шоғырланды. Ұлын аяйды, соған жаны ашиды. «Уһ, жазған ба-ла-ай! » дегенде
жүрегі шымылдап кетеді
Осы оймен қазық қара, қара сиырдың бауырынан тұра берген.
– Мама, шайың қайнады ма? Қонақтар түгелденді.– Жанбота сыртқа жүгіре
шықты, жүзі жарқын, шат көрінді. Кемпір ішінен: «қайтсын, ботам маған сездіргісі
келмегені ғой» деп түйді. Өзі мына секілді, кісі шақыратын шілдеханаға қарсы еді.
Обалы не, келін де енесі жағында қалды. Жанбота болмады. Қырдағы «жынды
құдағай» сойып беріп жіберген ту қойдың еті, өздері жесе – айлық азық. Жұртты
топырлатып керегі не? Әрі жақсы ат жоқ, әрі қызыл шығын.
– Шығын боп қайтеді, мама, Сәкең де, жолдастар да күнде қыңқылдап,
құлағымды сарсытты. Тұңғыш немерең ғой, екіншісіне…
Заты әйел, жаратылысынан жылы жүрек жан ұлының сөзін аяғына шейін
тыңдауға ұялды да, келісе салды. Айнала бере іші у құйғандай ашыды. Қара сиыр
тағы азан қақты. Шайлық сүт сауып алған да, бұзауын емізіп, қақтатпаған.
– Не бар, қара сан келгір, қазір салайын! Жарылқасаң – Кемпір жез легеннің
бетін сүртіп қойып жатып, күбір етті. Сонсоң, өз-өзінен сөйлене, тарына жүріп
самаурынды үйге алып кірді, бұл кезде жайылып қалған дастарқанның төменгі
жағына әкеп қондыра салды да, қайқайып, қайта шығып кетті. Сиырының бұзауына
тағы барды, ойға тағы шомды. Өмірде тілек әзір, тін түзу, бәрі орнында болса –
адам несін ойлар еді?! Ой – өкпесіз, өкінішсіз бола ма, қара кемпір қатты өкпелі.
Өкпелегенде Талжібекке емес, Талжібекті келін етіп берген бұйырмысқа – Құдайына
өкпелейді. Айналып үйіріліп ойлайтыны сол. Қалай толғанса да Құдайдың бұ
қылғанын ұмыта, кешіре алмайды. Осындай келін болады екен! Күллі қыздан
біреуін тап етпей, қайдағы біреуді домбырасын дыңғырлатып әкелді де қойды. Ең
құрыса мұңдасып отырып шай ішетін шешесі жөнді боса ше! Қарашашты
ғұмырында бір-ақ, қызын әкеп салғанда көрген. Ақ тартқаны болмаса әйел сияғы
шамалы, ойбай, өлім-ай, сонда Жанботаның әлгі бастығын боқтап жіберді. Бірден,
көзі түскеннен ұнаған жоқ. Сөзі, отырыс-тұрысы түрпідей дөкір, ерсі сықылданды.
Тіпті, ақыры, оны әйел дерін, не еркек дерін білмей састы. Кемпір бір ретте ойнаған
боп: «Әке ермеуші еді, қызға еріп келуіңе қарағанда, сірә, құда емес, құдағи
шығарсың?!» деп шаныған. Сонда ше, таңқылдап келіп күлді. Сосын жұдырығын
түйді «тоқта, бәлем ендігіде ісім сен кемпірмен түссін!» Мұнысын да жақтырмады.
Бәрі қызына бола, Талжібектің қылығы үшін. Талжібек жақсы болса, шешесінің
мінін еске жиі алғызбас еді ғой?! Енді мынау. Уһ! Құлып деген жын-ойнағы тағы
бар. Домбырасын құшақтап, қансер дей ме немене, екі күннің бірінде кетеді де
отырады. Ал, жина бүкшеңдеп аяқ табағыңды! Әлгі ақ халатты сойталы бір күні
қайта келді, одан тағы келді. Ұят жоқ қой, бүгінгінің адамында! «Мама, Жібекті
қимылдатпа, доғдырдың сәбетін орындау шарт» деп, екі күннің бірінде баласы
тапсырады. О, қу Құдай, көрсеттің-ау, қартайғанда! Қайсыбірін ойлай берсін!
Бәрібір ештеңесін теріп тауыспайды, түсініп те жарымайды Амал не, күрсініп
қойып, қара сиырдың төрт емшегін созғылай түседі. Әйтеуір, соған әлі жетеді.
Табалдырық алды ыбырсып жатыр. Түрлі табанды етік, бәтіңкі, калош, шетінен
батпақ. Қонақтар төрден босағаға шейін тізілген. Дастарқан үсті ақ ала, сары-ала
боп көрінеді. Қант, нан, бауырсақ, май. Үш төрт жерде балтамен шабылғандай
дөрекі, ірі туралған бияз. Үйеме тостаған тұз-қақ ортада. Әркім-ақ өзінің
сөзшеңдігін, әзілкештігін көрсетуге тырысатын сияқты. Біреу шам жағып әкеп,
самаурынның алдына қойды. Ол мұнымен де жұртты бір күлдіргісі кеп, айнала
қарап алды:
– Шай құйған кісіні көріп отырайық!– Шымшық-сары келіншек тас-аяққа қолын
енді соза берген, орамалының ұшымен аузын басты, сосын, біреу елеп, әзіл тастап
жатқанда күлмесем ұят болар деген кісінің кейпінде, бірер мәрте шекіте күлді.
– Еһе-һе-ее!
Таба шоқта шай құман қайнап тұр. Әлсін-әлсін пыш-пыш етіп, асып төгіледі.
Әлсін-әлсін қақпағын көтеріп-көтеріп тастайды да, бір қалыпты тұншыға, тұттыға
бүлкілдейді. Алысырақ бұрыштығылардың жүзі анық көрінбейді, көмескі. Ырсия
күлгенде тістері ғана ағарады. Саттар Терезе жақ бұрышта, көлеңкенің ең қою
жерінде қалған. Жұтқыншағын сипай, ойлана отырып, мынадай пікір тастады:
– Мына араға бір шам керек екен!
– Немене, бұл үй,– Сәкең осы айтқалы отырған сөзіне жұрттың қарқылдай
жөнелеріне анық сенген кейіппен, әуелі өзі бастап бергелі бірер лекіп ап, сосын,–
немене, бұл үй сенің клубың ба?– деді.
– Ха-ха-ха-хаққ!
– Әй, қатырды Сәкең!
– Өйтпесе Сәкең бола ма?!
– Төбесінен жай түскендей етті.
Біреулер шиқылдап, екіншілері ескі есіктің топсасы құсап, қыр-сыр қақалып
күліп, оңып қалды. Келіп отырған жақсылықтарының қадір-қасиетін қонақтар түгел
бағалаған. Әзіл, қалжыңсыз шілдехана бола, бәрінің мақсаты осыны қағыс етпеу,
барынша, ұлуғылау, сол арқылы өздерін де көңілді ұстау еді. Сөйтіп, кеш шалт
басталған.
Сәлмен Саттардың әнін сүйгенмен, өзін жақтырмайды. Неге өйтесіз? Осылай
сұрай қалсаңыз Сәкең ыршып түседі. Саттардың дүйім ел білетін қасие