Тірі жаны бар үй ме өзі?
– Тіке жүрген кісіге иттің үйі тиіп тұр екен де.
Бұлар көлік солығын бастырмастан, желіп келген бойлары, ат-соқаға тұмсық
тірей тоқтады. Жым-жырт. Түндік жабулы (мүрде шыққан үй, салт бойынша,
қонақтың алдынан ұмтылмайды, аттандырып та салмайды), есік түрілмеген, оң жақ
босағадан жеті-тоғыз қадамдай қашықта топырақ үюлі жатыр – өлік жуған жер.
– Қайсың құран оқи білесің?– деп күбір етті лейтенант атының аяғын тұсап
жатып.– Сіз білетін шығарсыз?
Сейсімет таңдайын тық еткізді.
– Мен!
Олар опыр-топыр үйге енген. Қазан-аяқ жақта жүн түтіп отырған кемпір ұшып
түрегелді. Қос қатар жүктің ортасына, қақ төрге қаздия қалған қара шал қыбыр
етпеді. Қалекеңнің сәлеміне кірпігін бірер қақты да қойды. Кілемдер жаюлы, дайын
төсектерге малдас құра, отыра-отыра қалысты. Кемпір жалма-жан бақанға
асылдыра салынған дастарқанды жұлып ап, жайып кеп жіберді. Тер жуған бет-
жүзге болымшы ғана салқын леп тиді. Сейсімет картозынын маңдайын желкесіне
қарата киіп, шарта жүгінді. Қалекең оқыс бір жөткірінді, сосын, көтеріле беріп,
бастай жөнелді:
– Ағо озбилләһи минәжшайтан иражжиім, бессмел-ләһи ир рахман ир-рахим, һе-
һе,– тамағын олай-пұлай, қырнап-сырнап үзген жерінен қайта бастады,– ағо оз-
билләһи минәжшайтан иражжиім, бесмелләһи ир рахман ир рахим, әуәләй сәлләзи
қалақ, жоқ, олай емес, һе-һе,– деді.
Бала мысық босағада шарғы жіп тарқатып ойнайды. Көлеңке жақтан, ірге-
аяқтың қар бойындай түрілген тұсынан әлсіз леп еседі. Үйдегілер түгел бастарын
төмен сап, жер шұқып қалған. Анау жаңылған жерінен қайта бастайды. Қайта
бастайды, қайта жаңылады. Жаңадан тағы бастайды, жаңадан тағы жаңылады.
Ұяты бар кісінің қол жаю ырымын етіп, бұ секілді бата-дұғадан құтылу қамын
жасайтын мезгілі болып еді.
Қалекең бұлардың ішіндегі ескіше ең білікті адам-ды. Молдадан біраз шыбық
жеген, «Иманшартты» бітірген кезде жаңа заман орнады. Бірден совет қызметіне
араласты, жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде еткен еңбегі бар, әсіресе, ТОЗ-
дың уағында көп жұмыс атқарған, коммунист, бір ғажабы: намаз, түрлі аят,
тарауық білем деп сөйлеуді ұнататын. Әншейінде көкірегінде сайрап тұрған
сияқтанатын «ағоздың» қазір пұшпағын таппай қиналды. Қысыла сасқалақтай
отырып, соңғы рет әрекеттенді.
– ...ир рахман иррахи иім, әуеләй сәлләзи қалақ, жоқ олай емес, ир рахман
иррахи иім, әуәләй сәл ләзи қалақ, қалақ, жоқ, олай емес, а?– деп күйіне күбірледі.
Ыстықта жүріп кеп отыра қалған кісі қандай тершең, серіктері сырт көйлектерінің
шынтақтарына дейін қоңырайып, әзер шыдап отыр. Омырау түймелерін ағыту да
естеріне келмейді, себебі... Құраншы әбден бытысты. Ішінен тағы бір мәрте
қайталап көруге бел байлаған:
– Әуәләй сәлләзи қалақ, құлқу Аллаһи... жоқ, олай емес!
– Үй иесі басын сілки көтеріп ап, кенет, шақ-шақ күлді.
– Әй, ит-ау, енді қалай, айтсаңшы!– Сонсоң, иегіне қойған сақалындай шоқшиып
отыра ғап, «ағозды» өзі тартып кетті.
Қайратты, қайсар жандар қайғыны да бөлекше көтереді ғой, үй иесі сондай адам
боп шықты. Қайғысы – қайғыдан гөрі ашу, ызаға көбірек ұқсайды, тас-түйінше
қатып алған. Жалғыз баланың қазасы жасы жетпіске таяған қартты қасіретше
езбей, ыза-кекше қайрап, бекіндіріп жіберген тәрізді. Шағып сөйлеп, кекеп күледі.
Жүрек басына жинаған уын кімге, қалай шашарын білмейді-ау дерсің! Себебі: ілкі
әзірде Қали екеш – Қалиға тіл қадап, тіс батырып отырды. Қалекеңнің де, әсіресе,
осы сапарда, құмның талай шалынан тәсі қайтқан-ды, маңдайыңды бір ісірген
қабырғаны екінші рет сүзбеу үшін көп ақылдың керегі шамалы, қорқа білсең
болғаны да, Қали оны сезетін, «дұғасы» біткесін, үй иесімен алысқан екі-үш ауыз
аман-саудан соң-ақ сөзді қойған. Осының арқасында серіктеріне кезек тиді,
қонақтар қайғылы қартпен кәдімгідей әңгімелесті. Бірақ ол мыналарды тең тұтып,
менсініп жарымады. Қанша жасырғанмен онысын сездіріп алған. Әншейін қаңғыр-
күңгір, жоқтан тәуір санаған сыңайы бар. Кемпір қанша күлсе, сонша жылады.
Еңіреп отырып, ұлының ер-тұрманы хақында айтты. Жасын кейін салдырып,
әскерден алып қалғанын жырдай баяндады. Сөйткен жалғызының қазық басында,
ажалының жылқы тұяғынан болғанын шақты.
Бір орайда:
– Құдай-ай, баласы соғыста өлген кемпір-шалдың арманы бар ма екен? Менің
қарғам қор болып тұяқта кетті-ау, қайтейін!– деп зарлады. Тағы да соғыс!
Қарт тәмәм қоштасарда иек қақты:
– Әлгі, кешегі қағазды көрсетсейші?– Кемпір кереге басындағы қара киіз
дорбадан «біссімілләһи» деп Құранды суырды, арасынан үш бұрыштап бүктелген
кішкене хатты әрең тауып, лейтенантқа ұстатты:
– Суға салып берген, кептіріп қойдым!– Анау хатты тез-тез жазып, ішінен оқып
шықты; өңі бұзылып жүре берді;
– Қашан келді?
– Кісілер ме? Кеше түсте.
– Қасындағы кісінің түрі қандай, есіңізде қалды ма?
Айтып көріңізші, бұл өте маңызды мәселе.
Кемпір ойланып.
– Түрі? Киімі ме?–деп сұрады.
– Сушай, о не?
– Жоқ, былай, бет пішіні, сүдіні.
– Қара мұрты бар. Кеуделі. Иығында әлгі бір... немене еді, атылатын, ия, осы,
өздеріңдегідей.
– Қыз мұны қалай берді с