алсын! Өз үйіне де жан кірмейді. Содан кісі тануы да сирек. Мұның ойынша, содан
да әбден жат-бауыр боп біткен. Өлімнен өңге жерде бұл өз басы жиын көрмейді.
Онда да шал-кемпірлердің біреуі өлгенде... сонда еске ап, Сәкеңді қауқитып апарып
намазға қояды. Намаздан кейін қайта ұмытылады. Тағы ешкім жоламайды. Сөйтіп,
бір кезде ала қырды аузына қаратқан Сандыбай. Иә, өсек айтса да аузына қаратты
ғой – Сәкең шынымен жалғыз, жападан жалғыз. Ол құралыптас қарттардың біразы
келін бала жұмсап отыр. Бұған ондай ырыс та қонбады. Қарт таяғын ызалана тагы
бір тастады. Бұ жолы басы әлгіден де ұзақ қалтылдады...
Бір-біріне иін тірестіре салған үйлер үйме-жүйме. Шатырлары бозарып
көрінеді. Батар күннің қызғылт сәулесі боз шифрға жұқпайтын тәрізді. Күн
еңкейген сайын үй төбелері бір түрлі сұрланып, суып барады. Әр үйдің маңдайына,
шекесіне қадалған электр құлақшалары да қуқыл. Баған бастары тарам-тарам, қос-
қос жосылған сым. Неткен көп сым! Нағып үзілмейді? Сәкең сарқыла күрсінді:
«Сым үзілуші ме еді! Үзілсе үміт үзіледі. Мәселен, өзінің, кәдімгі Сандыбайдың
үміті. Ол неден үміттенбеді. Бәрі бос. Бәрі, олақ қатынның қолындағы жіптей, үзіле
берді, үзіле берді».
Сандыбайдың қырсығы қырға самолет келген күннен басталған-ды. Қос
қанатының арасына айқұш-ұйқыш сым жүгірткен, арса-арса алып құс тақыр
сордың тұзды шаңын аспанға көтерді. Барқырап, күркіреп, жындана жұлқынғанда
қалтырамаған қаңылтыры жоқ. Онда Сәкеңе со бір қалайы-самұрықтың түтін мен
керосин сасыған денесі әлі-ақ быт-шыт боп шашылып қалатын секілденген. Бүкіл
тұлғасының дірілдеп, қалтылдағанына қарап, «ұзаққа бармассың, бәтшағар» деп
түйген-ді. Ал қазіргі самолеттердің, тіпті, қаңылтыры да қалтылдамайтын сияқты.
Қалтылдап қалған, ақыры, өзінің – Сандыбайдың басы болды.
Құмға самолеттен машина он жыл кейін түсті. Сәкең одан пәлендей қауыптене
қойған жоқ-ты, Өйткені кез-келген қызылтақтың басында бырқырап батып жатты.
Көлікпен сүйреп, жаяу итеріп әрең шығарып жүрді. Түйеге сүйреткен зат қайда
ұзай қояр дейсің, мынасы бәрібір, ескі құмның сары атанынан озбайды. Ол осылай
ойлап, пұшық мұрнының астымен мырс-мырс еткен. Кейін, Аллам бессақтасын,
«Три» дей ме, бір дәуі, шағылдың басында аттай желді. Уһ! Қарт маңдайын
сипайым деп басын қалтылдатып алды. Неткен уақыт, Құдай-ау! Қым-қиғаш сым,
шаң, самолет, машина, ығы-жығы үй.
Онда Қанішкеннің үйлерінің өзі бір қабат-тын. Кәзір совхозың мынау. Басқасы
– басқа-ау, самолетті асыққаннан мінсін, машина да сол, әрі күші көп, сымы – шам,
шам керек және әлгі «әлө» деп айқайлауға қажет болар, ал, Алланың ала даласы,
кең жері тарлық, еткендей, үй үстіне үй салғандары не өнер? Сәкең қалай ойласа да
осыны ұғынбайды. Алғашында осы екі қабат үйді көргенде үстіңгінің салмағына
шыдай алмай астыңғы үй опырылып түсер деген. Қайда-а!
Қыр қыстауларының төбесіне он күрек топырақты артық салсаң – бел ағашты
омырып жіберетін, мыналар тас үйеді, сонда мыңқ етпейді. Әне, қызық. Өңкей тас,
темір, терсек, әйнек, сым-сыпыртқы.
Шіркін, қандай заман еді ол! Ақ тымық шағылдар. Ел сирек. Ит даусы ертеңгі,
кешкі ауада ғана естіледі. Шегіртке шырылдайды, құс сайрайды. Атыңа мініп ап,
басың ауған жаққа тартып кетесің. Далада жолаушы кездестіру, адам көру – бір
қуаныш. Таны, таныма – бәрібір мәз боп, шұрқыраса қалатынсың. Әркім-ақ
сәлемді алдымен беруге асығатын-ды. Самбырлап аман-сау алысу – тағы ғанибет.
Өз жұртың, нағашы жұртың, қайын жұртың, онсоң көрші-көлем. Кез келген үйге
ассалаумағалайкүм деп кіріп барасың. Әйелі самаурынды ала, шыға жүгіреді. Сый-
сияпат, дастархан, алғыс, бата, қош келдің, беш келдің. Құрысын, шүкір, ас бар
ғой, тек пейілді, жұрттың бір-біріне деген ықылас-ниетін айтсайшы! Бірдеңе десең
бүкіл үй-іші аузын ашып тыңдайтын. Есті сөз айтсаң – естері кете құптасады. Тауып
сөйлеген бір сөзің рудан руға, колхоздан колхозға тарайды. Енді, міне, Сәкеңнің
аузы жылқы тапап сындырған қырдың ағаш астауы құсап, қақсып, далада қалды.
Мұнан кісі безгелі, сөздің (өсектің емес) қадірі түскелі қай заман! Содан бері
Сандыбайдан да бақ тайған-ды. Сәкеңе сәлем беретін сирек жұрттың өзі қазір
ассалаумағалайкүмнен кейін қашқысы кеп тұрады. Ал, мына ел сөз айтпайтын
болғаны ма? Жо-оқ, айтқанда құтыртып жібереді. Тек сөздері. Сандыбай үшін,
түкке тұрмайды, түгел мылжың. Ылғи бір ұсақ-түйек. Ондайды Сандыбай ғұмыры
айтпайды, ішінде елең еткізер ештеңесі болмаса сөз не керек? Түгенше қарт
өлерінде: «өт, заманым, өт. Ендігі адамың менен асып туса – көрермін» депті. Міне,
әңгіме, міне ұлығат. Әй, дүние-ай, бір кезде осы өзі таратқан жаңалық еді-ау! Ел есі
кете тыңдайтұғын. Бұл әр сөзді сылап, еркелетіп бере білді. Енді мынау. Қошалақ
тұрмақ дүйім құм халқын түгел тіліне үйірген Сәкең – Сандыбайдың отырысы!
Қарт таяғын келбете, қырсығына кінәлі сол сын-ды топырақты салып-салып
жібереді. Басы тағы да қалтаңдай жөнеледі. Бұл жолы бұрынғыдай бағытсыз, бей-
берекет қалтыл емес, кәдімгідей шайқалды.
Күн батып барады. Сымдар қызара жылтырайды. Баған басындағы ақ
құлақшалар