– Әлгі, Арыстанның әскерден келген баласы айтты, жылап жүр, бейбақ, қалай
да жетем, Жиренді жібермейім деп кетті. Аңғаруымша, мына қуғыншылардан
нәтиже шықпайды-ау, ана Қуантайдың қызы бірдеме етпесе... оның да бағы күйді
ғой, күйді. Қуантай қандай жігіт еді. Жігіттің жампозы болды ғой, марқұм, иманын
жолдас етсін де жарықтығымның!
Көкірегі толы сөз, қозғап қалса, ағытыла жөнеледі. Әрі тез, асығып сөйлейді.
Жөтел-жөтелдің арасында айтып үлгіріп қалғысы келетін шығар, толассыз төгіледі.
Әжімгерей бағылан сойған. Ас піскенше талай әңгіме айтты, Қанішкен-Дыңғызыл-
Қошалақ, сол үш бұрышта естімеген әңгімесі қалмапты, түгел тоғытты, бірақ
ешкімді қаралап, не ақтаған жоқ. Бұ секілді жарымжан, әрі, көне көзділер
тыжырынғыш, қырсық, қарғысшыл келеді ғой, мына қарт басқа, қайта жұртты
кешіруге, түсінуге тырысатын сияқты, ал, біреуді мақтауға келгенде түбін түсіреді,
қайсыбіреулерді қаралау, даттау орнына өкпе, реніш қана білдіреді. Бір орайда
Темірәлі басқарманы мақтады:
– Кісі ғой, ол, азамат. Еңіреген ер. Өзін ғұмырымда, екі қайтара көрдім, үшінші
көруді Алла басқа жазбады, қайтеміз.
– О не дегенің Жәке, Құдай берейін десе, бір күнгідей болмас, келер, көрерсің.
Әрмиядан да үміттеніп отырмыз әлі,– деп, Әжекең қонаққа көз қиығын салған,
ішінен: баладан «қара қағаз» келгенін естіді, көңіл айтар деп күткен, Жағыпардың
ойында ондай жоқ боп шықты, сонсоң,– дұрыс айтасың, Темірәлі елге де,
шаруашылыққа да жақты!– деп қостады.
– Ел байғұс қашаннан сондай емес пе, бала-ау, құмның халқы қой тәрізді, кім
айдаса соның алдында шұбырып тарта береді. Темірәлі басқарма деді – ешкім
қарсы-лық етпеді, болды. Ибрайды қойыңдар деді – қойдық, ішкім ештеңе айтқан
жоқ. Бір күні: «Ойбай, қате екен, мынау жаман адам, байқамай қаппыз, түсірейік»
десе, түсіре салады, жұрт онда да сөз айтпайды. Тағы біреуді атқа мінгіземіз, оның
да қолтығынан көтереміз. Бізге не! бір-екеуі омырауын ашып, желпініп сөйлейді,
бәрі жабылып шошаң-шошаң қолдарын көтереді, сөйтіп тағы бір сорлы, енді
түспеспін деп,– естуім-ау, Әжімжан, естуім,– ерге отырады да, бір күні о да
жалпағынан қалады...– Жәкеңнің сөзі тым ұзарып бара жатқан соң үй иесі әдейі
бөлді.
– Темірәлі тәуір адам еді. Шаруаға шынымен жаны ашитын. Қалхоздың тышқақ
лағының тілегін тілейді дейтұғын, мүскін. Ақыры абройсыз кетті, обал-ақ.
– Әлжанның ұлы-ау, әлгі Аудан деген үлкен кісіге, тәрізі шаруаға шын жаны
ашитындар жақпайды ғой дейім. Әйтпесе Темірәліні түсіріп, Ибрайды мінгізбес
болар, қызметке ат көтеретін біреуді қоймаса, өзі қиын ғой. Жаман жігіт емес
деседі. Шаруаға – білетін, иелік ететін кісі керек. Соғыстың, Керманның қырсығы
ғой бәрі. Көктемде, жабағының кезінде үйге келді. Қой қырқылып атқан. Есік
алдында, қырқаның басында бір қанар жүн тұрған-ды; бір айналып қарасам сол –
екеу болып қалыпты. «Апырай, бұлар мына қырқумен қой шыдатпас, жаңаның
арасында тағы біреуін толтырып үлгірген, шамасы, а?» деп ойлап, жанына жетіп
барып қарасам, қанарым сөйлеп отыр:
– Ақсақал, үлкен кісі, қойды неге жығып бермейсіз,– дейді. Бақсам, басқарма
екен. Келін қарғам анадай жерден дауыстап жатыр:
– Ақа, қой бағатын о кісі емес, мен. Сонда деймін-ау, зекетің болайын, әлгі
басқармамыз келін екеумізді шатыстырыпты. Міне, шаруаның адамы.– Осы
халімен әзілсіз сөйлемейтін рух күшіне Әжекең сүйсіне таңданды. Анау тағы күліп,
тағы жөтеліп қалды. Бесіннен кейін асығып, тыпыршып бітті. Бағыланның етін
апыл-ғұпыл жеп отырып, қазан-аяқ жақта шүпірлеген балаларды мегзеп, мырс-
мырс етті:
– Әлжанның ұлы-ау, мына сәбилердің бәрінің де аты бар ма? Сорпа сапырып
отырған кемпір ыршып түсті:
– Аа-а-а? О не дегеніңіз? Сақтай гөр, Алла! Көпсінгеніңіз бе?
Әжімгерей бүкіл денесімен селкілдеді, сосын ернін тістеді, бірақ жүзінде реніш,
өкініш емес, тағы да таңдану, одан гөрі сүйсіну басым еді:
– Істеп отырғанын қарашы, ой,– үй иесі тағы біраз селкілдеп алды,– көрдің бе
мұны? Қажап отырсың, а, қу шал! Балаң аман-сау оралсын да, басыңа келсін!
Айтарым сол саған!– Жағыпар мұңайып, түңіле сөйлеген:
– Ондай «қарғыс» маған қонудан кетті ғой, Әжімжан, ғұмыры баққаным,
баптағаным,– жалғыз шыбық еді, ол көктей солды. Тұқым өшті деген осы. Шүкірсің
ғой сен, шүкірсің. Келіп кетер ертең. Тіріні – күт, өлгенді – күт! Ол болмас, болмас!
Жәкең қон, жат дегенге қарамады, жөтеліп-шашала көлігіне мінген, аттанып бара
жатып:
– Қай пайғамбарым еді, бір пайғамбарым пайғамбарлық құрарда Алла
тағалаға...– деп, қиқылдай жөнелді. Сөз бен жөтел бірін-бірі көміп, жым-жылас етті.
Сөйткен Жағыпарды қойып қайтқандары-тын.
Әжімгерей бастаған бір топ кісі, тақымдарына қыстырған күректерін жүзі
жылтырай, жантақ үрпектен құбыла-батысқа құлап келе жатты.
* * *
Күрегін суырып, қазандық жанына қадай лақтырды. Күрек дым топыраққа
жүзімен, ұңғысына шейін кіріп қадалды да, сыптығыр, ұзын тал сабы дір-дір қақты.
Қарт қараала бұйданы сілкіп қалған, қара інген шөгіп болғасын барып қынқ етті.
Сақал Сатым бастаған үшеу үй үстіне келіп қап,