естіген) аспанға қарата атып-атып жібереді, қолы байлаулы бандыны көкесінің
дырау қамшысымен (тағы да ат үстінде отырып) жостыртады кеп! Бә-лем-м! Қалай
екен! Қімді басындың сен ит! Осы сәтте, манадан бері қорқып жолай алмай жүрген
бір топ милиция сау етеді. Бәрі мұнымен қол беріп амандасады. Астындағы Жирен
айғырды, ердің қасына саусылдата ілген мылтық, қылыштарды, жерде құм қауып,
буулы жатқан жалғыз көзді көріп, жабыла мақтайды: «Көрдіңдер ме, Әжекеңнің
ұлының қандай жігіт болғанын!» – деп, таңдайын қағады біреуі. Екіншісі: «бұ
балаға батыр атақ берсін, ауданға айтайық!»– дейді. Үшіншісі, үлкендеу кісі: «Өй,
қарағым, көп жаса! Азам-а-ат, жігіт болса – сендей болсын. Бірімізді мына,
қолындағы көп мылтықтарымен жазым ғылар ма еді, қайтер еді, сен болмасаң!
Қорғап қалдың, айналайын азаматым! Тусаң ту!» деп кемсеңдейді.
Шіркін-ай! Қиялындағы ерлігіне берілетіні, сүйсінетіні сонша тіпті жылап қоя
жаздайды. Көрсетер еді бұл сонда! Болғалы тұрған есіл ерді бұзауға жұмсап,
қорлауларын қарашы!
Жұдырығын түйіп, тістеніп барып, арықтау, қызыл-қасқа бұзауды періп-періп
қалды. Қызыл-қасқа жалпағынан түсетіндей көрінген, олай болмады, он шақты
қадам жерге текіректеп барды, сонсоң қайрылып бір қарады да, шөпке бас қойды
Мұның қолы қыр-құйымшаққа тигенді, қақсап ала жөнелді. Қа-ап!
Бұзауларды екі шошақтың аралығына таман айдап салды. Қайтып келе жатып,
онсыз да шолақтау жеңін түріп, қарының бұлшық етіне бармақ батырып байқады,
тастай сияқты. Санын, белін, қабырғасын қайта қайта ұстап көрді. Биіктеу бір түп
шағырдың басынан қарғып түскенде, табанына ақ тікен кіріп кетті. Отыра кетіп, сұқ
саусағының ұшын жалап-жалап алды, сонымен табанын сипалады, шөңгені таба
алмады. Тағы да банды, батырлық есіне кеп, өз мойнын өзі уыстап қысып қараған,
ырғайдай екен. Көңілі түскір жүдеп сала берді. Екі иығын көтере, бүкіл көкірегімен
бір күрсінді де, үйге қарай аяңдады
* * *
Қайдан іздерін, кімнен сұрарын білмей дал болды. «Жирен айғыр жоғалып
кетті!» Неткен сұмдық сөз! Көрінген адамға айту, хабарлаудың өзі ұят! Намыс пен
ыза ежелден малсақ жігітті қатты қинады. Таңның атысы, күннің батысы – аттан
түспеді. Іштеңенің жөніне түсінбейді, әйтеуір, іздей береді, қаңғи береді.
– Менде бій қыйсық бай ғой, айылмай жүйген! – Күнде неше кісімен кездессе де
айтатыны сол. Егер Жиреннің жоғалуына, – қолды болуына бағушыдан кінә болса,
сол кінә осыны айтса жеңілдейтін сықылды.
Бір күні кешке таман Сақал Сатым кезіккен. Бұл таңертең кеткен жағынан аты да,
өзі де әбден болдырып, қайтып келе жатыр еді. Сатымды көргенде қуанып кетті.
Мұңын шағатын тағы біреудің табылғанына қуанды, соны ойлап, жеңілейе бір
күрсінгеннен кейін:
– Менде бій қыйсық бай ғой, Сәке, айылмай жүйген,– деді. Көзінің ақ еті
қызарып, жанары мөлтең қағады, аузы икемге келмей, ат үстінде аңғал-саңғал боп
отыр. Сатым қатты аяды, сондықтан алдағысы келмеді.
– Қалқам Сейсімет, сен налыма, бәйгі атты ауыл ішінен іздемей-ақ қой, таба
алмайсың. Оны банды мініп кеткен!
– Не дейсің, Сәке? Құдай ау, бұ қыйсыққа не шайа бай? Банды мініп кеткені несі?
Банды мінді деген не сөз тәңій-ау! – Сейсімет мұны естігенде, тіпті, қақтықты.
Бұрын күдігі болса да сенгісі келмейтін. Солай ойлаудың өзінен қорыққан.
Сақалдың айтқаны шындықтың нағыз қоспасызы секілденді. Жаңағысын мәнсіз,
мақсатсыз қайталай берді:
– Банды әкетті деген не, тәңій-ау!– Мінгені – бурыл айғыр, екі желбезегі
бүлкілдеп, Сатымның биесіне оқыранған. Сейсімет ақырып жіберді:
– Өй, көйгенсіз, кейі кеткеннің малы!
– Қайда кетеді дейсің,– Сатым қамшы сабымен ерінің қасын тық-тық ұрады,–
қайда кетеді дейсің, бүкіл млеция, аудан түсті ғой соңына, қамықпа, ұстайды, ішіт
тшуу – деп, құла биенің жұмыр сауырын сипай қамшылап, жөніне тартты. Сейсімет
селпиіп тұрып-тұрып, соңынан ерген:
– Сәке, оны кім айтты сізге? – Анау таңдайын қақты, сонсоң білегіне
бүлдіргесінен қамшы ілінген оң қолын аузына апарып, сол жақ езуін сүртті.
Бұнысы Сейсіметке жылдай көрінді.
– Өзім, айтам, қалқам өзім, мен! –Ал, қылып алшы деген кісі құсап, ананың
көзіне үңілді.
– Тойс, как? Қалай? Сіз көйдіңіз бе?
– Иә, ізін байқадым.
– Япый-ау, мына шайда қайтып көйесіз ізін?
– Қалқам, мен жылқылы ауылдың адамымын!– Арыстанов жабыса түсті. Өзінің
де жылқышы екенін, сондықтан жылқы ізін сиыр ізінен айыра алатынын бір
ескертіп өтті. Әйткенмен малдың осынша шарынан Жирен айғырдың ізін Сәкеңнің
ажыратқанына сенбейтіндігін жасырып, түсінбейтіндігін айтып салған:
– Сен түсінбейтін зат көп, қалқам,– Сатым мынаның шұқыма сұрағынан қажыды
ма, әлде жәй құтылғысы келді ме, қабағын шытты. Жирен айғырдың ізін қалай
ажыраттың дегенше намыстанып қалған да түрі бар,– қалқам, солай. Сенбесең
миымды шоқыма.
Сейсімет, бақыр басы төсіне құлай мәңгіріп еріп, қалар емес. Кәртозын желкесіне
таман ысырып тастап, маңдайындағы екі қыртыстың екеуін де ортаң қолының
ұшымен асықпай, сай-сайын қуалай ысқылайды. Қатты ойланғаны! Кенет, атын
те