бініп, Сатымнан сәл озыңқырап барып, алдын кес-кестеп:
– Ал, содан? – деді
– Уһ!– Сақал бүкіл өкпесіне жиналған ауаны бірақ шығарды,– уһ! Екінді мен
ақшамда қайдан ғана кез болдың өзің! Бәйгі аттың ізін танымай не Құдай атыпты
мені? Май-тойы алдында тұқайын өзім шапқам! Өз қашауым! Тоғыз млецияны
бастап әкеп, мана – сәскеде сол ізге салып қайттым. Ал, ізде – тапсаң! Ел есуас:
құдыққа түсіп өліпті деп лақап айтады. Жылқының өзі де олай етпес. Мұқым, миды
шоқып!– Осыны айтты да, ат бегі құла биені қара санға бір тартып, шоқыта
жөнелді.
Ертеңіне, күн тұсау бойы көтеріле, Сейсімет Айдана мен Қазанғап тауының
арасындағы қара быдырда атын жаяу жетектеп, із кесіп жүрді.

* * *
Қуантайдың қызы түнде далаға, өріске түнеп қалған саулы інгенге кеткен. Бұл
сейсенбі күні таңертең еді. Шешесі түске шейін күтті. Түс қайта ең жақын көршісі –
Сатымға хабарлады. Кешке қарай бұйдасын шұбатып, түйенің өзі келді. Кемпір кез
келген дыбысқа құлақ түріп, елеңдеумен кешті өткізді. Түнімен кірпік ілген жоқ,
таңды үй желкесіндегі қияқ үрпектің басында тұрып атырды. Қызды банды
әкеткенін жұрт ертеңіне-ақ білген, кемпірге үш күннен кейін естіртті. Содан бес күн
өткен соң кемпір:
– Құдайға не жаздым, Құдай! Бірін мола жұтты. Бірі мынау. Алла-ай! Алла-ай!–
деп барқырады.
Мына, жаңа хабарды бүкіл Қошалақ тіксіне тыңдаған. Ең әсерлісі де осы болды,
өйткені, әншейінде ашық-тесік жататын есіктерге кілт түсті. Қыз атаулысы бар үй
иелеріне аңду, күзет кірді. Аяғын әзер алып жүрген кемпірлер, екі шелекті
суағашқа іле берген бойжеткендеріне:
– Барма құдыққа! Өзім барам!–деп, ақсаңдай ұмтылатынды шығарды.
– Тезекті мен, өзім терейін, қарағым,– деп, қарттар қалбалақтады. Төсекке
жатарда тағы әбігер:
– Кемпір, әлгі балтаны әперіп жіберші, дүние-ді.
– Балтаны өзім алып жатам, сен ана егеуді ал!– Қырдың кемпір-шалдары, өстіп,
қарулана бастаған. Қыз бағудың бұ тәсілі – соңғы отыз жылдықта ұмытылып
кеткен тәсіл-ді, ата-аналар соны қолданды: сықырлауыққа леген, не шылапшын
ілді. Есік ашыла қалса, әлгі леген, шылапшындары даңғырап қоя бермей ме? Бірақ
артынша, ауылдың бозбала пысықтары мынадай әзіл таратып жүрді,
«бойжеткендердің ішінде, кім болсын – бәрібір, түнде келген жаудан қорқатыны
болмайды екен».

* * *
Дәл осы күні Ықыласов орнына отыра беріп, жанындағылардың біріне мынадай
өтініш айтты:
– Сен жолдас, ананы алып бере ғойшы!– Үшеу-төртеуі таласа ұмтылған.
Жапырлай созылған алты-сегіз қолдың шегеге ілулі ақ кенеп кительге біреуі ғана
жетті. Қолдың иесі – Сағынай, кительді делдиген екі иығынан шымши көтеріп әкеп,
Бекесінің иығына жапты. Басқарма Сағынайға деген ықылас-алғысын бір-ақ
қимылмен, ескі ағаш орындықты қақсата бір қозғалумен білгізді. Анау сөз тілінен
гөрі қимыл тілін жоғарырақ, құндырақ көретін, басын сәл иіп, ишара етті де, қарсы
орындыққа отыра қойды.
– Қане, жолдастар, не айтасыңдар?
– Пішен, нормасы осы айда 140 процентке жетті.
– Күннің ыстығына қарамастан малдың күйі өте жақсы.
– Былтырғымен салыстырғанда ел тоқ.
– Қора жөндеуді мерзімінен бұрын аяқтайтын шығармыз. Себебі: пішеннен ерте
құтылғалы тұрмыз.– Әркім өзінше Бекеңнің құлағына жағатын, көңілін көтеретін
сөз іздейді. Әрі осы арқылы әрқайсы мәдениетін, басшы алдында бағыныштының
этикасын көрсетпек. Бірі бұ қулықты шын, беріле істесе, бірі өтірік істейді, әйтеуір,
басқарма разы болса, үйіне көңілді қайтса – әркімнің тілегі сол сияқты. Әркімнің өз
мүддесі де осыған саяды – тыныш, жақсы ұйықтайды, төсегінен көнілді тұрған кісі –
күні бойы шалт жүреді. Ертең де кеңсе, ертең де жұмыс қой?
Жаңағы сөздерден кейін жұрт тегіс дағдарып қалды: тағы не бар еді, құлаққа
жағатын не айтуға болады тағы?!
– Әлгі бандыны бүгін-ертең ұстап қалатын шығармыз,–деді, мұнымен де бір
қуантып тастағалы, жұрт сөзінің толастағанын күтіп қалған тағы біреу сәтті
пайдаланып,– біздің колхоздың аттарын мінген млециялар банды ұстап жатса,
аброй үстіне аброй.
Бұған да ешкім қарсы шыққан жоқ.
– Сонымен, жолдастар, о жігіттің, о бандының өзі асыңқырап кетті-ау деймін.
Қашып қайда құтылады? Артында бір қауым қарулы адам. Есерге ем болмайды
екен де, мм-ее,– деді Бекең, мұрнының астына ғана шоғырланған бармақ басындай
көк пұшпақ мұртын сылай отырып,– сірағдасы солай, мәселесін...– сөзінің соңын
қылғып қойды. Қасындағылар біріне-бірі ұрлана көз тастаған. Ол Бекеңнін көңілі
көншіді, бітті дегенді өзара ишарамен ұғысқандары еді.

13
Қуғыншылар қирай қажыды. Алдының ауданнан аттанғанына екі айдан асты,
соңының келгеніне де бүгін бесінші күн. Әр қайсысы бір-бір топ боп, үш дүркін
шыққан. Ауыстырып мінген аттарының есебін жылқышылар ғана біледі. Жағдай
соңғы апталарда, тіпті, қиындады: банды қос атпен әуелі Калинин колхозына,
Қарайғырға қарай тартты. Бұлар, тоғыз адам онда барса, анау Мыңтөбе асыпты. О
жаққа төрт-бес күн зая кетті. Ақыры, бағытынан адасып отырғанда кері,
Қошалаққа қайтқанын естіді. Ал, жөңкіл соңынан!
Тоғыз милиционерді Сатым бастап әкеп ізге салғанда күн сәске түс-ті. Қали
шағыл-қа