а?!
– Апырай, өзі сойқан тартады екен,– деді, сақалау дауыс, әйел даусы – күйі әлі
құлағымда тұр. Жатқан бір керемет. Үзілмейді, жалғасып жатқан дүние.
– Әлгі Жанбота деген райпинәдделдегі шұбар көз бар ма?
– Бар, ал?
– Ал, бар?– деді, ана екеуі қатарласа.
– Соның Қошалақтан тапқан...
– Ой, тапқаны құрысын,– деді анау шыдамай,– иә, соның жақыны ма екен?–
Самаркінге бағыттаған топтың дауыстары алыстап барады. Олар да қызу, әлденеге
таласып, айтысатын сияқты.
– Соның нақ қатыны көрінеді.
– Ммм!– деді бір әйел.
– Ммм!– деді екіншісі. Жер қатқақ. Жел бет қариды.
Тас қараңғы. Көпірден шығар ауыздағы бір үйдің терезесінен жарық көрінді.
Керосин шамның жарығы, сарғыш. Әр жерде, күләңкөрдің қиындысындай боп
бозарған қар мен түбіт шәлілі әйел бастарынан өңге ақшыл іштеңе шалынбайды.
Олар да күңгірт, әлсіз ғана қылаң береді. Тақтай көпір тақа астында дүңгір қағады.
Бір әйел оқыс шыр етті:
– Ойбай-ай! Жіліншігім-ай!
– Не? Не болды?
– Кеше біреудің жалғыз сиыры аяғын тығып ап, мертілуге құйттай қалған.
– Е, онда бұл райисполкомның келіні болды ғой?
– Қой қасқа! Әлгі мыжырайған Жанбота шұбар райисполкомның інісі деші?
Пысығын қара жаманның!
– Соны әлі білмейсіңдер ме? Ондай собалақты, анадай жақыны болмаса
пинәдделге кім қояды?
– Бәсее-ее. Ой, шірік-ай.
– Ой, жаман сол!
– Бет-аузына тары жауып кеткендей боп?
– О-оо, енді онымен ойнауға болмас.
– Неге болмайды?
– Анадай катыны бар. Еркек атаулыны иірер әлі.
– Ой, қараң қағыр!– Көпірден түсе бере төрт-бес адам солға бұрылды. Тақа
тықылы тұншыға-тұншыға барып, ақыры, өшіп бітті. Бір тобы Кірестіге тартты.
Сол топта қалған әйелдер мұндай өнерлі, сұлу келіншек алған Жанботаны біраз
сілейтіп салған соң Талжібектің өзіне ауысты:
– Бәсе, жап-жас қатынның беттиіп, қысылмауында бір гәп бар еді-ау.
– Жақын қайнағаң райисполком болса...
– Иә, тіпті, тізесін жылтыратып... көрсетіп қоя жазды.
– Қайнағаң райисполком боса сен одан да жоғарырақтан көрсетерсің! Қалай-
қалай ырбаңдайды!
Бір еркек кейіп тастады.
– Әй, қойыңдар, түге!
Бір дауыс шап етті:
– Сайтаныма қоям ба?!
– Ішін айтсайшы, ішін! Жетіп туайын деген екен.
– Өзі жап-жас.
– Қайдағы жас? Қатын жас болушы ма еді!
– Ерінің түрі анау, о қатынға сылтау бар.
– Бай таңдауға ерте-ақ үйреніпті.
– Райисполкомның інісіне тиюді, жас болса да, білген.
– Қошалақ деген әлгі қойы көп жер ме?
– Ит адасып өлетін құм дейді ғой өзі.
– Қараң қағыр, салымды-ақ екен.
– Кімнің қызы деді әл