мына үйдің есігі алдында да коқып-соқып, сол, ырыс пен құттың тұтқасы, аңқау,
қайырымды, қайран шешелердің бірі жүрген, андыздап шыға-шыға келген өңкей
қызыл жағалыларды көргенде қолындағысы түсіп кетті: екі шелек салдыр етіп, екі
жаққа домаланды. Иін ағаш шалқалай, жерге белімен тиген, екі басы кезек
қайқаңдап, бір қырыңа әзер жығылды. Кемпір бүкірейіп, еңкейе қалған. Тізелері
бүгіле бергесін екі алақанымен баса қойды. Өстіп, жайнамазға, сәждеге бас қоятын
кісі құсап тұрып алды.
– Сәлем бердік, шеше!
– Ләппей!
– Сәлем бердік дейім.
– Е, сәлемат бол, қарашығым.
– Шеше, бір әйел, бір еркек келді ме?
– Ләппай? Е-е, келді, қарашығым.
– Қашан келді?
– Иә, қарашығым, қуырдақ қуыр деп әкіреңдеп бітті. Таң атпай келіп алып,
зәремді ұшырды.– Кемпір бірте-бірте өзіне-өзі келе бастады,– бала әскерге кетті,
қарты құрғыр түйесін іздеп, үйде жоқ еді. Қуырдақ жасап бердім. Дұрыстап
пісіртпеді де. Барымды салдым. Енді жалғыз жамбастан басқа дым қалған жоқ,
қарашығым. Нанбасаңдар қараңдар өздерің. Қонақтан аяп қайтейін! Соны
пісірейін, қазір, құлыным, қазір.– Осы сөздермен үйге қарай жөнеле берген,
лейтенант дауыстап тоқтатты:
– Шеше, бізге қуырдақ керегі жоқ.
– Ләппай? Иә, қарашығым, сау бол онда, Алла разы болсын шешеңе
сенгендеріңе,– деді. «Жалғыз жамбас» қалдыға дау айтпағандарына шынымен
жадырап,– қасындағы әп-әсем бала екен. Құлағыма бірдеме деп сыбырлайды.
Естімедім, құрысын құлағы құрғырым құрыған құлақ қой менің.
– Не деді, шеше?
– Білмейім, қарашығым, білмеймін.
– Қалай кетті? Қашан кетті?
– Су әкеліп, шәй қайнатайын, түйілерсіңдер десем тыңдамайды. Көзінің жаманын
қайтейін, жібермейді кес-кестеп. Ләппай? Жо-оқ, баланы айтпайым, ана
қасындағысы, қарашығым.
– Қашан кетті?
– Мен ыдыс-аяқ жуып жатқанда... иә, қарашығым.
– Қалай қарай кетті, шешей? – Кемпір қолын да шошайтты, иегін де көтерді.
Құдықтан аттарын суғарды, сәл шалдырып ап, қайта мінді. Сонсоң, жаңа кемпір
нұсқаған бағыттағы ақ қабаққа келіп шықты. Қалекең тапаншасын суырып,
стволына үргілеп, қабына қайта салған. Екі-үш серігі содан көргенін істеді.
Сейсіметтің сойылы бұрнағы күнгі, сырғып түскен жерінде қалған. Қамшысын екі
бүктеп, оң алақанына койды да, салмақтап көрді. О да болса қару ғой, сонсоң:
– Би қиғын болғалы түй-ау, әйтеуій,– деп күрсінді. Із шығару бүгін кешегідей
жан қинамады: таңға жақын жаңбыр жауған. Жаңбырдан кейінгі, әсіресе, аз
жаңбырдан кейінгі із көрмесіңе, елемесіңе қоймай, жосылып жатты. Ауа ақ тымық
еді. Күн өртеп барады, шөптің суы кеуіп үлгірген. Келе-келе із тағы да иректей
бастады. Шоқал түбінен тағы бір хат табылды. Лейтенант бұ жолы бірден дауыстап
оқып кетті: «Шөл шыдатар емес. Мана бір қуырдақ жеген, өз айтуынша, ақырғы
дәмі. Енді құдық шығатын жер іздеп келеді. Асығыңыздар. Күдіктенді-ау деймін.
Мені бақылауы тіпті күшті, күндегіден бетер сақ. Әне, ерін ауыстырып, жирен
айғырға салып... Кеттік».
– Алла, ойбай-ай, сойлатқан екен ғой ит. Жийен айғыйға тақымы тиді, енді ол
жоқ бізге, жоқ!– Сейсімет атынан, үзеңгіні баспастан қарғып түсіп, ізге төнді:
Жирен мен Маймақ аяқ қатарласыпты. Атын жетектеп, екі жүз қадамдай жерге
жаяу ерді. Кенет, артына, жолдастарына қарап айқайлап жіберді:
– Иас екен, иас!– Бұлар сүт пісірім жүрген соң қарсы алдағы шағыл-үрпекте
сап-сары қияқ бастарының арасынан бірдеңе қызарып көрінді. Сыдырып келе
жатқан аттылар тоқтай қалған:
– Анау не?– деді Қайрекең.
– Жалау ма? Жалау емес пе?– деді Тайқұнанов.
– Жалау болса желбіремей ме? – деді тағы біреу.
– Өзі қозғалады,– деді Қали.
– Мынау ойамал... Иауқан,– деп әулікті Сейсімет.
– Түсіңдер!– деп бұйырды лейтенант.
Бұлар аттарын қалдырып, үрпекті айнала, қаумалай бастады...
Құдық қалың қияқтың ортасындағы тоқымдай ғана ақ тақырда-тын. Қызыл-
қоңыр, дым топырақ үсті-үстіне атылады. Кісісі көрінбейді, тереңдеу болса керек,
топырақ лақтырған күректің жүзі ғана, күн көзіне шағылып, жылт-жылт етеді:
кішкентай, әскери күрек. Қыз елу қадамдай жерде, шағыл-қабақта отыр. Өңіңкіреп
кеткен қызыл орамалымен бет-аузын шаңдып апты.
Дауыс: – Неге үндемейсің? Ішкім жоқ па?
Қыз: Жоқ.
Дауыс: Неге үндемейсің?
Қыз: Не дейім?
Дауыс: Ән сал!
Қыз: Шөлдеп отырмын.
Милиционерлер бұ кезде тақырды жан-жағынан қоршай, бір-бірден, екі-екіден
орналасып болған-ды. Сейсіметтен өңге тоғыз көз (бір көздерін қысып алған)
құдықта. Ендігісі тек шүріппені басу ғана. Күректің сулы топыраққа кірш-кірш
кіргені ап-анық естіледі.
Дауыс: Ән сал дедім ғой!
Қыз: Шөлдеп отырмын.
Дауыс: Шөлдегенде де ыңылдап отыратынсың.
Сейсімет аржағынан айналып, жақындай берген, Жирен айғыр кісінеп қоя берді.
Сол минутте лейтенант айқай салды:
– Ей, бандит, шық құдықтан!
– Құтылмайсың бәрібір!
Сол қолында тапанша, оң қолында күрек, ернеуі өз бойынан әжептәуір терең
құдықтан анау бір-ақ қарғып шыға келді, көк желкесіндегі ақ қабаққа карай жүзін
сәл бұрып, тартып салды да, атына ұмтылды. Әскери винтовкалардың бірі атылд