Мынау жатыр, жылжымайды. Қанағат әрі-бері ақырып, қозғай алмаған соң, қолды
бір сілтеп, кетіп отырды. Ренжіп, түңіліп кетті.
«Жатпайды, үсті ылас болады?»
Сәлден кейін Идаят түрегеп, киімін қақты. Қоңырдың желім-сазы көшпеді,
сіліккен сайын жабыса түсті. Жұққанның бәрін шертіп, шекіп түсіретініне сеніп
үйренген құмның кішкене аңқауы, өстіп, мықтап қорланған. Тыпың-тыпың етіп, I–
III кластардың үстімен (Алла, өлім-ай!) өз класына кірді. Азаптаушысы әлі келе
қоймапты. Шулап отырған балалар бұл кіргенде жым басылды. Ішкімнің бетіне
қарамауға тырысып, парта астынан киіз сөмкесін, ілулі ішігін жұлып-жұлып алды
да, шыға қайқайды. Содан келген түрі. Үстіне тағы бір көз тоқтатты: мына
масқараны жуып кетіре алмассың!
Садықжанов мықтап налыды: Қанағаттың аға болғаны, жақсы көріп, қамқорлық
еткені ме? Бешпетін өзі де бүлдіре алушы еді ғой?! Әсіресе, ана баламен бір
сызыққа жатқызып салғаны батты. Есі кіргелі кілең бөлекше аталып, ылғи ерек
күтім, ерек жақсы сөзге, айрықша айналайын-қарағымға құлағы дағды алған сыйлы
қарттың қыңыр еркесі езіліп жүре берді. Үйде біреу бетіне салқындау қараса
шаншудай көретін. Оның қасында мынау сұмдық қой?! Ағайындығы да жоқ,
айдаладағы біреу. Қандай қақысы бар десеңші! Толы баланың көзінше, тағы,
желкелеп жатқызды-ау! «Садықжановтан аулақ жүріңдер, ол Әжатаның жалғызы,
бәйгі-бала. Мен оны жақсы көрем!» Қанағаттан күткені осындай сөздер-ді.
Күткенінің бәрі бола бермейтінін кейін түсінді.
Қызбаланың:
– Идатжан-ай, садаң кетейін, асыңды іш!– деп, асты-үстіне түскені
жұбантпады, қайта құрыстыра түсті.
Семіз қойдың етін турап, ақ ұннан жүздіріп істеген кеспенің жарты аяғын ғана
тауысты.
...Тәрбиесінен бе, әлде сенгіштігі мен еркелігінен бе, қара бала өзімшіл, содан да
өкпешіл боп өсіп келе жатқан. Кісі өкпелегенде, жақсы көрген, иланған адамына
өкпелейді: Шөтке шаш, алдымен, көкесіне мықтап сенді, алғаш өкпелегенде де соған
– көкесіне өкпеледі. Қанішкеннен бәйгі алып келген мезгілі-тін. Көрші ауылдардан
үйге өзі құралыптас үш-төрт бала жиналды. Қыр тентектерінің ежелгі ойыны асық,
қалса қасқыр-қабан, күрес. Бұл, неге екені беймәлім, соңғы уақытта қасқыр-қабанды
ойнағысы жоқ-ты. Ылғи жүгіріс, ентіккен ең бір Құдай атқан ойын. Атқа мініп,
атпен шауып қалған адам қанша жүгіргенмен, жаяудың жылдамдығын місе тұта ма,
«бәйгі-бала» бұл ойынға қызықпайтынын білдіріп еді, Қарағайлы жақтан жаңада
көшіп қонған салпы ерін көршінің ұлы тиісе кетті:
– Мә-әә, мынаны қара!– Ол салған жерден қатты бастады,– мә-әә, мынаны қара!
Өзінше әлдеғандай болады, әй. Твұт, күшік, бәйгі бала, бәйгі бала дегенге бөркін
осырта береді. Жирен айғырға шапқанына мәз. Жүйріктің үстіне Құбажанды
(Құбажан оннан асқанша мұрнына мұршасы жетпеген бос, сылбыр біреу-ді)
мінгізсе де озар! Мә-әә!– Сонда төбелеспей, шыдағанына әлі күнге разы.
Кешкісін бірін қалдырмай қартқа жеткізген. Көкесі арқасынан қағып,
маңдайынан сипады. Сосын күлімсіреп, сақалының ұшын тістелей отырып:
– Өзің қалай дейсің? Озған сен бе, Жирен айғыр ма?–деп сұрады. Идаят
ешқандай сұрақ күтпеген-ді. Іркіліп қалды, жауабынан қысылған жоқ, жауап
беру керек пе, жоқ па – соны ойлап мүдірді. Осындай да сөз болады екен! Әрине, ат
пен ат жарысты. Сейсімет ақасының: «Сатым екеуміз Қуан сайына түсе, ат басын
қоя бейдік. Мен сүт пісиім бұйын шықтым» деп, лепіріп отырғанын талай естіген.
Сейсімет те атпен озды, яки озған аттың үстінде отырды. Бұ да сөйткен жоқ па?!
Озған Жирен айғыр, ол даусыз! Ал, сол Жирен айғырға ешкімді мінгізбей-ақ,
жүгенін сыпырып ап, өзін қосса ше?! Сөйтсе озар ма еді? Бір ауық осындай
берекесіз, ештеңе бермейтін мылжың ойлармен бас қатырған. Қой, қой, қой! Е-ее,
жаңа тапты: үлкендер өздері мінген ат озса – мақтанады, бала шапқан озса: «озған
сен бе, Жирен айғыр ма?» деп, сақалдарын тістеп, қисая кетеді екен. «Бәйгі-бала»
күрсініп жіберді: Неткен әділетсіз дүние мынау?! Көкесі жантайып алғанымен
қоймады, қайта тұрды, тағы сол сақалын жей отырып, тағы бір әулиесіді:
– Ұлым, о бала дұрыс айтады. Орынды сөзге өкпелемес болар!
Бүйтіп бәйгі алғаны бар болсын! Енді ойласа, бәйгісі бәйгі ме, қайғы ма – айыра
алмады. Бар сенген өз әкесінің айтатыны әлгі, өзге жұрт не демесін! Жарайды, сол
көкмұрындарды да қойшы. Олардың сөзі не, өзі не? Шөтке шаш ондай-
ондайлардан жұдырығымен де қорғанар. Қанағатқа не көрінді? Завшкол мектептің
маңдай алды оқушысын желкелеп жатқызды. Мұнысын ғұмыры кешірмес! Рас,
мұны сабағын үздік білгені үшін жыл аяғын күтпей-ақ екінші класқа көшірді. Онда
не тұр? Әлде сонысын міндет қыла ма екен? Садықжанов Идаят (фамилиясы атына
жараспайтын сияқты) жаман бала болса, бірінші класта-ақ қалдыра бермеді ме!
Жақсы болғасын, тіпті, көп білгесін солай етті. Басқаларын көшірсе көрмеген жоқ.
Анау әлгі, ее-ай, құрғыр, Сауытбай Ақжонасов әлі күнге екі әріптің басын
қоспайды. Жұрт әліппені бітіргенде ол әлі «А»– да жүр. Мұғалім апай, әй, оқсатты-
ау: «миыңды қарға шоқып кеткен» деді.
Қара бала іштей масайрап, мақтанып қойды. Сабақты өзінен он есе н