т ұялдыға, қысылдыға жорып, шу ете
қалған:
– Пажалста!
– Е, айт! Айтсын!
– Айтсам,– деді анау, топыраққа бір жамбастай батып,– айтсам, лейтенант
жолдас, маған үш күн срок беріңіз, Ақжонаста нағашым бар еді. Соған мамамның
сәлемдемесін тапсыруым керек. Бандыны енді ұстадық десек те болар, солай емес
пе, Қалеке?
Қалекең:
– Иә, солай,– деп қап, лейтенантқа жалтақтады. Лейтенант жасының кішілігіне,
қырдың жолын аз білетініне қарамай, соңғы күндері басшылық, тәртіп көрсете
бастаған,– Қалекесі қылп етіп, тайып шыға келді,– жоқ, олай емес, әй, жігіт, сен
өзің... қызық халық екенсің! Нағыз қысылтаяң кезде кетемінің қалай? Ишо,
нағашыңа, ишо мамаңның тапсырмасын... мұны как түсінуге прикажеш?
Предательство!– деп күйді. Түкірігі шашырай, тұтығып әлгіні жерлеп барады.
– Сен... сен бредатл! Жап-жас боп өзің... Қайрекең айтса, Қайрекең сұранса –
бір жөн, сушай! Мен айтсам, мен сұрансам ишо нешауа. Нағашы келінімнің бөле
сіңлісінің әуелгі барған жері – Мыңтөбеде. Мен... мына мен соған да соға алмай
кеттім ғой кеше? Өзің көрдің ғой?
– Қалеке, Қалеке! Жолдас Сәмбеков,– деді лейтенант қолын көтере, зілсіз,
жұмсақ қана.– Сіз тым артық кетесіз-ау үстіп, Тайқұнанов жолдас түсінді, жарар,
енді ондайды айтпайды, өзі білетін жігіт қой,– деді, сосын, бұл мәселені шешілдіге
санап, басқасына көшкен.
– Канешно, ол білетін жігіт! Менің айтатыным да сол, азаматтық сазнание жайы.
Мынадай ел, өлшеп айтқанда, каллектеп басына күн туып тұрған кезде, канешно,
нағашысын қояды. Білетін жігіттер солай етеді. Мен сенем оған, как старший
табарыш ақылымды, опытымды айтпасам бола ма! Дұрыс айтасың ілтинант
жолдас, жолдас Тайқұнанов түсіне біледі, қызметкер ретінде сазнаниясы жоғары.
Темекіңді тасташы, әй бала,– Қалекең Тайқұнановтың құлағына: өзіңді бір
неприятностыдан алып шықтым-ау деймін, бала, а?– Сонсоң күбірлеп, бірақ жұрт
еститіндей ғып:– ілтинант жолдас түсінеді ғой, түсінеді, мынадай қиыншылық
кезде нағашыңды еске алғаныңды кешірер ренжімес,– деп тырнағына шейін
сарғайып кеткен саусақтарымен «Метроның» бір талын ол да суырды.
– Қайреке, Қалеке, үшеуміз...
Қарала аяқ айғыр дөнежіннің жанына тұсауымен шапшып зорға жетті. Бурыл
дөнежін ауыздығымен шөп талмай алмай, қисандап тұрған, қарала аяққа құлағын
жымитып, реніш білдірді. Айғыр арсыздау омыраулап барды да, тура майда
шоқтықтың үстінен қарш еткізіп, тістеп кеп алды. Бие айнала беріп, қос аяқтап
салып-салып жіберді: «Көргенсіз екенсіз өзіңіз!» Сонсоң, анадай қарғып шығып,
құйрығын шипап-шипап қойды. Қарала аяқ қайта ұмтылған, Қайрекең айқай салды:
– Әй-һәй-һай!
– Қайреке, Қалеке, үшеуміз,– деді лейтенант сөзін жалғап,– біз үшеуміз із
шығарамыз, ізбен боламыз, қалғандарыңыз жан-жақты шолып, бытырай
жүресіздер.– Қали абдырап қалды, өз кеудесін өзі түрте, алға сұғынды:
– Мен... мен бе?
– Сіздің көзіңіз ізбен шыққан, қырды жақсы білесіз,– деп, лейтенант кішкене
мәжілісті оқыс бітірді. Сонсоң ықшам адымдап, атына қарай кетті. Келесі минутте
Қазанғап пен Айдананың аралығында, құбыла-батысқа шығатын аңғармен, тоғыз
аттылы іркес-тіркес, картостарының төбелері ағараңдап, алдарындағы көк-қошқыл,
қалың быдырға кіріп бара жатты.
Із күншығыс жағында сусыз үлкен соры бар жусанды қоңырға түскен, ізшілер
жаңылып қалды. Бірдеңе жоғалтқан кісінің жанындағы серігін кінәлайтын әдеті,
ізден айрылғанын бірінен-бірі көріп жүріп, тіпті, адасты. Әуелі қоңыр мен сорды ет
пісірім шарлады, сонсоң, біреу ақылдылық етіп, қоңырдың ар жағындағы
шағылдан іздеді, зым-қайым. Жұрт көңіліндегіні тағы да Қалекең білдірді:
– Әй, мына сабака жерге кіріп кетті ме?– Дәл осы сәтте, құдды, сол кірген
жерінің астынан қайта шыққандай ербиіп, біреу көрінді.
– Әне! Әне!
– Бұйрықсыз атпаңдар!– Лейтенант атынан домалай түсті. Қалғандары да
опыр-топыр, бұта, шоқалды тасалана, мылтықтарын кезеніп, жата-жата қалысты.
Бәрі жалғыз аттыны қарауылға алған.
– Жақындасын!
– Рұқсатсыз атпаңдар!– Салт атты салдыртып соғып келеді. Қаннен-қаперсіз, әр
жерде шылбырын шұбатып, жайылып жүрген ерттеулі мұңдастарын көргенде,
жолаушының аты арқырап қоя берді. Бұғып жатқандардың бірі екінші бүйіріне
көлбеген, топшысына қатты қысқан мылтығы атылып кетті.
– Тоқта! Көтер қолыңды!– Бұ бұйрық мылтық даусынан бірер секундт кеш
естілді, бірақ жүргінші оқ атылғанда-ақ тоқтап үлгірген, енді қолын көтере
бергенде тақымына қысқан құлаш жарымдай сырығы жерге түсіп қалды. Әлгі адам
қарлыға, тарғыл-тарғыл ғып:
– Ай, ағайын, мен қуғыншымын, сваи, сваи,– деп, ышқына айқайлады.
Жатқандар бір-бірлеп, алдымен бастарын көтерген, сосын андыздап, шоқал-
бұталардың тасасынан тұра-тұра келісті. Тайқұнанов қарқылдап күліп жіберді.
Қалекең мылтығын кезеген күйі, бейтанысқа сақтана жақындап:
– Әй, жігіт, неткен жансың өзің? Кімсің?– деп тұтықты. Буын-буыны қалтырай,
екі аяғы бірін-бірі шалып, жығып бара жатқанға ұқсады. Қорыққанын білдірмеу
үшін әдейі ашу шақырып, тиісе бастады. Сейсіметті кінәлауға сылтау қашан да
дайын тұратын.
– Биат, мен