Айыстанов Сейсіметпін, жиен айғыйдың иесі. «Жаңаөмій»
қалқозының жылқышысы... Нанбасаңдай дүкәмәтім бай, мұнда!–деп, «тұтқын» сол
жақ төсқалтасын иегімен нұсқады (қолы көтерулі), содан кейін күлімсіреген болды.
Онысы... егер, өлген кісі, өлік күлетін болса дәл осылай күлер еді!
– Сорлы-ау, өліп қала жаздадың ғой?!
– Сушай, әй, үстіңдегіні қайдан алдың?– Көк бешпет пен көк шалбардан мықтап
күдіктенген, сонысын жасыра алмады. Әрі өз жүрегін орнықтыруға біраз уақыт
керек-ті, сөйтіп, киіміне бола, Сейсіметке біраз зіркіл салды. Ұрсатын, ұрысқанда
сөлбірейіп тұрып тыңдайтын кісі тапқанына әжептәуір сергіп, кәдімгідей күш
жиып алды. Содан өз сөзіне өзі иланып қалды. Сол мезетте оған нағыз қылмысты
жан – осы, Арыстанов көрінді. Кім болса ол болсын, әйтеуір, біреуге жауықса,
содан жау тапса жаны кіретін адамдар болады-ау, Қалекең сондай кісі болатын.
– Жау киімін киіп алып, тал түсте!
– Атқан кім?
Үн жоқ.
– Жаңағы мылтық атқан кім деймін?!– Біреу төмен, аяғының басына қарады,
желкесін тырнады, бір уақта барып күмілжи тіл қатты:
– Мына мылтығы құрғыр бұзық па, байқаусызда... атылып кетті.– Сейсіметтің
жүзіне барлай көз сап, бір жымиды, жеңілейе күрсінді. Лейтенант әлгінің түрін
көрді де, ештеңе айтқан жоқ, атқа мінерде ғана:
– Екінші мұндай болмасын!– деп ескертті.
– Жоқ-ау дейім, ілтинант жолдас, үстіндегісін қарашы мынаның! Сен мұнымен
бір күні атылып қаласың, от, қара да тұр. Оп-оңай атыласың! Жаңа оқ слушайно
атылмай, көздеп атылғанда... әй-әй, не карашо, не карашо,– деді Қали, бастапқы
райынан қайта, бірақ Сейсіметке әлі де тінте, сескене шолу жасап.
– Сіз бізбен бірге жүресіз бе?
Сейсімет басын изеді.
– Жарайды делік, біз ізді тастағанда не ұтамыз?
Сейсімет сыдырып барып, оң жақтағы ақ тақырдан із шығарып қайтты. Содан,
он аттылы сауылдай, Азауға, Астраханға қарай жолсыз, тура бет алды. Көкжиекте
мұнартып-мұнартып ірі шағылдар көрінеді. Алыстығынан ба, мұнардан ба –
түстері құм-сары емес, күл-сұр. Көкке шапшып шыққан толқын сынды, бір
қарағанға тынымсыз, аунайды, көлбейді. Аспанда сүт бетіндегі қаспақтай қалқып,
екі-үш түйіртпек қоңыр бұлт жүзіп барады. Бірақ ешқайсысы күнге жуымайды,
әдейі бұрылып өтетін сияқты. Шыжып тұр. Қызыл қанат шегірткелер ат аяғына
пышыр-пышыр соғылады. Қошқыл қара қаттар ақ тікен бұталардың ара-арасынан
мөлдіреп, тұнып қарайды: «үзбегенің бе, бұрылмағаның ба?» деп назданатын
сықылды. Дәні түсіп қалған сұлы басы алабұғаның қаңқасындай селдірей қаусайды.
Дүниеде жүрістің, қозғалыстың бар екенін білдіретін шөптің шыңылтыр сыбдыры
ғана. Аттың тұяғы батқан құмдауыт жерден де дыбыс шығып жарымайды: бырт-
бырт, бырт-бырт. Жылан кесіртке титтей құба батпаны көлденең тістеп,
жүргіншілерге аңыра қарап сәл тұрды да, шұбалаң етіп, ініне кіріп кетті.
– Жүріңкірейік, жігіттер, о да адам баласы, бәлкім бір жерге тоқтаған болар.
Үстіп жүріп жатқан үстінен түсерміз,– деді лейтенант, сосын Сейсіметке бұрылып,–
жақын жерден ел кездесер ме екен?
Сейсімет жауап беріп үлгіргенше сол жақтағы қалың жыңғылдың арасынан бір
аттылы шыға келді. Анадайдан тісі ақсиып, емпілдей жетті. Омырауы алқа-салқа,
қырдың нағыз аңқылдағының өзі. Аузын ашса арғы-бергісі түгел көрінгелі тұр.
– Уау, азаматтар, жол болсын!– деп даурықты. Ат үстінің байырғы екпіні,
әңкүдік сөйлеп, арзан күледі. Сейсімет бұ сөздерді өзіне қабылдап, қомпиып қалды.
Ананың желі бұған да дарып, даңғыр-даңғыр етті:
– Уа, әлей болсын, ақсақал! Қойа-қопсы аман ба?
– Біз банды қуып жүрген жұртпыз. Қос ат мінген екі адам іздейміз. Екеуі де
қашқын. Біреуі өте қауыпты. Қару-жарағы бар. Ондай көзіңізге түспеді ме,
отағасы?
– Қайырлы қаза айтып келем, шырақтарым. Сендер де айтыңдар, дұға етіңдер,
парыз ғой, парыз. Жақында өзімен кетсін, жалғыз баласын ат теуіп өлтіріп,
қасіретке ұшырап отырған үй.– Жолаушының бұл ақылын ешқайсы ілкіде
ескермеді, өйткені бандыдан, одан гөрі ел тауып, сусындаудан бөтен қасіретті дәл
қазір тани қояйын дегені шамалы-тын. Сондықтан тіке, дәл қазіргі жағдайда ең
керекті мәселеге көшті:
– Мынаны айтыңызшы, жуық маңда ел бар ма?
– Ел бар, айналайын, айтып тұрмын ғой, тек дұға ете көріңдер, дәме ғылады ғой.
Қуғыншылар әлгіндегі иек көтерілген бағытқа желгіштей жөнелді. Жаңағы адам
соңдарынан тағы айқайлады:
– Сүйтіңдер, шырақтарым, нелерің кетеді, сауап қой! Қыр қазағының «осы жер»
дегені «көш жер». Жөн сұрай қалсаңыз кез келгені-ақ иегін көтере салады: «өй,
ол мынау ғой». Астраханнан пұл алып шыққан бір татар: «Қазақтың иегінің
астында екі ай жүрдім» депті. Ол ауылға жеткенше жүргіншілер әбден діңкелеп
бітті. Қоңыр қабақтар мен ақ шағылдардың талайын артқа тастады. Шөлдеймін-ау
дегенді уәйым етіп шөлдегендер енді шын шөлдеуге айналды. Қали құсаған қысқа
шыдамды біреулері тез жеткізбеген сол ауылдың астау-қауғасынан бастап, самар-
аяғына шейін санай сыбап шыққан кезде шағырлы үрпектің тасасынан ат-
қазықтың ұшы көрінді. Қажып келе жатқан жұрт бірден көңілденіп, шу ете түсті:
– Өй, мұнда екен ғой құрғыр.