ашар
білетін жұрттың бар екеніне масаттанды. Бұл қай-даа, мұғалімнің аузынан
шыққанның бәрі миында, қағып алады. Ал, артық болмаса кем оқымайтын балалар
жайлы ойлағысы да келмейді. Тек өзі, өзі хақында... Өстіп, сонау бұзау қайырғаны,
атқа шауып бәйгі әкелгенінен бастап, қазіргі, күніне неше «бестік» алып жүргеніне
шейін, сонысымен халыққа, үкіметке «сіңірген еңбегін», ойша, түгел тізді. Осының
бәрін бағалап, бұлдай келгенде Қанағаттың қылығы алғашқысынан да ерсі көрінді.
Ішінен қатал, әділетсіз ұстаздан қайтып өш алудың амалын қарастыра, қарын
жастанып жатыр. Оқта-текте көзінің астымен Қызбала жеңгесіне қарап қояды.
Ондық шам бөлмеге сары-күңгірт сәуле төгеді. Текемет бетіндегі ірі қылшықтар
жұмсақ, момын сәуле астында жылтыл қағады: алақанымен жүріп байқады.
Сабаудан кеткен жүн түйіртпектері айқын білінді. Іргеге, көлеңкесіне қарап
аударылып түсті. Маңдайынан бастап желкесіне шейін шашын сипады: шашы
алақан астында ғана көнбіс, қолын алса тікірейе қалады. Бөлменің терезесі жоқ,
арқа жақ қабырғасындағы өз бейнесін қызықтап, біраз алданды.
– Идатжан, а, Идатжан, төсегіңе жатшы.
Үлкендерден, жақсы деген адамдарынан көрген жәбірі есіне қайта оралып,
орнынан кіжіне түрегелді. Тағы да жұдырығын түйе, кәлтең-кәлтең аттап, ерсілі-
қарсылы сенделе бастады. Түбіт қолқабының бір сыңары жатқан бұрышқа
бағыштап теуіп жіберді. Әлі ісініп, пісіп, болып жүр. Кенет төр алдына тоқтаған,
босағада тігінен тұрған қалың сары бәкілә етігіне көзі түсті: қонышы, тұмсығы
балшық-саз, манағының ылаңы. Сол лас өз танауына қатқандай, бетінің орта
тұсынан оңға қарай жеңді білегімен бір сыпырды. Танауын қорс-қорс еткізіп, екі-
үш тартып, сонсоң әлгінде өзі шашқан сөмкі, қолқап, ішік, шұлық, ол-пұлдарын
бұрышқа жинады, құдды өртейтіндей ғып үйді, қоңырая, суый бір назар тастады
да, төсегіне беттеді.

* * *
– Идәтжан-ай, садаң кетейін, тұр. – Пештің маңдайынан мойнын соза, үлкен
жаққа қарап дауыстады.
– Идатжан, а, Идәтжан!– Күнде өстіп, ана бөлмеден дауыстағанда бала ілез
оянып, ыс-пыс етіп киіне бастайтын, бүгін сыбыс жоқ. Шамасы, қатты ұйықтаған
болу керек. Осылай ойлап, басын түсіне, кешіре изеп қойды. Кеспеге зауқы
соқпады. Бір шыны шәйді әзер түгесті. Көкірегі қобалжып, көңілі алып ұша берді.
Үлкен қыстауда жалғыз өзі елегзитін сияқты. Қасық ап, тәрелкеден тәбетсіз тағы
бірер талмады: кеспе талдары ағаш қасықтың сыртына, сабына жабысып,
тартылмай, ұртталмай әуре етті.
– Идәтжан-ай, садаң кетейін-әй!
Кенет, ойына әлдене түскендей, орнынан атып түрды. Асып-сасып үлкен жаққа
ұмтылды. Келе Идаяттың көрпесін жұлып кеп алған. Басы домалаң етіп, жастықтан
аунап түсті:
– Ойбай! Аһ!
...Қызбала сүт пісірімнен соң есін жиды. Алаң-ғұлаң, біраз уақыт ештеңеге көзі
тоқтамай қойды. Бір кезде барып: «Ал-лай! Ойбай-ай!» деді. Сонсоң басқа қайта
үңілді. Көзін уқалап екінші мәрте қарады. Қара елтірі бөрік тағы бірер домалап
кетті. Дәл сол, Темірәлінің ескі құлақшыны. Баланың өзі жоқ. Көпшікті жұлып
лақтырып, төсекті сипап көрді: мұздай. Буын-буыны дірілдей, екі-үш адымды зорға
аттады. Алдымен етікті іздеді. Қоңыр ішік, сөмкі қолқап... үшті-күйді. Терезеде,
түндегі орнында тұрып қалған сиясы сыртына төгіліп, айғыздана кепкен кішкене
шөлмек қана.
Со күні Карл Маркс атындағы бастауыш мектептің астан-кестеңі шықты. Әркім
әр жаққа жүгіріп, тырым-тырақай болды. Балалар бұ хабарды шошына
қабылдады. Әуелі бәрі бірдей үнсіз қалысты. Сонсоң естиярлары қайғырып,
таңдайларын тықылдатысты. Бір-екі қыз кірпіктерін жыпылықтатты, артынша
жылап жіберді. Құдды өлген кісі құсатып, кейбіреулері өзара Идаяттың
жақсылығын теріп, мақтасып жатты. Ал, үрейі ұша, қалшылдап қорыққан – кешегі
төбелес шығуына септік еткен қалақай сары, жанары жыпылықтап, өзінен өзі бұғып
алды. II–IV класқа бірден тапсырма беріліп, үйлеріне босатылған. Бірақ ешқайсы
кетпей қойды. Сеңдей қақтығысып, бірін бірі кінәлады, өйткені, Идаятты көбі-ақ
өлдіге жорыған. Қырдың қиыр жолында, әсіресе, осындай қыс мезгілі адасып, не
үсіп өлетін үлкен кісілер де кездесетін. Баладан не үміт?!
– Сендер анда, е, солай... шабыңдар!– деді. Балалар мұғалім иегін көтерген
жаққа, күн батыс арқадағы іркіс-тіркіс қызылтақтарға қарай шаба жөнелген,
сордың бергі басынан қайта шақырды:
– Бері... былай бб – деп тұттықты. Өзі мектеп тұрған қоңыр қабақты екі айналды.
Ағарған бірдеңе тістеп бара жатқан итті көріп, айқай салды:
– Кә, кә! Күшім, кә!– Жіліктің бір басына езулеп, күн шығыска беттеген бұралқы
сары безе жөнелді.
– Кә, кә! Күшім, кә!
Ит одан сайын жұмарланады. Аузындағы сүйекті Қанағаттан қызғанып бара
жатқан сияқты.
Мектеп басы түс қайтқанға шейін, өстіп, әуре-сарсаңға түскен. Жұрт қайдан,
қалай іздерін білмей дал-ды. Кіші бесін кезінде құбыла жақтан аттылы біреу жетті.
Қанағаттар ол келген уақытта Қазанғап тауының жығылар астында із кесіп жүрген.
Аттылы желіп кеп, мықынын таяна тоқтады:
– Әй, бала,– Қарашаш аман, сау жоқ, жолсыз тартты,– әй, бала, Әжекең баласын
ертең әкеліп салады! – Сөйдеді де бұрылып жүре берді.