түтінге араласа көтерілген жалынша бұрқырайды. Сандыбай таңдайын тық еткізді:
бессақтасын! Кәрі миды қамаған ой бірте-бірте қалыңдап бара жатты. Қараған
сайын көз шалымы тарылып, көкжиек жақындай түсті. Ол жүзін сәскелікке беріп
отырған. Жаңа ғана құла жолақтанып, шұбыра құбылған аспанның бұл тұсы, кенет,
қарауыта кеп қата қалды. Әр жерден боз бүршіктеніп, көмескі жұлдыз көрінеді:
ымырт па? Тым тез емес пе? Мезгіл. Екі ернінің бірі көк, бірі жермен жүретін
тажалыңыз – осы уақыттың өзі болмасын! Баяғыда Сандыбайдың басында бағы
бар кезде ымырт осындай ма еді?
Төмен құлдилаған сайын жылдамдық артады ғой. Со сықылды Сандыбайға да,
қартайған сайын уақыт тез өтетін сияқтанатын. Әрі, мас шофердің машинасына
мінген кісіше ылғи да қыл үстінде қылпың қағады, мына құрғыр қайда апарып
соғар екен дей ме, кім біледі. Бөрінен қорқады, қауіптенеді, бәрін жатқа, жаманға
жоруға әзір, бірақ, бірін түсінбейді.
Талайдан жиналған ашу-өкпесі түйнек боп тамағында тұр. Жұтындырмайды.
Өз басының кем-кетігін біреуден көретін әрбір шарасыз жанның ежелгі салтынша,
бұ да жетпегенін өзгеден алмақ. Тек ешкімнің атын атап, түсін түстей алмайды.
Өйткені, мұның сорлылығына кінәлі – біреу емес, көп. Қайсысына жармассын!
Кімді мойындатсын! Мойындайтын да ештеңе қалмады. Сәкеңді атынан аударып,
сөзін тартып алған кісі жоқ. Қарт енді бір сәт өз ойынан өзі түңілді. Ойы иесіз, шөл
даладағы шыңырау құдық тәрізді, өзі соның жарынан қараған қайыршыдай,
қауқарсыз.
Сандыбай, рас, ештеңені түсінбейді, содан шығар, біраз нәрсені жек көреді.
Оған машина мінгендердің кейбірі ұнамайды. Құдық қазып, қауға тартуға татитын
ішінара болмаса жоқ. Сөйтіп жүріп өзеурескенде өңештері көрінеді. Күн ұзаққа
кеңседе отырып он ауыздары көпіргенше билік айтысады. Кешке оншақтысы бір
үйге тоғытылады. Кіре, құдды шыңырау қазып келгендей, «уһ, аһ, әкетіп баратыр!
Әкелші»... десіп сұлай сұлай кетіседі. Мұндай да қызмет болады екен! Баяғыда
Темірәлілер пішен үйгенде айыр сап сынып, шыдамайтын! – Қарт ернін жымқыра
тістеп, «ымм» деп ыңылдайды. Ыңылы ызылға ұқсайды. Дүниенің төрт бұрышын
түгел түсініп, түгел түйген кісі құсап, басын иземек. Бірақ, басы шайқалуға
үйренген, изеуге келмейді...
Түрегеп, үйіне қарай аяңдады. Қараңғы. Арқадан сәл жел көтерілген-ді.
Сымдар ғой, шулап тұр – деп ойлап, тың-тыңдаған. Ештеңе ести алмады. Басының
қалтылынан айналадағы соқа, мұржалар біртүрлі желіп, қылтылдап көрінді...
Қара мысық ана жаққа кеткен соң тағы біреуге тіл қатқысы келген. Ондай
ешкім болмағасын көңілі қайта жүдеді. Әлгі кемпір қайда? Әй, оның барынан
жоғы,– деп ойлады. Бәрібір әңгімесі жараспайды. Дүниеде өз кемпірімен ұрыс-
тырыссыз, адамша сөйлесетін шал бар ма екен! Қарт енді өзін-өзі кінәлай бастады.
Бір сәт бар пәле өзінен сияқтанды. Күн орнынан шығады, ай орнына батады.
Өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Машина ма? Машинадан не зиян көріпті? Самолет ше?
Кереметтің кереметі сол. Сөйтіп, әрі-бері ойлап кеп, ақыры Сәкең осы заманның
бар кінәсін «кешіруге» бел байлады, енді қайтып ештеңесіне, ешкіміне жамандық
тілемеске бекінген, Ғұмарды көргенде қайта қырсықты. Ал, бар қырсық сол
Ғұмардың кеше дәл қасынан сәлемдеспей өткенінің кесірі еді.
9
Ғұмар даурыға кірді. Қарт оның сөйлеп келе жатқанын аузына қарап білді.
Қалпағын жақтырмады. Басына шелек төңкергендей, қырпу-қыры тіп-тік, едірейіп
тұр. Еш жері майыспапты.
– Армысың, ақсақал. – Сәкең тыржың етті: армысың, армысың! Асқағын
көрдің бе? Қай қазақ қазір армысыз деп амандасады! Адыраңдаған неме! – Мұның
үндемегенін анау естімедіге жорыды:
– Армысың деймін, ақсақал! – Шал:
– Незатына айқайлайды, түге,– деп күйбеңдеп, айналасын сипалады. Саңырау
кісі әдетте қатты сөйлегенге шамданады ғой, Сандыбай одан бетер тырысып
қалды. Ғұмар босағаға тізе бүгіп жатып: «бұ кесірлерге сәлем берсең де
жақпайсың» деп күбірледі. Сәкең ести қойды.
Сандыбайда бұрын мінез, қыңырлық жоқ-ты. Бұл да қатардан қалғалы тапқан
өнері. Бүгін бөлекше қыңырайды.
– Алматы кетіп ем,– деп бөгелген Ғұмар.
– Кетерсің, кетерсің,– деді Сәкең. Ғұмар:
– Содан кеше келдім,– деді. Анау іргесіне бұрылып күңк-күңк етті:
– Келерсің, келерсің!
Кемпір-шал бір-бірімен тілдесіп жарымайтын. Тіл қатысса – ұрыс, әсіресе,
соңғы кезде. «Шықпа, жаным, шықпалап» жүрген кәрілерге ұрсысу қайдан жеңіл
тисін, сондықтан сөз алысудан екеуі де қашады.
Кемпір шәйді қырын отырып құйды. Қарт қонағына да, кемпіріне де қырын
қарады. Иіліп сәлем бере келген қонағын көзге ілмегенсиді; кәрілігінің,
елеусіздігінің есе-кегін Ғұмардан алмақ сын-ды, көз көре сыздайды. Кекшиіп отыр.
Ғұмар тіл тапқыш-тын. Талай-талай қырсықтың іш қыртысын ақтарып көрген-ді.
Мына жолы сол өнеріне өзі күмәндана бастады.
– Әй, күнім-ау, Құмар-ау,– деді кемпір, тамағы бүлкілдеп, аузы тасбақаның
аузындай жалп-жалп қақты,–«Ғ» мен басталатын сөздің бәрін «Қ» деп айтатын
ежелгі дағдысына бағып,– күнім-ау, Құмар-ау, құмырында құлданбаған