– Әйелдері не істейді?– деп қайта сұрайды. Ғұмар бұ сұрақты жаңа естіген
кісіше:
– Әйелдері ме?– деп аңырады. Осы арада бәрі шу етеді:
– Иә, әйелдері.
– Әйелдері.
– Ие істейді деймін, иә, ал?– деп алқынысады.
– Шаштарын, тырнақтарын бояйды.
Күмкей көрші, қане! Бұлар беті-қолдың өзін шала-шарпы жуады.
Орындарынан тұра жуынды төгеді, үй сыпырады, сиыр сауады, күл алып, от
жағады. Шәй қайнатып, күйеулерін оятады. Одан шалбар, көйлек үтіктейді. Тым
құрыса, сол еткен еңбегіңнен мін тауып, кекетіп-мұқатпай, не тілдемей, тып-тыныш
қызметіне кететін күйеуің болса ғой! Сүйтіп жүріп өздері түк бітірмейді. Сүтің
тасып атса, керосинкеның отын басуды да білмейді, өзіңе айқайлайды: әй, бұл үйдің
қатыны қайда, сүт төгіліп барады! Өй, қара қаптал болғыр өңкей! Шетінен
көргенсіз. Оқыдық дейді-ау. Мәдениетсіз, Ғұмақаң ондайда тағы бір тосын әңгімеге
ауысады:
– Астанада бірде-бір кәрі әйел көрмедім.
– О несі байғұс?
– Сол. Бәрі жап-жас, шаштары қап-қара, не қып-қызыл, не көкпеңбек.
– Мұның енді өтірік.
– Жаным шықсын! Әйелдер ертемен, төсектерінен тұрып терезеге қарайды: күн
бұлт болса шаштарын қараға, не қоңырға, ашық болса аққа, сарыға, өстіп
аспанның қабағына сәйкестіріп бояй береді.
– Еріккен десеңші!
– Күйеу деген, әне, солардың күйеуі. Біздердікі әншейін. Жібекке бөлеп бақса
кім қартаяды?
Бастапқы аптада «Махамбет» орталығынан үш-төрт әйел жұбайларынан
шапалақ жеді, соның бірі Ғұмақаңның өз әйелі – Айсұлу жеңгей,– ерін ерте оятып
жуынды төгуге жұмсаған-ды.
Қалашы соңғы күндері қатты өскен: әңгімені әркімнің ақыл, білім дәрежесіне,
жас шамасына лайықтап айту керек – ол осыны түсінді. Қазір сол көп әңгімеден
кемпір-шалға ағытып отырған-ды.
– Қайткенмен өзі көргенді ел екен,– дәді Сандыбай риза боп,– автобоздарында
үлкенге, кәрі-құртаңға әдейілеген орны бар, ақсақ-тоқсақ, кем-кетіктерін баққан,
соларын қадірлеген жұрт... – Кемпір өз бағытына тартады:
– Күнім, Құмар-ау, кемпірлерінің үлкен жаулық салмайтыны несі екен?
Барғасын сұрамадың ба? Сұрамасаң сұрамағаның да жөн. Ыстықта пысынап,
түйеше жазы артып жүретін біздей қарыптарды көрсе күлер еді. Айтпақшы, етті
турап әкеледі дедің бе? Әй, Алла-а. Бас бермейді дейсің, а-а? Сойған малдарының
басын кім жейді? Дүкенде бас сатады дейсің бе? Кемпірлері биік тақа кисе енді...
барлықтан киеді-дағы, күнім, Құмар-ау. Мына қарт ондайды жаратпайды,
ақаңның жайын өзің білесің ғой.
Ғұмар кеткенде кемпір-шал ұрсысып қалған. Сәкең ұрсысуға шорқақтау-тын,
әрі құлағы кем. Кемпіріне кейіген кездері ыммм-ымм, бессақтасын деп қойып, өзінің
оған қарағанда «болған», ірі кісі екенін түсіндірмекке әлектенеді. Ол өстіп шіренген
сайын кемпір қусыра түседі. Ұрыс әдісін кемпір мықтап меңгерген кісі. Кімді немен,
қалай жеңу керек, кім қай жағынан үркеді – бәрі алақанында. Бір сөзбен, ұрыс
өнеріне үйрене бастағанына аттай алпыс сегіз жыл. Сандыбаймен елу бес-ақ жыл
отасты.
Сол елу бес жыл бірге кешкен өмірінің кез-келген жерінен жұлып ап, қарттың
бетіне лақтырады. Әдетте, сабырлы, салқын еркектердің алғаны дүлей келеді деседі,
кемпір соның дәл өзі. Сандыбай сөйлеп жарытқан жоқ, кезек тимеді. Аллам
бессақтасын! Қой, мұны қой, Құдайдан безген ғой, жаным, ымм-ымм. Бар сөзі осы.
Оны да үй іргесіне, үшінші біреуге қарата айтқан сықылданды. Кемпір бәрінен
қартының осынысына – сөзге сөз қайырып ұрсыса алмайтынына кейіді. Ақыры,
жыны Ақ ешкіге ауды, сыртқы есік ашық-ты, көріп қалды: ешкі сылдыр-сылдыр
маңырап, ауланың ішін кезіп жүр еді. Кемпір айқайды сала, тұра жүгірді:
– Ауланың ішін ке-зі-іп жүр! Өй, қара шек-шек келгір, жалмауыз, үш лағың
бірдей арам өлгір, мүйізің қағылғыр! – Сонсоң алақанымен аузын қалқалай, айнала
қарап,–иттің ғана малы, иттің, иттің!– деп түтеді. Ақ ешкі қораның жаңбыр мүжіп
тастаған аласалау тұсынан сыртқа бір-ақ қарғыды да анадай барып, артына
қайырылды: «Меһе-һе-һе!» Мұнысы кәмпірге кекеп, күлген тәрізді естілді. Жіпке
жайылған бір қауым кір-қоң шашылып жатыр.
– Қара түйнек келгір-ай, лыпа қалдырмадың-ау, лыпа, лыпа. – Бірер көйлек,
үш-төрт сулық орамал, кимешек, шұлық, ол-пұл. Ұмтылып кеп, жерден жұлып-
жұлып алған: аман. Ешкі ештеңеге тіс тигізбепті. Әр қайсын жазып-жазып жіберіп,
қайта қарады: аман. Бір-бір сілкіп, қайыра ілді. Сонсоң тағы бұрқырады: қара шек-
шек, қасқыр жегір! Иіскеп тартып, шетінен сүйреп түсіре беріпті тек, жемепті –
жалмауыз. Директордың қатынының дамбалына шейін жейді. Басың үйтілгір,
құнжыт! Кемпір-шалдың исі шығып тұр ма екен, а, жалмауыз? Құдай-ау, құдай,
жебір ит-ау, сен жеуге де жарамағаны ма енді біздің кебіннің?
Қарт та тысқа шығып еді, кемпірінің құтырынып жүргенін көріп, күндегі
дағдысынша, қырға қарай аяңдады.
Қыр басына жайғасқаннан кейін ғана басы тоқтады: «Жоқ, көргем жоқ, жоқ,
білгем жоқ». Содан, со жерде ымырт жабылғанша отырды. Бөтен ауылдан келген
бір-екі ит қабақтағы шөкім қарайғанға абалай үріп, жақындап-жақындап қайтып
жүрді...
* * *