кетудің ретін таппай, іркіліп
тұрған-ды. Кедейге кім барсын – «молда» да осында.
– Түсіңдер, жігіттер.
Қарттың жұртты жібергісі жоқ. Үйде отырса – отыра береді де, далаға шығып
жиын-топ көрсе – айырылғысы келмейтін әдеті. Асы, шаруасы жетсе дүйім елді
қамап ұстар еді. Жаңа бейіт басынан да айналасына жалтақтай, әлдекімдерді қимай
аттанған. Үш көлікті өзгелерден сытыла, әдейі мұның соңынан ергенде іштей
қуанып қалған. Енді осы, соңғы сезімін қонақтарынан жасыруға тырысты. Аналар
бір-біріне қарап, иықтарын көтерісті: салт бойынша, кісі қойып қайтқан жұрт о күні
өлік шыққан үйден өзге қазыққа ат байламайды, өйтсе түскен үй адамдарының
біріне қатер болады-мыс.
– Жігіттер, әй, түсіңдер, ештеңе етпейді.– Әжекең түйесінің белкиізін қолтықтап,
есікке беттеді. Үйге кіріп төрге жайғасқан соң Сатымға қарата;
– Салт сақтағаннан өлмей қалған кісі көргем жоқ, тергей берсең, тізе берсең
аштан қатарсың!–деп, Құдайына бір қыңырайды да, жастығына жантая беріп,–
отырыңдар, шәй ішейік, кемпір, шоланыңның қуысы-мүйісін ақтарып көр, бірдеме
болар!– Кемпір:
– Сен отырғанда іштеңе тұрмас бұл үйде. Ертең жетіп келсе не бетімді айтам?!
Уһ, ұршығы түскір-ай.– Сөйдеп күбірлеп, көйлегінің бір жақ шалғайын ышқырына
қыстырған күйі, сүйретіле басып, шыға берді. Келгендер құм елінің қашанғы
салтын ұмытып, не ескермей түсірдіге жорып қыпылдасқан, мына сөзді естіген соң
жадырай, жайласа кетті.
– Осы қазір,– Ғұмар, етігін шешіп, босағаға жіперді, – осы қазір Жағыпар
марқұмның қабірінде не болып жатқанын айтайын ба?– Үйдің іші ала-көлеңке. Үш
кішкене қыз бүрісе, Ғұмарға қарап-қарап ап, көкелеріне тығыла түседі.
– Мәселен былай: гүрзісін сүйреп, әп дегенде, Әңкүр-мәңкүр жетеді. Жәкең
жөтеліп жатып, оның кіргенін аңдамайды. Жоғарыдан келген адам шамшыл
болады ғой, Әңкүр-мәңкүр ананың елең етпегенін сыйламағандық, бассыздық
түсініп, қатты кейиді:
– Ей, күнәкәр! Тұр орныңнан!– деп ақырады. Әңкүр-мәңкүрдің періште аты
бар, Құдай-екең амалсыз оған да қанат берген, періште булыққан сайын, қанаты
селкілдеп, ұшырып әкете жаздайды.– Саған тұр дедік қой, күнәкәр, тұр!– Жағыпар
Әңкүр-мәңкүрдің жүзіне көз салады: жап-жас, екі иығында едірейе қалған екі
қанаты болмаса бала, асып кетсең Сағынайдан үлкен емессің-ау деп ойлайды,
тұрмайын десе – жоғарыдан келген, тұрайын десе – желкесі құрғыр жібермейді;
ақырын тамағын кенейді, сол-ақ екен қиқылдап ала жөнеледі.– Күнәкәр! Жөтеліп
құтылғың келеді, әһ!–Періште қолындағы гүрзісімен бір қояды, Жәкең күл-талқан.
Қайта құрастырып, қайта жауапқа алады:
– Ей, күнәкәр! Мынаны айтшы.– Әңкүр өзінің Алла Тағаланың алдында атшот
беретінін ескеріп, жаңағыдай емес, жұмсап қалады,– әрі түк күнәсі жоқ адамды
жазалау оңай ма! Жәкеңнің сексен жыл өмір кешкенде істеген жаманшылығының ең
бастысы, ең салмақтысы сол санап,– Ей, күнәкәр, сен мынаны айт: қасқыр Құдай
жаратқан мақұлық па, жоқ па? Бол, тез!– Жәкең жөтел-жөтелдің арасында:
– Иә, рәббім, солай!– дейді. Періште:
– Не солай?– деп ақияды.
– Қасқыр да Құдай жаратқан мақұлық. Үһ-үһ-үһ.
Әңкүр-әңкүр дүрісе қоя береді:
– Әші, неге аштан өлтіресің? Неге деймін мен саған?!
– Қарақ, үһі-үһі, ғүмыры қасқыр асыраған жан емен.
– Әнән, күпіршілігін!
– Қай пайғамбарым ед, бір пайғамбарым...– Пайғамбарды аузына алтанына
ананың, тіпті, жыны ұстайды: пайғамбар мықты болса, өзі құсап Алланың қасында
отырмас па еді! Хақ-тағаланың қанша пайғамбарды тамұққа тастатқанын білсе ғой
бұ бейбақ! Әңкүр-мәңкүр күрзісін ала ұмтылады:
– Ей, күнәкәр пенде! Мен Мұқамбетіңнің өзін қалшылдатқам! Мен! Мен!..
– Әй, Алла-ай, сақтай гөр, қарағым Ғұмар-ай,– деп кемпір жағасын ұстады,– не
деп отырсың, Құдай шебер! Сақтай гөр! – Идаят шам жағып, қонақтардың алдына
қойды. Кішкене қыздар үпір-шүпір, Ғұмардан көз айырмайды. Анау әңгімесін
жалғап:
– Содан,– дейді,– содан Құдайдың жендеті – Мен кіммін? Танисың ба, бейбақ?
Мен Әңкүр-мәңкүрмін – деп, төсін соғады. Манадан бері Хақ-тағаланың
қолдауымен қарық болып жүрген қарақтарының бірі шығар деп жатқан шалдың
Әңкүр-мәңкүрдің атын естігенде зәресі ұшатыны сонша, сөзі түгіл, жөтелінен
жаңылады, өлгенін сонда түсініп, қалтырай түрегеледі.
– АстағыпрАлла а-а… әсекетАлла ақ тоба-а-а! Тфу-тфу, біссімілда-һи,– деп
шатысады. Жауызға қорқып та жақпайсың ғой, анау одан сайын қаһарланады:
– Неге өлді деймін, күнәкәр! Қасқыр неге өлді аштан?– деп қалшылдайды.
– Уау алдияр! М-мен қой күзеттім. Қ-қасқыр…
– Міне, сенің күнәкәрлығың! Қой күзеттің! Қалхоздың қойында нең бар,
ақымақ?! Үйіңде қоңырситын май жоқ: жаныңды алуға барған Ғазырайылдың қолы
күйіпті. Түнімен жөтеліп, қасқырды үркітіп, қойға жолатпапсың,– деп түтейді. Қарт
бойын тез билеп алады, әрі өлген кісіге бәрібір емес пе, әңгімені енді былай
ағызады:
– Қарақ, бар ғой, қалқоздың қойында сенің де ақың жоқ. Қасқырды Құдай
жаратса, қойды да сол жаратқан. Маған ұйқы қиған Құдай, жөтел де берген. Күнәм
болса – мойныма қой, қоймасаң айналайын алдияр, көп күйсемей, басқа көрді
терге! Қай пайғамбарым ед, бір пайға