домбырасын қолтығына қыса түсіп, шіңк-шіңк шертіп отыра береді. Ғажабы: ол
осы қылығын мақтаныш тұтатын сықылды. Әйтеуір бір қайғы, әйтеуір бір ой
көңілін алаң еткен сайын айналадағы, өңге жұрттан өзін биік санайды. Бұ секілді
азамат қай-да-а? Мұндай, бәйгі баладай болу үшін... қатар-құрбыларын ойша
өзімен салыстырып көреді: бірі түкке татымайды. Қолына домбыра берсең түге, бұ
құсап күй шертпек былай тұрсын, қалай ұстауды білмейді; шетінен бос, болбыр,
жаман, жауыр тайларынан күн-ара бір жығылудан бөтен өнерлері жоқ. Тым құрса,
бірде-біреуі өзі – Идаят сияқты асық ойнай алса екен-ау! Тағы кісінің жынын
келтіріп, «аттан жығылғанға күлмей-ақ қой, менің торы тайым Жирен айғырдай
өгіз емес, былш күйсеп, бұрған жағыңа жүретін» дейтіндерін қайтерсің! Өй,
Жиреннен садаға кеткірлер! Сол Жирен, атақты бәйгі Жирен енді әлдекімнің
тақымында кетті. Әлдекімнің шәйін қайнатып, Жібек апасы жүр. Іші-бауыры жидіп
жүре берген сияқты. Қазір домбырасының саға жағынан дәл осы сәттегі көңіл
күйіне сай бір үн тапқан. Саусақтары астынан шектің байырғы, үйреншікті дірілін
сезінгені сол-ды.
– Идаятжан-ай, бұзауды Қыстау шошаққа қарай айдап сала ғой-дағы, қыздары
құрғыр құдыққа кетіп еді,– кемпір мұны айқайлап тұрып айтты, Идаят анық естіді.
Бірақ ар жағында ызғары жоқ айқай, соны түсінді де естімеген бола салды. Әрі,
тыңдамауға болатын сынды, өйткені, қайталанбас, қатал бұйрық емес, өтініш,
мамасы да баланың бұзауға барғанын тап пәлендей қаламайтын тәрізді.
«Идаятжан-ай, бұзауды айдап сала ғой-дағы».
Жұп-жұмсақ: «ғой-дағы». Бұйрық атаулы «әйт!» «бүйт!» боп келеді ғой, мынау:
«әйте ғой-дағы, бүйте ғой-дағы». Салмақсыз, зілсіз. Баланы тілазар етуге бұдан
артық не керек?! «Түгеншежан-ай, сөйте ғой-дағы». Тіл алғысы келмеген бала
дауыстың ырғағына қатты көңіл бөледі және бірден тани, ажырата қояды. Қайтсін!
Жалыныштың, өтініштің қадірін үлкендер білсе – сол жетер! Сөйтіп, Идаят
домбырасын шертіп отырған, қара інгенді сораңға тұсап қайтқан көкесі, кең кебісі
қорп-қорп етіп, оң жақ босағаны айналып, есікке таяна берді. Кемпір мұның үстінен
табанда арыз жасады:
– Қарт-ау, ана баланы бұзауға жұмсап едім, естімеді ме, білмейім.
– Ұлым, шешең бұзауға жұмсапты сені ...
Идаят сөздің соңын күткен де, естіген де жоқ, шыға жөнелді. О, сонда бұзау
сорлыларға орнатты-ау ақырзаманды: әуелі шоқ жыңғылдан таңдап жүріп, жас
ұзын қызыл шыбық сындырып алды. Сонсоң ана жазықсыз бейшараларды, сол
шыбықтан тұтам қалғанша шықпыртты. Қайсы бір тұста іске жұдырығын да қосты.
Бұ қимылы мақсатсыз да емес-ті, өзінше жаттығу жасағаны. Бандымен кездесе қалса
соға білу керек, әрі қарға көбірек күш түсіре берсең, бұлшық етің мен бойың өседі!
Өссе екен тезірек!
Идаят соғысты лағнаттаған шал-кемпірді талай көрді, «уа, қарғыс атқыр қу
соғыс!» деп кемсеңдеген қызыл иектер әлі көп. Соғысты өзі де жек көреді.
Үлкендердің сөзіне сенсе, соғыс – құбыжық. Содан аман-сау қайтқандардан білетіні
– Сейсімет. Қоқима картоз, тік иық көк бешпет, екі медаль. Бірауық сондай киім
киіп, медаль тағуды армандайтын. Бірақ, ол үшін жиен ақасынша соғысуы, ерлік
етуі міндет. Соғыс болмаса ерлікті қайтіп, қалай көрсетпек? Сондықтан болуы
ықтимал, Қара бала Жирен айғырды банды әкеткелі бері соғысқа, соғысуға
құмартты. Бандымен бір айқасса – соғыс деген сол емес пе? Шөтке шаштың арманы
– сол, банды ұстау. Шіркін, соның «әкесін бір танытса!» Көзін жұмып жіберіп ойға
шомады, бандыны ойлайды, елестеді: бет-аузы тарғыл-шұбар, сақалымен белін
буған, қойны-қоншы толған мылтық, айбалта, қылыш, кигені – көкпеңбек болат
сауыт, жауырыны күржік, албастыға ұқсаған банды әрине, албасты көрген жоқ),
кәдімгі Жирен айғырдың үстінде, Ақсордың ар жағындағы қалың, ақ тікенді
бытқылдың ара-арасымен Төлеу қыстауына қарай бүлк-бүлк желіп, қаннен-қаперсіз
кетіп бара жатады. Бұл бір тасадан мұқият көріп алады, шабдыр байталмен
соңынан ереді. Қолында көкесінің дырау қамшысы. Анау шоқал ақ тікенді айнала
өте берем дегенде… қарсы алдынан ақырын шыға келеді. Банды – дүниедегі ең сұм,
жаман кісі, демек, ондайлар қорқақ болады,– ол қорыққанынан, қолындағы
мылтығын түсіріп алады, қойнындағы мылтығына үлгіртпей, бұл, «бәйге бала»
шабдар байталдың үстінен секіріп барып, бандының артына мінгеседі де, екі қолын
қайырып ұстай қояды. Банды бұлқынады, «бәйге бала» жібермейді, күші көп. Анау
бір кезде мұның бетіне қарайды (өзін кім ұстағанын көруі керек қой),
маңдайындағы бадырайған жалғыз көзіне қалтасынан бір уыс құм ап (о неғылған
құм?), шашып кеп жібереді. Анау шыңғырады, ойбай салады, «босата гөр,
айналайын інішек, «бәйгі бала» (қара баланың кім екенін ол да біледі екен дейді),
жаздым, жаңылдым, екіншілей сен шапқан жүйрікке тимеймін» деп жалынады. Бұл,
ер ғой, босатпайды, қайта, қолын батыра түседі. Ақыры, әлсіретіп, аттан аударып
тастайды, жеңілген жау топырақты сүзе құлайды, бұл ат үстінен еңкейіп, жаңағы
түсіп кеткен мылтықты, басқа қару-жарақтарын сыпырып алады. Сонсоң көзін тарс
жұмып қойып (м