Жіп өткізіп, шөлмектің мойнына байлаған титтей рәзеңке тығынды ашты, сұқ
қолының басын газет шетіне сүрте салды. Сонсоң қаламын ыңғайлап, қағазға
үңілді.
– Бірінші класты түгендеймін. Тыныш отырыңдар!– Парта астында шалысып
ойнаған аяқтардың топыры, алыс-жұлыс, у-шу бәсеңдеп, күбір-сыбырға көшті. Ескі
парталар оңды-солды кисаң қағады. Үстінде қалам, қарындаш тоқтайтын кедергі
болмайды, тамағыңды қаттырақ кенесең – қойғаның домалап түседі. Оны алу үшін
рұқсат сүрау керек: қайдан тыныш болсын!
– Үкібасов,– деді мұғалім,– Үкібасов Болатбек?– Он екі, он үш жастар
шамасындағы бір бала орнынан көлбей көтерілген, бойын жазуға үлгіртпестен
апай қол сілтеді:
– Отыр!
– Қайбалдин Нұрбек?
– Отыр!
– Шайқиева Шарапат?
– Отыр!
Бөлмеде екі класс – бірінші мен үшінші оқитын. Мұғалімнің оң қолында – терезе
жақ қатарға бірінші отырады. Жаңағы тәртіппен сегіз-тоғыз оқушыны тұрғызған
соң апай:
– Садықжанов Идаят?– деп, класты тінте қараған.
Кеше, сабақ басталған күні аталмаған фамилия болғандікі ме, бала біткен бұған
бұрылды.
– Садықжанов Идаят?
Идаят үн-түнсіз, айнала, бейтаныс құрбыларына жатырқай қарап отырған.
Жанындағы бала шынтағымен нұқып қалды, бұл түйіп жіберді.
Мұғалім үшінші рет қайталады:
– Садықжанов Идаят!– Үн жоқ.
– Идаят, саған айтам! Неге тұрмайсың?– Қара бала әркімнің бетіне күлкі боп
қалмайын дегендей күдік, қауіппен жалтақтай, түрегелді.
– Идаят деген сен емеспісің?
– Мен!– Класс ду күлді.
– Апай, бұл әлі атықпаған бала.– Мұғалім қаламын шошайтып, тыныштық
талап етті де, Идаяттан жұмсақ қана:
– Неге тұрмадың?– деп сұрады.
– Садықжанов деген мен емес.
Бірінші кластың балалары ересек-тін. Тосын көрген кісі «біріншісі» қайсы,
«үшіншісі» қайсы – айыра алмастай еді. Ішіндегі ең кішісі, сегіз жасар Сауытбай, ол
да қызық жасай алады. Ештеңе тыңдағылары келмей, назар, бейіл аударатын
сылтау іздеп отырған кластастарын сөзімен, не оқыс қылығымен бір күлдіруге
жараған бала – жаман болар ма. «Қызық жасайды» деп сондайды айтады. Мұғалім
тақтаға «Б» әрпін салып, түсіндіре бастаған. Сауытбай отырған қатар тыншыр
болмады. Сыбыр-сыбыр сөз, сықырлаған парта, күлкі.
– Тыныш! Бері қараңдар, мынау.– Осы сәтте жаңағы бала сыңар саусағын
жоғары, шанша көтерді.
– О не, Ақжонасов, айта ғой?
– Мұғалім, дәрет сындырайын-дағы.
– Ақжонасов, олай айтпас болар оқушы бала. Былай сыпайылап, түзге отырып
келейін деп...
– Мұғалім, түзге отырып, дәрет сындырып келейінші!
О күні жиырмаға шейін үйретті. Бір, екі, үш, төрт, бес; он, он бес, жиырма,
отыз... Идаят жүзге жеткенше мүдірмейтін. Еділханның ұстаздығымен әліппені
түгел таныған. Ендігі оқудың бәрі – артық секілді көрінді. Сабағы осы ма? Мына
мақаулар түк білмейді. Тақтаға бадырайтып, ақ бормен жазып қойған жаңағы «Б-
ны», жалғыз әріптің өзін көшіре алмай, пышылдасып жатыр. Мұрындарының көп,
жиі тартылатыны сонша, беттеріне қарамай, құлағың салсаң, класс жаппай жылап
отыр екен дерсің! Іші пысқасын қасындағы баланың дәптеріне көз салған. Ол «Б»
таңбасын келістіре алмай әуре, қарындашты қысып, қатты ұстағандықтан қолы
қалтырайды. Біресе тақтаға, біресе дәптеріне қарап, тары шоқыған тауықша, басы
дамыл көрмейді. Қара бала аяп кетті: ымдап, өзіне бұрып ап, дәптерін, дәптеріндегі
«Б» әрпін көрсеткен. Мұны анау мақтаныш деп түсінді. «Көрдің бе, мені, қалай-
қалай жазам» ғып қабылдап, қатты қорланды. Әйткенмен бір күн болса да,
Идаяттан бұрын оқыды ғой, мектеп, тәрбие көргендігін істеп, тістене, қолтығының
астынан ғана сыбырлады: «Қопи-май, қыс-сып отыр!» Шөтке шаш әуелі түсінбеді,
сосын таңданды, сонан кейін барып, «а-аа? неғыл дедің?» деп түсін суытты. Бала
басын изеді: «дегенім сол!» Бірінші класқа тапсырмасын айтып бітіп, мұғалім
үшіншіге енді ауысқан, кенет, екінші парта сатыр-сұтыр, сарт-сұрт бола қалды.
Сейтіп, бірінші кластың, бірінші күнінің бірінші сабағын «бәйге бала» бұрышта
тұрып өткізген. Одан кейін де талай қызықтар... жарайды, асықпайық.
Қоңырау соғылғанда мұғалім сол қол жағындағы есікті бір шекесімен нұсқап:–
Жүр!– деді. Мұны желкесінен демеп кіргізді. Завшкол тақтасында II–IV таңбасы
бар, екінші бөлмеде, төртінші кластың бір қызымен әңгімелесіп отырған, бұлар
келген соң жүзіне сәуледей тараған күлкісін жиып ап, қабағын түксите қойды. Бұ
қылығының бүкіл болмыс-бітіміне жарасып жарымағанын өзінен өңге түгел ұқты.
Қайтсе де, мектеп меңгерушісі емес пе, сыр бермеуге тырысты.
Қанағаттың Завшкол аты болмаса, заты – бала. Қанішкеннен он жылдықты биыл
бітірген, он жеті, он сегіздердегі жас еді. Идаят оның бетінен, қанша тінтігенмен,
қалың қара қасынан бөтен бала қорқытар ызбарлы ештеңе таба алмады.
– Шырақ, Қанағат,– деді апай, ана қызға «кете бер» ишарасын жасап,– Қанағат,
мына оқушы сабақ үстінде төбелес шығарды. Атын айтсам орнынан қозғалмайды.
Былай жөні дұрыс бала сықылды. Бағынғысы келмей ме, әлде… – Қанағат бөліп
жіберді:
– Реке, демала беріңіз, сөйлесіп көрейік,– деді. Әйел сөзін аяқтамастан шыға
жөнелді. Бұған оңаша қалғаны