Айдаһарға қараса, АстағыпірАлла, ғұмырында бір
пақырға берген жарты таба наны аузына кептеліп қалып, жұта алмапты. Сараң
сонда о дүниені басына көтеріп, қарқылдап тұрып күліпті-мыс». Әлдекім күліп
жібереді. «Мынаған қарағанда, о дүние де онша әділ дүние болмады ғой,
шамасы?!»
Кейде Түмен екеуі татқан дәм соңыра, о дүниеде Айдаһардың көмейіне көлденең
тұрып, мыналар да со бір сараң құсап, аман қалатынға ұсайды. Тек, жұмысы
қызық. Балаға керек адам – нағыз таптырмайтын адам. Керектігіңді сезінгеннен
артық өмірден не тілейсің?! Қанағат осылай ойлайды да, шәкірттерінің біреуіне
ұрсып, біреуін алдап жүре береді. Рас, көбі, әсіресе, қыздар жағы тым ересек.
Әуелінде сонан қорыққан. Кейін бастауыш класс бәрін сәби ғып жіберетін
сияқтанды. Сөйтіп, бала мен бала боп, алданыш табады. Өзі де бала еді.
– Сиыр келмей атыр, құдықта тұрып қалды-ау, а?

2
Сабақтан түйіліп, тарылып қайтты. Есіктен бір жұдырығы түюлі, шолтаңдай,
ыдырына аттады. Кіре сөмкесін, бар қырсық сонда жатқандай, күндегіден
қаттырақ, алысыраққа лақтырды. Әлдеғандай, тарс-тұрс басады. Қолы,
қалтасының аузы сия-сия. Қоңыр бояқ матамен қаптаған сеңсең ішігін бағзы
орнына, бойына өлшеніп қағылған ілгіш қазыққа іле берген, желкелігін үзіп алды,
со жерге тастай берді: «жат солай!» Бөлме ішінде ыпыр-тыпыр боп, ерсілі-қарсылы
жүр. Енді екі жұдырығымен бірдей түйінген. Шолтақ қағады. Қырып жіберер ме
екен? Қас-қабағы быттия ісініп, онсыз да кішкене көзді қысып тастапты. Бешпетінің
етек, өңірі, екі шынтағы, екі тізесі шаңытып көрінеді – топырақ, қағып түсіретін
құмға ұсамайды, сары лай, саз.
...Бәрі баяғы бәйгіден, осы өзінің атқа шапқанынан шықты. Үлкен үзілістің кезі-
тін: Балалар күндегіден бетер ессіз, тарқақ ойнады. Ерсіліктің талай түрін ойлап
тапты. Сол тапқандарының бірі мына тектес еді: бірінің артына екіншісі байқатпай
жата қалады, үшіншісі итеріп құлатады. Сөйтіп, жығылып тұрып, әркімге
қызарақтай жалтақтаған құрбыларын алып кеп мазақтайды, кемітеді. Бір мезгілде
кезек шөтке шашқа тиді. Сол, сол-ақ екен, жабылып кеп берді. Бірі тұрып,
Қызбаланың даусына сап: «ө-өөй, садаң кетейін, бәйгі бала» деп, аузын шошайтты.
Бірі Жирен айғыр боп озып келді, бірі бандыша қару-жарақ асынып, Жиренді
жетектеп қашты. Оны жабылып жүріп ұстап алды. Ауыздарына сұқ саусақтарын
салып, тығынның атылғаны секілді, күмп-күмп дыбыс шығарды, атысты
бейнелегендері. Жирен айғыр көзі аларып құлайды. Кәдімгі кіші-гірім спектакль.
Ақыр соңында «бәйгі-бала» бұзауға мініп қалады. Бұзау мөңіреп барып енесіне
қосылады.
Балалар шынында тым асып кеткен-ді. Осыны өздері аңғарып үлгіргенше, шөтке
шаш қара сыр шығарып тынды: ойынды, мазақты бастаған ысқаяқ сарыны атылып
кеп періп-періп жіберді. Ысқаяқтың дос жақтастары көп-ті, ұстаса кетті: ұмар-
жұмар. Сары бала бір сүрініп жығылып еді, бұл қалтасындағы сия-шөлмегін
суырып ап, аузына сия құйды, өзі де былғанды. Сол майданның үстіне Қанағат
келген, кімнің кінәлі екенін ажырату қиын болған жоқ: шыңылтыр сары мен
Идаятты айыпқа қоса тартты. Құмның мектептерінде тәртіп бұзған оқушыға
қолданылатын жазаның түрі онша көп болмайтын. Сол аздың бірі, ер балалар үшін
ең бастысы, «по пластунский марш!» деген жаза.
Мектеп меңгеруші ойынды сырттан бақылаған бір қыздан табанда жауап алды,
қалған балаларды кластарына босатып, мына екеуін қаз-қатар қойды. Сонсоң:
– Па пластонски марш!– деп шаңқ етті. Сары бала жер бауырлап, жорғалай
жөнелді. Садықжанов жаңадан тігілген көк бешпетінің шинелден қырқып қадаған
жез түймелерін шұқылап тұра берді. Не істейді дейсің, жәй, көз қылғаны шығар.
Өзімен күнде «ханжаппай» ойнап жүрген кісінің қаталдығы қайда апарады?
– Па пластонски марш! һарш! һарш!– Қанағаттың езуі жыртылып кетіп, содан
аузы үлкейген тәрізді, ақсаңдап, түпкі азуына шейін көрінді.
Идаят тұңғыш рет ұстазын ұнатпай қалғанын сезінді. Аузын осынша
ырсаңдатып, арсылдайтындай, бұлардың қиратқандары шамалы емес пе?
Өшігетіндей не жазды? Шынымен еңбектеткісі кеп тұр ма?
– Жатпайым, үстім ылас болады!– Мұны қалай айтып қойғанын өзі аңғарған
жоқ, үстінен, киімінен бөтен сылтау да жетер еді.
Мұғалім де дәл бұ сықылды жауапты жақсы көретін шәкіртінен күтпеген-ді,
қапелімде тіліне түк ілінбей, таңданғаннан тағы да аузын ашты: А-аа?– деді. Кенет
жүгіріп кеп, Идаятты желкесінен бүре, итеріп жіберді, етпетінен түсірді. Жаңа от
алған көне тракторша қалшылдады:
– Па пластонски марш! харш!– Ана бала еңбектеп, алты-сегіз қадамдай барып
қалған-ды. Бұл бауырын жерге тигізбей, төрт аяқтап, ебедейсіз ілгерілей берген,
Қанағат калошты етігінің табанымен дәл шонданайының үстінен басып-басып
жіберді.
– Парш! Харш!
Саған осы жарамаған ба? Сенің-ақ әмірің болсыншы секілді немкетті ниетпен
Қара бала онсыз да өзіне қатал көрінген бүйрыққа әзер бойсұнып еді, мынадан
кейін кырсығып, табандап жатып алды. Іші-бауырына дереу біліне бастаған сызды
елегісі келмеді. Мұғалім қанша күйіп-піскенмен іштеңе өндіріп жарытпады.
Қасындағы, көнбіс сарыны, он-он бес метрдей жорғалатты да, тұрғызы