ұнады. Завшкол, әуелі қалтасынан папирос
шығарып, бір талын езуіне қыстырды. Соны тұтатып жатып, алдындағы шәкіртке
көзінің қиығымен баға, бақылай қарады, монтия қалған мүләйім түріне ме, әлде
басқа ма, кенет, қарқылдап кеп күлді. Сосын қызметі есіне түсті ме, қабағын қайта
түйді.
– Атың кім, әй, дос?
– Идаят.
– Садықжанов? – А-аа.
– Садықжанов емеспін!
Анау шылымының түтінін мұның тура аузына үреді. Әрі түтін жұтып, әрі
қорқып келген адамының түрін көргесін көңілі жәй тапқан. Заты, мұғалімдер сауал
беруге шебер, әрі құмар халық, бұ да соған, сыналған, өзіне оңай тәсілге көшті.
– Қалай сен Садықжанов емессің?! Кімсің сонда?
– Әжімгереевпін.
– Әжекеңді ата дейсің бе, көке дейсің бе?
– Көкем.
– Көкеңнің өзі, айналайын, сені солай жаздырған. Неге өйткенін кейін
түсіндірер,– деді Қанағат, он жеті, он сегіз жасар кісінің жас шамасына сай ойлы,
сабырлы қалыпқа түсіп.– Ал, сабақ үстінде неге төбелестің соны айтшы?!– Бала
қылп ете қалды: мұғалімнің жүзінің жылылығына, күлкісіне қарап, сұрамас,
тексермес деп үміттенген. Неге төбелескенін өзі де білмейді, төбелескен жоқ, ұрды.
Қасындағы, өзі құсаған қара баланы құлақ-шекеден қойып кеп жіберді. «Қопимай
отыр!» Тек осы сөзге бола. Мұның кінәсі «Б»-ны қиналмай, тез жазды. Парталасы
да сөйтсін, дұрыс жазсын деген жақсы ниетті түсінді ме ол ит! «Қопимай отыр!»
Ананың осы сөзі мен өзінің жұдырығының айыбын ойша салыстырып байқады.
Қайсысының кінәсі басым? О жағын айыра алмады. Неге екені белгісіз, мұғалімнің
ұрыспағанынан ұялды. Төмен қарап, үндемей отыра берді. Қанағат әуелі
мектептің тәртібін түсіндірді, «20 пункт ереженің» бірер жерін оқып таныстырды.
Қойған сұрағына тура ашық жауап талап етіп қасармады. «Екінші өйтпеймін»
тәрізді, оқушы атаулының тіліне орала кететін, жеңіл уәде алып, класына босатқан.
Содан көп ұзамай Садықжанов деген фамилиясына да үйреніп алды.
Қанағатты бір көргеннен-ақ қара бала, өстіп, іші жылып шығып еді... Мұнда,
үйде де «садаң кетейін» мен «ө-өй, айналайынның» ортасында жүр. Рахат! Тек,
мамасын сағынады, күніне талай қағып, талай жылататын тентек қарындастарын
сағынады. Ондайда мектептің құбыла-шығысындағы тауға – қоңыр дөңге асығады.
Көкесі кетерінде былай жұбатқан-ды: «Мына таудың басынан Ашақ көрінеді». Бұл
қанша қарасын – Ашақты көре алмайды. Алдағаны, әншейін көңіл делбегені ме?
Қой, өйтпеген шығар. Көзін уқалап, қайта қарайды. Жоқ. Аунайтын, ойнайтын құм
бұ жақта да жетерлік. Дегенмен... үйдің қасындағы шағыл қайда-а. Әй, ондай үстіңе
жұқпайтын таза топырақ, әрі шөңге, тікенсіз майда, жібек құм болмас, болмас! «Кет
әрі, сүрт көзіңдегіні! Қатын құсамай!» Біреу осылай жекіретіндей, айналасына
қауіптене қарайды.
Жеңгесі мынаның қырға шыққанын көрсе, бір түрлі, мұңайып, іреніш білдіреді:
«Садаң кетейін-ау, не бар сол тауы құрғырда?!»
– Жәй, әншейін.
Кеше, сабақтан соң уақыт өтпей қойды, қыр басында сенделіп ұзақ жүрді. Ең
биік жерін іздеді. Ең биік жерін тапты да. Өкшесін көтеріп, сәскелік көкжиекке
үңілді – Ашақ көрінбеді. Жеңгесі үй жақтан әлденеше дауыстаған:
– Садаң кетейін-ау, не бар сол тауы құрғырда?!
Бұл әлдене шөпті қызықтаған, қыдырған кісі боп, күн бата қайтқан. Келсе,
Қызбала теріс қарап мырс-мырс жылап отыр. О несі?
Қанағат бұл үйге жиі келіп тұрады. Күй тыңдайды, ертегі айтқызады, өзі көп
біледі. Ертегілері бұл естіп жүргендердін біріне ұсамайды, жаңа, қызық: қасқыр,
маймыл, мысық, аю. Ылғи кемпір-шал, жуан ағаштардан қиыстырып салған
қыстау. Құлағы қанық ертегілерден завшколдың айтатыны – жалғыз «Ер-төстік».
«...майлы төсті үйтіп жепті», дегенде тамсанып-тамсанып қояды. Ол келсе құрақ
ұшып Қызбаланың да жаны қалмайды. Көрпесі мен дастарқанын қатар жаяды.
Бірақ, Қанағат отырмайды. Мұғалімнің мұнысын біреулер орыс арасында көп
оқығанынан көрді. Шынында алдына ас қойылатындай ыңғай танылса болды,
апыл-ғұпыл қоштасып, шыға қайқаяды, жік-жапар боп жалынып, дәмге екі-үш рет
қарата алмаған соң Қызбала да тиылды. Қазан-аяқ жаққа аттап басса – қонағының
тұра жөнелетінін біледі де, келді, кетті жоқ, оны-мұнысын істеп отыра береді, не
кілтін сылдыратып дүкеніне жөнеледі. Әуелгі кезде таң қалатын, Идаяттан бірер
мәрте:
– Садаң кетейін-ау, мына забшколің бітеу ме? Астан қашатыны несі,
ндыссақтасын, ө несі?– деп сұраған, айнала беріп ұмыт етті...
Қара балаға мектеп бірер жұма өткен соң-ақ ұнай бастаған. Ала-шабуыл
жүгірісі, алыс-жұлыс ойыны, әзіл-күлкісі бар. Әрі екі класс қатар дайындалады.
Өзің не оқып, өзге не біліп жатыр – бәрін көріп отырасың. Әсіресе, үшінші класс
балаларының мыңқылдап, түк айта алмай тұрғаны-ақ рахат! Мүдірген тұсын айтып
жіберсең – ешқайсы арланбайды, алады. Көбіне көп біліп сөйлейсің. Себебі, өткен
сабақта не өтілгенін нендей тапсырма болғанын өзің де тыңдадың ғой? Бір
ойлағанда оп-оңай тәрізді. Оқуды қиын дейтіні қайда?! Әзірге қиындығын, қанша
үңілсе, көре алмайды. Қауашағында дәні жоққа бәрі қиын. Басыңда жарты қасық
миың болмаса, қарағым-ау, оқу не азабың?! Шөтке шаш соған, қауашағы
бостардың әуресіне түсінб