өнерін
шығарды бұ қарт, қартайғанда, мұқым, айтасың-ау, иә. Алжығанда қонған
қылымы. Баяғыда жарықтық – осы арада кемпір сол қолының алақанымен оң жақ
езуін қалқалап, үнін бір саты аласартты,– күнім, жарықтық Әжекең, Әжімгерей
қарт сүйтеді деуші еді ел. Со кісіні, жарықтықты, мына отырғанның өзі, көзінше
батпаса да, сыртынан жақтырмайтын, Құмар-ау, иә! Сынықтан өзгенің бәрі жұғады
деп, мұқым, құлама қылым оқыған кісіше. Мен айтамын оңашада, айтып кет ақаңа,
қартайғанда, мұнысы не. Елдің бәріне тиісіп отыратынды шығарды. Анау да теріс,
мынау да теріс. Жасы келген кісі сақтанып сөйлемес болар ма. Қызметтегі
біреулердің құлағына тисе...– Кемпір өстіп, жуып-шайған сайын қарт кекие түседі.
Ғұмар бұдан әріге шыдай алмады, айлаға басты:
– Қайра-ан үлкен кісі, айта бересіз-ау,– деп сәл жымиып қойды,– айта бересіз
ғой, Сәкең дегендер асарын асап, жасарын жасады. Сандыбай бәлен деуге кімнің
аузы барар. Кезінде болды ғой, болды. Көре қалдық. Бүкіл Теңіз ауданының (бүкіл
Теңіз ауданының өсегін өзі айтқан дей жаздады) алақанында жүрді. Сақтанып,
несіне сақтансын, кімнен қорықсын! Козхозға еңбегі сіңді. Үкімет бағалайды.
Ағамыздың ендігі сөзін кім тергесін?!
«Білген кісіге не жетсін! Біліп өлтірсе – өлтіре берсін де». – Кемпіріне Сәкең
менің кім екеніме енді көзің жеткен шығар деген кісіше, ажырая, жетісе назар
тастады. Сәкең осылай толқығанда буын-буыны босап, басы қалтылдай бастады.
О да біреуді алдамаса, алданбайтын, ел ішінің қулық-сұмдығына қанық,
естігенінен түйгені кеп кәнігі жан еді. Арамзаның да аңқаулығын көре білетін
жітілігі бар-ды. Ғұмардың мына сөзін қоспасыз қабылдады. Іші-сыртынан шүбә
келтірерлік ештеңе таппады. Бәрі шын, бәрі рас. Жүректен шыққан секілді. Қалай
тап басады қу деп ойлап, қонағының көзіне үңілген: моп-момақан, періште пішін.
Бұрын Ғұмар да жаратпайтын адамдарының бірі-тін. Жылпос, пәтуәсіз, әрі сақалы
ағарғанша сана кірмеген жеңіл, жылуынан жырқылы басым жан көретін. Бақса...
әй, мынау өзі күле жүріп күтінген, көргенді кісі болды-ау. Шал тіпті жылып,
жадырап қалды. Ең қауыпты өтірік – шындық аралас өтірік қой, оны ажыратуға
кәрі көңілдің күші жетпеді, бәрін қосып бір-ақ иланды. Дегенмен, бірден жығыла
кеткенді бойына лайық көрмей, сыртын әзірге сақтай тұрғысы келді. Керосинкіде
бытыр-бытыр қайнап тұрған ақ құманға қарата иек қақты:
– Шәйіңді шығарыңқырап құйсайшы.
Ғұмар астанадан жақында ғана оралған. Уақытын сағатқа, күнге бөліп
ұсақтамай, айлап, жылдап есептеуге үйренген құм халқы үшін бұл күні кешемен
бірдей. Оның үстіне қалашы әңгімесін әлі айтып түгескен жоқ-ты. Үйіне үш дүркін
қонақ шақырды. Он шақты үйге қонақ болды. Таусылмайды, айта-айта әбден
төселіп алған, күннен-күнге жаңарта, жақсарта түседі. Әнеугүні Еділхан директор
басымен әзілдеп тастады: Ғұмақа, астанаға бір барып, бар әңгімені алып кепсіз,
екінші барғаныңызда, сірә, құр қол қайтатын шығарсыз! – Бастық айтса, әрі тауып
айтса – сөз жата ма, сол күні-ақ елге жайылған. Енді біреулер: сенің әңгімең баяғы
әскерден келген кезіндегі Сейсіметтің хикаясы сықылды екен,– десті. Одан қысылған
Ғұмар ма, бұрын әлдекімді өзі күлкі ғып, күлетін, күлдіретін, ал, осы тұста өзінің
күлкі боп бара жатқанын аңғарып үлгіргенше ай өтті. Сонымен, Ғұмақаңда да
бастапқыда әлденені жаңсақ сөйлеп қоймайыншы деген секілді сақтық талабы
болған, бірте-бірте оны да ұмытты. Бір айтқан өтірігіне келесі жолы өзі сенетінді
шығарды. Жо-оқ, шылғи өтірікті ол айтпайды, тек аздап қосады, әрлейді. Мәселен,
әйелдерге әңгімесін былай бастайды:
– Астанада жәй, простой зат көрмедім,
– Ие.
– Ылғи жібек, крепдешен, нейлон, балон, панбархыт.
– Панбархат де.
– Сол.
– Не сол?
– Жібек, крепдешен, нейлон, балон, панбархат.
Ғұмар сәтті пайдаланады, әйелдердің онсыз да жанып бара жатқан ішін
одан сайын өртейді, дереу басқа әңгімеге ауысады:
– Базар, дүкен дегендері шұбырған еркек.
– Иә, неге шұбырады?
– Үйлеріне тор-тор тамақ тасиды.
– Тамақ?
Қайда көрсең дүкенде еркектер тұрады. Әуелі сүт алады, оны әкеліп пісіреді.
Сонсоң етке барады, оны әкеліп тұздайды. Сосын нанға, картопқа жүгіреді. Одан
қайтып кеп жуынды төгеді. Шәй қайнатады.
– Қара-аң-ғасын. Жұмыс істемейтін еркектер ме?
– Жоқ, істейді. Бәрі кеңседе.
– Не істейді?
– ...Жаялық жуады, балаларын бала-бақшаға апарады.
– Тәңір тілегін кессін, түге. Әйелдері не бітіреді?
– Олар да кеңседе шығар?
– Білмейім, әйтеуір істейді.
– Еркектер әлгі шаруаның бәрін қай уақытта үлгіреді?
– Зәнәтияға дейін, не кейін. – Ғұмар тыңдаушыларының қыбын бағып, танып
отырады. Олардың сезім құбылысына сай, бет-бейнесі бүкіл болмысымен, дереу
өзгере қояды. Ауылдың шүберектен өзгенің түсін айырып жарымайтын, кейбір
сылқымдары қалтарысы, бүкпесі мол егде еркектің түкпір-түкпірін аңғарып,
айырғанша, өз сырларын алдырып алады. Жаңағыдай әңгімеден кейін, әдетте,
бәрінің дерлік шыдамы бітіп, сұрағы көбейеді. Шыдамсыздардың ішінде де
шыдамсызы бар ғой, солардың б