ы.
Қашқынның денесі, кенет, солқ етті, осы секунтта екі аяғы бірін-бірі дәрменсіз
шалып, құлап бара жатты, тапаншасы тағы бір от алды. Жирен айғырдың қақа
маңдайына көкшіл-ақ түтін сақина боп, дөңгелене қойған, ортасынан жуан шеге
сиғандай (саусақ емес) тесікті көз байқап үлгергенше жануар басын шайқап, шайқап
барып, жалпағынан, гүрс ете түсті. Сейсімет еңіреп жіберді:
– Мал көймеген көйгенсіз-ай, жайықтығым-ай, Алла-ай!– Екі-үшеуі ақ қабаққа
жүгірді, қыздың сұрқай, сәтен көйлегінің сол жақ омырау тұсы, мол төгілген сияға
тастай салған сорғыш құсап қоңыр-күлгіндене, етіне жабысыпты, күлімсіреген
қалпы шынтағымен жер таяй жантайып қапты, құламаған.
– Қақ жүректен тиіпті,–деді біреу, сонсоң ұза-ақ, ұзақ таңдайын тықылдатты...

14
Алғаш естігенде Сақал-Сатым:
– Майталман-ай! Шешесіне қиын болды-ау. Өледі ғой, о байғұс, өледі,– деп
қиналды. Біреу оған желкесін беріп, сырт айналды.
– Неге өлсін. Кеудеде жаны басқа адам! Жылап-жылап, шелегін алар да сиырын
сауа берер!
Жирен айғырдың қазасын Идаят бір түс азалады. Сисенбай үш тал сақалын
салалай көзін жұмып, біраз ойланды. Сонсоң, бұл оқиғаны есте қалдырарлықтай
етті, сұрағы, үкімі аралас бір пікір айтты:
– Осы жұрт сол жалғыз атты жолаушыдан неге қорықты? Сонша дүрлігіп,
мұқым, сірә?!
– Мылтығы болғасын-дағы,– деді Сандыбай.
Сисекең оған да сөз тапты:
– Туһ!
Қуантайдың қызы жайлы:
– Қара бет боп тірі келгеннен өлгені жөн со жақта!– деді бір әйел. Екінші әйел
аяныш білдірді:
– Қыршын кетті қасқа!
– «Жаңа өмір» бақыты қайтқан қалқоз ғой,– деді Қарашаш,– Көрмейсің бе, сұлу
қызы мен жүйрік атына шейін ұшырап жатқан пәлесін! Өй, хақымақ анаңды.–
Еділхан былай өкінді:
– Қап! Рауханның күлгені әдемі еді! Бәрінен қапы шошынған Әжекеңнің кемпірі
болды:
– А-аа? Не дейді?
Әжімгерей қарт екі-үш күнге шейін үндемей қайғырды. Сонсоң шуда-жібін алып,
жастық ағашына жантайды.
– Өліп бара жатып, аты мен әйелін бірге әкеткеніне қарағанда... не халық, не
адам болды бұл, жаным-ау? – деп толғанды. Ал, осының бәрін қорытқан,
баяғыдан бергі алып қашты әңгіменің түйінін түйген, қорқыныш, күдік, уәйім,
қазаның бәсін кескен Бекең басқарма ескі тақтай орындығын қиқ-шиқ еткізіп, сыңар
танауын қасыды:
– Мм-ее, жолдастар, дұрыс, дұ-ры-ыс!




Екінші бөлім
1
Идаят есіктен кіре қолындағысын толғап-толғап тұрып, лақтырып кеп тастайды.
Содан қара жиек салып жұқа ақ киізден істелген жеңіл сөмке аузынан дәптер,
қалам, қарындаш, ол-пұлы қобырап, әр жерде бір жатады. Өзі қарнын тойдырмай
қағазға жоламайды. Мамасының ақылы: «аш құрсақпен оқу оқыса – миы айналып
кетеді». Шашқанын жиып, шаруасын түгендейтін кісі бар: Қызбала жеңгей,
Темірәлінің әйелі. Ертеңді-кеш баққаны қара баланың қасы мен қабағы. Ілтифаты,
күтімі сондай, алғашқы кезде мұның өзі қысылып жүрді. Келе-келе үйреніп алды.
Жеңгесі, бәрібір, үбек қағады, үздігіп сөйлейді: «же, садаң кетейін! Ө-өөй,
Әжатаның жалғызы!» Сөйлегенде еріні – бақыраштың ерніндей шәушие, сүйірлене
қалады: «Ө-өөй, Әжатаның жалғызы!» Үзіліс сайын жүгіріп дүкенге кіреді. Қыз-
бала, қашан болсын, бұрыштағы ағаш жәшіктің үстінде қолғап, шұлық тоқып
отырады. Идаятты көре сала ұшып түрегеледі, қалтасына уыстап кәмпит
толтырады. Әуелгіде бала жалтақтай, жасқана енетін, бірте-бірте бұған да еті өліп
кетті: Қызбаланың өзіне сонша жалпақтауы, асты-үстіне түсіп, садаға-зекет болуы –
заңды, міндетті нәрсе секілденді. Бірінші күндері сыңар қалтасының өзін, о кездегі
балада қалта көп емес-ті, қысыла-қымтырыла тосатын, кейін, қалтаға місе тұтпай,
бас киімін ұсынатынды шығарды. Жалғыз өзіне қалта да жетер еді. Ер жігіт
жолдассыз бола ма?! Соны түсінеді де жеңешесі тәттіні күрей салады, ізінен: «ө-өй,
садаң кетейін» (садағаң кетейін шығар) деп, сүйсіне күбірлеп қала береді.
Әжімгерей сентябрьдің екісі күні (бірі – сейсенбі, о күні қарт аттап шықпайды –
сәтсіз күн) кешке қарай немересін оқуға әкелген. Әуелі, түйенің үстінен мектепті
шолды: тым-тырыс, есігінде шәйнектей шойын құлып, сонсоң еңкейіп дүкенге
қарады: жабық. Алқасы бармақтай, шегемен түртіп қалса – ашылып кететін
көңілшек мәшинә-кілт. Әжекең мырс етіп, сақалын бір сипады, екі-үш итті
шабалата, Темірәлі үйінің қазығына кеп, түйесін шөгерді. Әңгімесін шәй үстінде
айтты.
– Шырақ, келін! Мынау – Идаяттың иығына зілдей қолын тастап кеп жіберіп,–
мынау менің кімім екенін білесің ғой. Оқытқым кеп әкелдім. Қарсы болмасаң
осында жатсын!– деді. Келіні қуанғанынан жылап қоя берген. Ертеңіне бастауыш
мектептің меңгерушісіне жолықты. Онымен не сөйлескенін ешкім естіген жоқ.
Сөйтіп, ұлын екі-ақ класты мектептің бір бөлмесіндегі көк шаңның астына
қалдырды да, шал дырау қамшымен қара інгеннің борбайын орай бір тартып,
шынтағы бүйірін соға, желіп кете барды... Содан осы үйде, жан жұмсамайды: тамақ
– ойын, ойын – тамақ.
Бірінші күні-ақ мұғалім, егде әйел, класқа уһлей кірген. Газетке орап ұстаған
кітап, журнал, дәптерін столға алып ұрды. Алақанымен маңдайын бір ысып, екі
шекесін қысып-қысып қойды. Қалтасынан сия толы, кі