орнында.
Өзгеріс: ортада ондық шам жағулы тұрады. Өстіп, завшкол танертең сегіз
жарымда ішкен шайдан іңірге, Сағынай келгенге шейін, қарынын, оған дәм, тағам
керек екенін еске алмауға тырысады.
Ұялшақтық па, әлде, оқу жағдайында орта құрсақтыққа дағды алып, әбден еті
өліп кеткендік пе – ешқашан тамаққа ентелемейді. Жартылай аш, жағдайының онша
мәз еместігін білдірмей бағады. Бар жасыратыны, бөтен көзден бүккен құпиясы
осы. Бөгде біреудің дастарханынан ас ішсе – мұның бәрі ашылып, белгілі боп
қалатын сықылды, зыр-зыр қашады...
* * *
Бұл үйде тағы бір қолқанат бар. Ол екі көзі мен екі құлағынан өңге кісі көретін
жері шамалы, иегі шегініп барып, кеңірдегіне біткен кішкене сары-қалақ бала.
«Жалғыз інімнің ұлы еді, әке-шешесі қабат өліп, панасыз қалғасын, қайда тастайын,
алып келдім». Сағынай осылай дейді. Ал, әйелі: «Ә, көктей солғыр! Бассайшы,
аяғыңды, ішкен асың арам болғыр-ау» деп қуырады.
«Мә, іш кереңді!» – Бұл ас бергені. Ішкені арам болғанмен, Түменнің еңбегі адал.
Қой мен бұзау со баланың мойнында. Ол да «кересін» таңертең бір, кешке бір
татады. Содан да болар, шөп басындағы мизамға сүрініп жығылардай нәзік, әлсіз.
Жасы да бір түрлі: бес пен онның арасында, көңіл-күйге, жағдайға байланысты
үнемі өзгеріп отырады. Мәселен, Түменнің ас ішкені туралы үй иесі әйел: «бес
жасында мынадай жалмауыз, он беске келгенде бұл үй жұтар!»–деп күңкілдейді.
Ал, тапсырылған шаруаны анау орындай алмаған кездері басқаша сайрайды: «ә,
көгермегір, көзің ойылғыр бақырайған сол. Онға келгенше өстіп тарқатыл да жүр,
қараң қағыр!» Сағынай «Жаңа өмір» колхозында ең малды кісілердің бірінен
саналады. Бірақ, Қанағат пен Түменнің көзімен қараса, оның малы құдықтан су
ішуге ғана бар, өңгеге жоқ: не сауылып, не сойылып жатқан ешқайсы көрінбейді.
Елдін ұғымында бұл үй қонақ күткіш, дастарқаны мол үйлердің қатарында. Келген
кісінің қарық боп кетіп жатқаны да Қанағат пен Түменге белгілі, сонда да жақсы
атайды.
– Кәне, Әнәпия, пәленше, түгеншелер келіп қапты,– дейді Сағынай қонақтың әр
қайсын қомпита атап,– бұлар, Әнәпия, шақырып келтіре алмайтын кісілеріміз. Жық
ана көк қасқа ісекті!
Әнәпиясы әндете жауап береді.
– Тәңір таба етпесін. Түменжанның атасы-ау, көк қасқа ісекті бұрнағы күнгі
қонақтарға соймап па едік! Ұмытып қаласыз-ау?– Сағынай жылмия күліп, желкесін
қасиды.
– Алдыраз болсын, ниетке разымыз, шаруа бар. Тағы бірде!– Есі бар қонақ
дәйім осылай, асығыс жүруге тиіс. Әркімнің-ақ жақсы сөздің қадір-қасиетін, дәмін
кетіргісі келмейді, көбірек отырса әлденендей ажарлы нәрсенің аржағы, асты
көрініп қалардай, бұл үйге түскен кісі кеткенше асығады. Үй иелерінің, бәлкім, көл-
көсір әңгімелері мен ыстық ықыластарының өзі-ақ қысылтатын шығар? Кім біледі.
Әйтеуір, қонаққа көк қасқа ісек түгіл, бұлар көргелі, көк қасқа шегіртке де
сойылған емес, жарығанда шәймен аттанады. Не ғажабы барын сайтанның
академигі де білмес: Сағынайдан шай ішкен адам бүкіл елге жаяды. Егер қой
сойып, қол қусырса қайтер еді? О-о! Сағынай ондайға бармайды, ол кішіпейіл,
қарапайым жан, шайымен шығарған атағына да разы. Әнеу бір күні Қанағат қой
қоралап жүрген Түменге:
– Осы көк қасқа ісектері қайда? Көрсетші!– деп қалды.
– Жоқ.
– Не жоқ?
– Көк қасқа ісек.
– О қайда?
– Өй, оны былтыр Аштарханға саттырып жіберген. Ақпан атам со жолы кө-өп
мата, көп шай, ақама кастом, сосын кө-өп кәмпит әкелді ғой.– Бала мұңайып төмен
қарайды,– маған кәмпиттің көп қағазын берген. Кәмпиттің қағазы бар ғой, ақа,
шытырдың көбелегінің қанатындай, қызылала, сондай әдемі. Желге ұшырсаң
анадай жерге шейін ұшып барады...
– Кәмпиттен бермеді ме саған?
– Берді.– Мұғалім ананы сөйлеткісі кеп, мошқай түседі:
– Қанша берді!
– Біреу,– бала сұқ саусағын шошитады,– біреуін берді.
– Е-ее, бәсе!– Қанағат кәдімгідей сүйсініп қалады,– ее-е, бәсе! Дұрыс болған
екен.– Осыдан кейін сәбиге базаршы келгенде бір кәмпит ұстатқан үй иелеріне
өзінің де көңілі бітіп, разы болып бара жатқанын сезгенде шошып кеткен. «Несі бар
осылардың?»– деп ойлады. Есіне кішкене кезінде қарт әжесінен естіген бір әңгіме
түсті: Жомарт пен сараң көрші тұрыпты. Жомарт, ғұмыр бойы жасағаны
қайырым, істегені жақсылық – несіне қысылсын – бір жымиып, жан тапсырыпты.
Со күні қалтырай-қалтырай, қайырымсыз көрші – сараң да көз жұмады. Екеуі о
дүниеде қатар жатыпты. Күнәсі көп, тозаққа баратын пенделерін Алла-тағала
алдымен Айдаһарға жұтқызады екен дейді. Бір кезде ысқырып сол Айдаһар келе
жатады. Сараңның құты қашады, жомарт несіне қысылсын: ғұмыр бойы еткені
жақсылық, жымиып қойып, жата береді. Айдаһар таңдап, теріп жұтып, келіп
қалады: жұтқан сайын бүйірі солып, қабырғасы ырсаң қағады. Бір кезде
жомартқа таянады, жомарт «ау, ау» дегенше болмай қылқып жібереді. Сараң
қорыққанынан селкілдей бастайды. Ендігі кезек соныкі. Бір кезде, Айдаһар
лебімен оны да тыпырлатып тарта жөнеледі. Кенет, уа, жасаған жалғыз ие, сен де
әлсіздермен әзілдескенді тәуір көресің-ау, Айдаһар сараңды жұтпай, басқаға
бұрылады. Сараң аң-таң боп,