лады, өкілі!
Қара баланы Ашаққа Қарашаш алып қайтқан. Мамасы бұзау өрісі жерден ақсай
сүрініп, алдынан шықты:
– Жалғыздан қалған жалғыз! Жалғыздан қалған жалғыз! Еһе, белі құрғыр,
шойырылып қалды білем. Тентек қыз-ау, әлгі қызыл құнажын көзіңе түсті ме?–
Кемпір осы, «жалғыздан қалған жалғыз» дегенді үйге кіргесін де, қашанғысынша,
қайталай берді. Бірақ, соңына ылғи... бұзау, сиыр, қой, тезек, ит, пішен, шұлғау
секілді, шаруа, тірлігін тіркеп, қосып жіберді.
Әжекең бұ тұста:
– Кемпір, мен өлгенде, өсиетім, тілегім, үндемей жылашы, сөйлесең –
бүлдіресің,– деп күлген.
Үйдегі он күні бір күнгідей болған жоқ: мамасы сүйіп, көкесі иіскеп,
қарындастары еркелеп жүргенде өте барды. Тағы да қарттың өзі әкеп салды. Бір ту
қойды үйткізіп, сыбаға тартты. Алдына мынадай кіріспе сөз салды:
– Келін, шырақ, мынау былтыр Темірәліге соям деген қойым еді, сойғызбаған.
Азаматыңның сыбағасы, соғым деп әкелгенім емес. Пәстел (посылка дегені шығар)
жолдасаң маған айтарсың.– Тағы бір қонып, тағы тайып отырды.
Сол, екінші тоқсанның бірінші күні мұны завшкол жетелеп әкеп, екінші класқа
отырғызды:
– Екіншінің сабағын әкете алсаң – оқи бересің, үлгермесең бір жетіден соң
орныңа қайта қуам!
Идаят бір айдан кейін де екінші класта қалды.
– Әжатамның жалғызына, садаң кетейін, қараса гөр!– Қызбала жеңгей
Қанағатты неше көрсе – осыны айтатын. Бұлай қарасқаны қара балаға, алғашында,
пәлендей жәйлі болмады: қанша оқушы қол көтерсін, мұғалім сабақты алдымен
осыдан сұрайды, үйге берілген тапсырманы да өзгеден ала-бөле талап етеді. Көбі
әр түсті сылтау айтып, орындамай келіп жатады, оларға түк жоқ. Бұған қатал-ақ.
Шығарған есеп, жазған жазуының бір жерінен қате кетсе – үйтіп жей жаздайды.
Өзі дәптер тексеруге, әсіре, құмар. Және көп біледі, көп үйретеді, жалықпайды. Тек,
ашуланғаны жаман. Әншейіндегісінен дым қалмайды, шаңқ-шаңқ, шәңгір-
шәңгір етіп есіңді алады. Кішкене көздерінің ағы онсыз да аз-тын, кейігенде мүлде
жоғалып кетеді. Ондайда өзге жұрттың жүзі жанады ғой, мынаның маңдайы
қызарады. Былайғы тұлғасына, жасына ылайықсыз сеңсең қабағы күлтілдей құлап,
көзін басып қалады. Көз көргісі, қарағысы келеді. Ағының жойылып, қарашықтың
ғана жылтырауы, бәлкім, содан шығар, әйтеуір, ағатай, құдыққа салып сабасаң –
саба, оның ашулы көзін қадалдыра көрме! Садықжановтың тілегі осы.
Қанағат Сағынайдікінде жатады. Туған, өскен жері Зормата Дыңғызылы, он
класты Қанішкеннен бітіріпті. Қошалаққа келген бойда «Жаңа өмір» колхозының
кеңсесіне кірген. Жағдайын, жайын айтқан құсайды. Ықыласов торсаң қағып со
бойда актептерін жиып алады. Мәйкесінің сыртынан майлы қарынын шапақтай
отырып, жаңа завшколды таныстырады, «ел ағасының» сөзін тап осылай бастап,
тап былай бітіреді:
– Жолдастар, мына бала бізге завшкол болуға келген көрінеді. Аудан солай
бөліпті. Бала болғанмен, оқыған бала.– Бекең аузын тамсанып, бір аяқ салқын су
жұтады,– бұған, бұ жолдасқа жататын үй берілсін. Сауын, мінетін ат дегенім ғой,
мм-еее...
– Болды, болды, Беке емеурініңізді түсіндім.– Сағынай сәл бөгеліп, Қанағатты
басынан аяғына, аяғынан басына шейін тінте шолып шығады да, жымия қояды,–
Емеурініңізді түсіндім, Беке. Ағартушыларды қарсы алу – азаматтық, коммунистік
борышымыз ғой, біздің үйге-ақ жатсын. Тары – менікі, кеңі – мұныкі. Өзі лайық
көрсе... сауын, астық, ол-пұлды, Бекең айтсаң жеткіздіріп берер.– Сонсоң Қанағатқа
сөйлеген боп, бұлай жылпытқан көрінеді – бұл Бекең бір айтпайды, бір айтса
Құдай алдында да айылын жимайды, солай, шырақ, бұ кісі бәріміздің
қамқоршымыз, ағамыз. Сені де қанатына ала жүрер, қадыр, құрмет тұт!
Содан сол үйде. Алғашқы он күндікте сыйлы болды: сауын, астық, шәй-секер, ат,
ер-тұрман, қыс керегі – пішенге шейін басқарманың өзі қадағалап, арнап түсіртті.
Бекең жақсылықты айтқанынан да асырып жіберді.
– Туған інімдей көрем Қанағатты!
– Ойбай, ғылым қайным, неге аз іштің? Іш тағы бір аяқ. Қыз аларыңды құяйын!–
Бұл үй иелерінің дастарқанда бөтен біреу отырғанда айтатын сөздері, көрсететін
пейілдері. Былайғы уақытта Сағынай мына мәнерде сөйлейді:
– Әй, бала, атты жеңілдеп қойшы. Сен де бірдеңе істеуің керек қой. Әзір асқа тік
қасық болмай.
– Оқу өтіп кеткен сорлысың ғой бір: қауғаны күнге тастама деп қанша айтамыз.
Бауы қурап қалыпты.– Бұл әйелдің, жеңгейдің сөзі. Басқасы – басқа, тағамнан
тартатыны-ақ қиын. Қанағат қызметінің бәрін мектепте істейді, үйге ылғи кеш
қайтады. Кілті түсіп белін кендірмен буған көне, қара портфелін қолтықтап,
табалдырықтан аттай береді. Жеңгесі, аузы мен түбінің жуандығы бірдей төрт
құрсаулы емен күбіге арқасын таяған күйі, ерінін бір шүйіріп:
– Сиыр келмей атыр, құдықта тұрып қалды-ау – деп, ұршығын соза түседі.
Кімге айтқаны, кімді жұмсағаны белгілі. Қанағат қолындағыны босаға жақта
жататын өзінің кішкене чемоданының үстіне тастай салады, үлкен сыйлап үйренген,
әрі еріншек көрінуден ұялатын сыпайы жігіт үн-түнсіз шығып жүре береді.
Қайтып келіп қара, сол қалып, сол көрініс – күбі де, күбінің иесі де