ейді. Әнеугүні біреу жетіге бесті қоса алмай құлағының
ұшына дейін терледі. Мұғалім әуелі саусағын, сонсоң қызыл жыңғылдың
шыбығынан сынық сүйем ғып қырыққан таяқшаларды санатқан. Оған болмағасын
қолындағы жіңішке, солқылдақ сабауымен баланың басына шабақтауға кірісті.
Шип-шип, шип-шип. Сонда апай:
– Санап отыр! Жаңылсаң ұра берем,– деп қорқытты. Со күні, анау өзіне-өзі қас
қылғандай шашын алдырып келген екен. Жалаңаш құйқаны біраз шықпыртып,
әлгінің көзіне төнген:
– Қанша ұрдым?
– Көп ұрдыңыз,– деді бала.
– Көбейгір-ау, шыбық қанша рет тиді басыңа?
– Көп рет тиді,– деді бала, көзін жыпылықтатып.– Мұғалім ызалана бастады.
Шыбығын мытып ұстап, ерінін жымқырды: тістенгені.
– Онда әрі қарай,– деп соғудың екінші сеансына ыңғайлана берген, оқушы
жалтақтай, жасқана қол көтерді.
– Ал, не? Шығардың ба? Айт!– деп, апай таяқшасын төмен түсірген. Анау
мұрынын жеңімен бір сүйкеп, басын ұстады.
– Апай... бөркімді киіп алайын-дағы!
Мұғалім шыбығын столға лақтырып тастап, әбден қажып, күрсіне, орындығына
кеп сылқ отырды. Бірер минут үнсіздіктен кейін:
– Жетпегір-ау,– деді, торығып, үнінде ашудан гөрі түңілу, торығу, әбден
жеңілген дәрменсіз кісінің реніш-налысы басым сезілді,– жетпегір-ау, сенің
қалтаңда делік, мамаң берген жеті қампит бар еді, көкең үстіне тағы бес кәмпит
қосты, сонда қалтаңда не бәрі қанша кәмпит болды, а?– Бала жылап қоя берді:
– К-көкем жжоқ, бө-өө!
Бір күні Қанағат тағы келді. Сабақ біткен кез-ді. Мынау екі қолын бір-біріне
қарсы қойып, ханжаппай ойнап отыр еді. Завшколдың алдында сасып қап, асығын
дереу дорбаға тықты, сонсоң кітабын жайып, монтия қойған. Қанағат дорбаны
түбінен бір көтеріп, асықты түгел төкті:
– Ханжаппай ма? Кел!
Бала әуелі батпай, жүрексіне ойнап байқады, еті үйренгесін ананың мұғалім
екенін есінен шығарып алды. Алғашқы екі жолда ұтылды да, кейінгілерінің бәрін
ұтып шықты. Онымен қоймай, алып кеп мазақтады. Құрбыларына істейтінін істеді.
Мұғалім әрі-бері шыдап, күлкіге жеңдірген, баланың дарақылығы иттен де өткен
ғой, бұл, ағасы күлген сайын, өрши түсті. Ақыры, ұстаз ашуланып қолды бір
сілтеп, шыға жөнелді. Мұны естігенде Қызбала быж-тыж болды.
– Ндыссақтасын, садаң кетейін-ау, оның не?– Шынында ұят екенін сонда барып
мойындады. Өзінің өрескел санасыздығына өкінді. Осы ой түнімен маза бермей,
ертеңгісін мектеп табалдырығын, күндегідей тапыраңдамай, жуаси, төменшіктеп
аттаған-ды. Оқушы балаға забшколды ұтпақ тұрсын, жалпы, асық ойнауға
(мұғалімге – рұқсат) болмайды емес пе? Қанағаттың бетіне жалтақтай, жерге
қарап амандасты. Бөркін сонсоң алды. Анау басын изеп, күліп жіберді. Бәрі бәз
қалпы, өзгерген түк жоқ. Үзілісте жүгіріп барып, Қызбалаға айтып келді. Жеңгей
оқытушының ұрыспағанын, тіпті, ескерту де жасамағанын естігенде, айлық
атшотынан құтылғандай қуанды:
– Ө-өй, садаң кетейін, екіншілей өйтпе,– деді. Осы сөздерге қоса бір қалта
кәмпит берді. Сөйтіп, көңілді бірлеп қайтқан. Енді еркін ойнауға хақы бар. Есік
алды у-шу. Топ-топ бала. Алыс-жұлыс. Үсті-бастары ақ кіс, шаң. Күшіне сенетіндер
күресіп жатыр, әлсіздер тілді ғой, соны қызықтайды, қайрайды, кемітеді. Оспақ,
қылжақ айтып, біріне бірін айдап салады, ызғыштырады. Әлгі жетіге бесті қоса
алмайтын шәкірт анадай жерде оқшау, шеттеңкіреп тұрған, Идаят қалтасынан бір
уыс кәмпит ұсынды, баланың таңданғаны сонша, жанары жел тиген жайдақ
шамдай, бір жанып, бір сөнді: кәмпитке бір, Идаятқа бір жаутаңдап, жыпың қақты.
Кәмпитке қараса жанары – жанады, иесіне қараса – өшеді.
Тәтті тағам – дүкенде ғана. Кез келген баланың аузына тие бермейтін сирек дәм,
сирек байлық болатын. Әйел атаулы – колхозда, еңбек күнге есеп қып отырған ел.
Қай шеше ұл-қызына артық шығын жасап, кәмпит сатып әпере алады? Шыт
көйлекті бүтіндесе қалай?! Әке ме? Әке көбінде жоқ.
Идаятты құрбылары, сабаққа алғырлығын силағанмен, іштерінен онша
ұнатпайтын. Жо-оқ, күндеп емес, ондай ұсақ жандар қырда кездесе бермейді.
Кәмпит, пешение қалтасында толып-ақ жүрсін, қаласа, асық қып ойнасын! Тек, өзі,
ешкімге көрсетпей, жеке, оңаша жесе екен! Уыстап үлестіретіні-ақ жаман!
Жомарттығы ма? Әлде басқа ма?!
Әдетте қамкөңілділер кіді, содан да шығар, тым намысшыл, аршыл келеді.
– Мә, ал бол! Аналар көріп қалмасын!–«Аналар көріп қалмасынды» естігенде
бала мұның ұсынғанын алақанына аударып ап, қалтасына қалай зытырғанын өзі
сезбей қалды.
– Сана, санап көр!
Со күні қара бала кешке дейін ойнады, шалт, ширақ жүрді. Қолындағысын
бұрын да талай баламен бөлісетін. Мына жолғысынан ерек ләззат, бақыт тапты.
Тауға да шықпады, Ашақты да іздеген жоқ.
Жетінші ноябрь мерекесіне қарсы аулы алыс балалардың үйлеріне барып,
қайтуына бір жетіге рұқсат жарияланған. Бірінші тоқсан оқуының бағасы да
сонымен бірге айтылды. Карл Маркс атындағы бастауыш мектеп бойынша алты
бала «беске», ылғи беске үлгіріпті. Бірі – Идаят. Ол тоқсанды үздік аяқтағанынан
гөрі, үйге қайтарғанына қуанған. Жеңгесінің қуанышы, бейілі басқа жерден көрінді:
– Садаң кетейін, Әжатамның жалғызы өкіл бо