бақтағы ізді көріп, шошына тіл қатты:
– Сушай, мына ит төртеу, төрт кісі боп шықты ғой? Қатар жүруін көрдіңдер ме?
– Бәсе десей, байқады Қалекең! Қайран тарлан!
– Менің көзім, – осы арада Қалекесі өз көзін өзі шұқып-шұқып қалды,–
менің көзім құммен, ізбен шыққан, мен білсем, мұның жасырын жасағы болды!
– Ана қабақтардың, мына көп бұталардың тасасында талайының тығылып
жатпасына кім кепіл?!– деді, топқа ең соңынан қосылған біреу, айналаны елеурей,
үрке шолып. Лейтенант жігіт ізді шағылдан түсіріп сап, қайта оралған. Сатымнан:
– Сіз не айтасыз бұған?– деп сұрады.
– Бәсе десей, бұ шал не айтады?– деді әлгі.
– Топ-тобымен жүрген бұл із, бәлкім, басқарма, бригадир, солардың ізі шығар?
– Жоқ, олай емес, бәйгі аттың ізі танымал маған.
– Танымал, танымал! Іздің қай жеріне жазылған, бәйгі аты деп, аһ?– Қали күн
қызған кездегі құмның ай-құлақ батпасы құсап, Сақал Сатымға шекесінен қараған.
– Отағасы, анық сол ма?
– Сол, қалқам, анық соның ізі.
– Әй, қайдам,– деді Қали, ішінен мына іздің бөтен із болғанын бар жанымен
тілеген кісінің шырайымен, өйткені, төртеу. Төртеуінің де мылтығы болса, төрт
мылтық қатар атылса, құрығанда, біреуінің оғы Қалиға тимегенде... Құдайға тие
ме?!– Әй, қайдам, шал, жарайды, сенікі жөн болсын, із соныкі дейік, сонда...
бандымыз қалай көбейіп кеткен?– Қалекеңнің екі көзі екі шекесіне қарай аунай
бастап еді, бетінің қара меңдері көгістеніп көрінді.
– Бәсе десей!
– Иә, деймін, қалай төртеу болды?
– Соны айтшы?
– Бұ кісі қайдан білсін.
– Қоя тұрыңдар, жолдастар, отағасыны тыңдайық та алдымен.– Осыны айтып,
лейтенант қалтасынан темекі сауытын суырды.
– Мынау, бәйгі аттың ізі,– деді Сатым қамшысын кезеп,– бәйгі ат жетекте,
байқамайсыз ба, көбіне ана ізді үстінен басады. Кейде жанына шығып кетсе, ол
жылқының соңынан аяңдауға құлықсыз мал. Мынау құла-төбелдің ізі, үстіндегі
қыз, Қуантайдың қызы, оның жетегінде де ат, бос ат. Қашқан кісі сүйтпей, қос
аттамай қайтеді?
Қос ат мінді дегенге аналар да құлақ асады. Тек сенгілері келмейді. Себебі: бұ
сапарда талай сезіп, алданып, ауыздары күйген.
– Мейлі дейік. Сонда ол Жирен айғырға неге мінбейді? Ол жүйрік қой,
жеткізбеуге, қашқанға сол жақсы емес пе?– Сатым күліп жіберді, оның күлгеніне
аналар, әсіресе Қали тас-талқан боп ашуланды:
– Панимайш, күледі ишо, аһ!– Осыны айтып Қалекең серіктеріне қараған,
ашуланғалы тұрған ешқайсын көрмегесін басыла қойды.
– Ол қуғанға да жақсы,– деді Сақал.
– Еһе, бұған күлкі екен ғой?!–деп, Қалидың ыңғайымен тағы біреуі шытынап
келе жатқан, лейтенант сөйлеп кетті:
– Отағасыныкі дұрыс, қазір ол ауанымен барады, әзір жанын қысып жатқан
қуғыншы жоқ. Жүйрікті кейінге сақтауы логикаға сияды. Асылы, көп даурығудан
тапқанымыз белгілі, кеттік ізбен!– деген. Ал, қалғандары түрлі күдік айта, бірінен-
бірі есуас сауалдар қойып, Сатымның берекесін алып бітті. Дәлелдесе – түсінбейді.
Шетінен ежірейіп, елігіп тұрған біреу. Осындай азаматтардың кещелігіне,
үргелектігіне күйінген өңге кісі: сен «басымды қатырма» дейді ғой, мынау басқаша
айтады: «Миымды шоқыма!» Қуғыншылардың ортасынан, сөйтіп, «миын
шоқытып», әрең құтылып еді, алдынан Сейсімет кездесті. Со күні, әйтеуір,
Сәкеңнің жолы болмай-ақ қойған.
Лейтенант жағдайды қысқаша баяндап берді. Қырдың жолын білетін кісі ретінде
Қали сөз алды:
– Жолдас ілтенант! Жолдастар! Бұл оңай іс емес. Екі шоқып, бір қарайық. Банды
түсіруге батырлық керек. Оған қоса қырағы болуға тиіспіз. Айталық, осы қазір
банды ана қабақтың астынан оқты жаудыртып қоя береді. Сонда не істейміз?
Бәріміз бір кісідей оққа ұшамыз ба?– Қалидың осыны айтуы мұң екен, екі-үш серігі
бұғып үлгірді,– міне солай, уат так!– Лейтенант күліп жіберді, сонсоң күп-күрең
боп кетті. Екінші біреу қостай қойды:
– Әне, есті сөз! Банды қуғанымыз дұрыс. Әрине тезірек жетіп ұстағанымыз
жақсы. Ешкімді өлтірмегенімен бала-шаға, кемпір-сампырды қорқытып бітті.
Аудан бізге бұ сықылды қауырт шаруаны сеніп тапсырып отыр. Сенімді ақтау –
әрбір азаматтың абыройлы борышы, жөн деші? Алайда орынсыз ерлік орға
жығады, ерсінбейік, бір тасадан тартып жіберсе... Алла сақтасын! Әйтеуір, сақ
болайық дегенім ғой. Аудан бізге ұстаңдар, құртыңдар деді, жөн деші? Өздерің
құрыңдар, бәрің бірдей қырылыңдар деген жоқ, солай.– Сөзінің осынша қисынды,
дәлелді шыққанына мәз боп, қалтасынан «Метро» папиросының екі қорабын қатар
суырды. Өзіне-өзі сүйсінуден толқығаны сонша, саусақтары қалтырап,
«Метроның» бір талын ерніне қыстыра алмай, біраз әуреленді. Сонсоң барып,
сөзінің әсерін байқау үшін жолдастарына қарады.
– Ізі мұнда, о банды қайда ұзар дейсіз,– деді жастау біреу, сусыма құмға
шынтағын көме тіреп, шалқая,– қайда ұзайды ол? Біздің де мінгеніміз – жылқы,
сиыр емес. Бұл әперацияны сәтті аяқтадық десек те болады. Қалекең мен Қайрекең
жаңа өте дұрыс айтты: ағалық ақыл пайдаға осындайда аспаса, қашан асады?
Лейтенант жолдастан менің бір тілегім бар, соны айтайын деп ем...– жігіт бұл арада
мүдіріп, назарын төмен салды. Онысын жұр