етегімен қорып: «Көзімнің ағы мен қарасындай екеуі, тиме!» деген боп еді, келе-келе
үндеуді қойды, қайта Қызбалаға: «Қайтесің, қарағым, бұ да анаң ғой» секілді ақыл
тастайтынды шығарды. Тоқал айламен, һаярлықпен жеңді:
– Бір жаққа кетсең мені ала кет, сенсіз бұл үйде күн көре алмаймын!– Қарты
қарсы бірдеңе айтса:
– Тоқал болуды тілеппін бе Құдайдан!– деп кемсең қақты. Өстіп, аяна, аймалай
отырып, өрбіп, өсіп бітті. Етегімен кірген ұлы есейгесін тіпті тасынды. Екі қызды
тұқыртқанымен тұрмай, тақымына қарттың өзін басты. Дұғайды сыйламағаны,
тыңдамағаны өз алдына, астан, шөміштен қағатын болды. Қарт кемпірінің көзі
жоқта ғана, мысық құсап жымдырып, ұрлап ішетін әдет тапты. Бір күні үйге қонақ
келді. Әңгімеге, шәйға балқыған Дұғай манадан милықтап отырған сеңсең бөркін
көтеріп кеп қалған, бауырсақ сау ете түсті. Қызбаланың бой жеткен (Темірәлімен
қашатын) жылы-тын. Мықтап қорланды. Әкесінің сондағы кейпі, сол бейшара халі
көз алдынан кетпейді. Ең ғажабы: бұл со жолы әкесінен әбден түңіліп, жирене безді
де, тоқал шешесін, тұңғыш рет мүсіркеді: «Мұндай ерге тиген әйелде не бақыт бар
дейсіз!» Сөйтіп жүріп, әйтеуір теңін тауып құтылған. Әкесінің түрін жыл айналып
көргенде жүрегі жарылып кете жаздады. Ас үстінде ақ кемпір:
– Иһа, сіптір, қашып тиген байың мына бадырақ қара ма? Иһа, иһа!– деді. Қызы
мен күйеу баласы әкелген азын-аулақ сый-қадені де менсінбей қабылдады. Марқұм
шешесінің арнап жинаған жасауынан жалғыз жамылғы көрпе ұстатты.
– Дүния не керек? Иһа, байы бар кісіге. Керегіңді таптың ғой, сол жетер!–
Қызбала жылап аттанды. Қимаған ішкімі, іштеңесі жоқ, қорлығы етті. Темірәлі тіс
жарып, тіл қатпаған, жолға шыққасын:
– Әттең, қамшының астына алар ма еді өзін!– деп кіжіне сыбырлады.
Қызбала, бірінен соң бірін, екі құрсақ көтерген. Біреуі суға кетті, біреуі өлі туды.
Содан соң етегіне нәресте ілікпеді. Ауылдың сәуегей кемпірлері екінші, соңғы
баласы дыбыссыз түскенде-ақ шу еткен:
– Аһ, майталман-ай, енді болмады, келіннің жатыры үрікті!– Мұны, әрине,
сыртынан айтты, өзін:
– Бұларды берген Құдай тағы да берер, бастарың жас, қамықпа, қарағым!– деп
жұбатысты.
Суға кеткені – қызалақ бала еді, бес жасар-тын. Ылғи шашбаумен, шешесінің
шашбауымен ойнайтын. Өр суы толып тұрған кез. Жуас толқынның жарға тамсана,
жұтына соққаны үйдеп кісіге естіліп жатты. Со күні жел де тымық-ты. Темірәлі
алагеуімде балыққа құрған торын қарауға кеткен. Қызбала жүн шұлықтың өкшесін
торлап қалды. Сәби маңынан шықпай қойды. Еркелегісі кеп, тізесіне жатты, бетіне
бетін тақады, мұрнын тосты. Бұл көңіл аудармады, бір рет жасқап та жіберді. Іске
алданып, баланың қалай шығып кеткенін аңғармаған, бір кезде шыр етіп жылаған
үні естілді. Үн құлақ жарған ащы емес, күңгірт, тұншығып шықты. Тұра жүгірді.
Судың ауыр нәрсе құлағаннан кейінгі толқыны тарап болмаған-ды, соны ғана көріп
үлгерді…
Бүкіл ауылдын бас көтерер жұрты қайта-қайта сүңгіп, ет пісірім уақыт өткенде
әзер тапты. Шешесінің шашбауын оң білегіне ораған күйі, жүресінен отырып
қапты. Суға кетіп өлген жан қандай сұлу. Мойнына түсетін мойыл-қара шашы сол
жақ шекесінен ақсия айырылып, бір бетін түгел жауыпты. Соның өкініші әлі күнге
кетпейді. Содан бері бала көрсе жүрегі езіліп жүре береді де, артынша, зәресі ұша
қорқады, неден, неге қорқатынын өзі білмейді. Әйтеуір қорқады. Идаят жоғалғанда
құты қашты, аман табылды, үйше сау жетіпті дегенді естігенде қуана алған жоқ,
қайта, таңданды: о қалай? Бұған біткен бала (Идаяттың кісі баласы екенін ұмытып
бара жатқан) аман болмауға тиіс еді ғой?1 Адасып өлмеді ме екен?! Тірі қалуына
қарағанда бөтен бала болды-ау?’ «Әжатам маған ренжіп атқан жоқ па?» деп
сұрағанда басында осындай ойлар отырды.
Ертеңіне Әжімгерей ұлын әкеліп салды. Қартқа сүрініп қабынып қызмет жасады.
Шөтке шаш қараға қарамауға тырысты. Анау да бұрынғыдай емес, қайтып келген
қыз құсап есіктен беті күйіп кірді. Жығылып, жасып қапты. Шашы да бұрынғыдай
тікіреймей, жуас жылтырайтын тәрізді. Жазығы иіп кетті.
– Келін шырақ,–деді қарт, артына қойылған қос ақ жастыққа жантая,– келін
шырақ, мына бала сенен рұқсатсыз кетіп, балалық істепті, үлкендік жаса (кешірім ет
дегені), ренжіме – Қызбала тағы да теріс айнала берді.
Қас қарая, жанында қара бала бар, Қызбала жеңгей дүкенінің есігіне екінші
құлып сап, тартып қарап тұрды...
* * *
Ертесіне Идаят мектеп есігін жасқана ашқан-ды. Әлдене қылмыс жасап ап, соны
жұрттың кешірер-кешірмесіне сене алмаған кісіше беті күйіп, жан баласының
жүзіне тіктеп қарауға батпады. Балалар бірден қаумалай кетті. Әлдене қызық,
оқиғалы әңгіме күтетін сияқты, бұл бейне ертедегі батырлардың сапарынан
оралғандай, бәрі аузына төнген, ондай ештеңе шықпаған соң біртіндеп басылып,
орындарына отырысты. Қаупы – Қанағат еді, ол әуелі бұртаңдап, елемеген,
көрмегенсіп біраз жасанды, сонсоң:
– Қане, дос, не болды, не болдың сонымен?– деп жымиды. Әрі қарай әйел
секілді нашар, өкпешіл «жігіттерді» ұнатпайтынын аз сөзбен ұқтырды. Бірақ өзінің