Астананы Ғұмақаңнан бұрын көрген кісі – Еділхан, осы жұмысына сол үлкен
қаладан бекіп қайтқан. Осы кеште шешіліп сөйледі. Қаланың өзі көрген жерлерін
тәптіштеп сұраумен болды. Өзінің көп көшемен жүргенін, әлі ұмытпағанын
көрсетіп-ақ бақты.
– Совет көшесімен былай өткенде алдыңда Үкімет үйі ғой?
– Сол.
– Соның алдында үлкен кісінің памятнигі тұрған болар?
– Тұр.
– Мына жағың – Ел-ағаң оң қолын көтерді – почта.
– Соның күншығыс арқасында шошақ үй тұр ма?
– Тұр.
– Сол арадан Генерал Панфиловтың көшесі өтеді.
– Айтатыны жоқ, дәл солай.
– Апырмай, Ел-ағаң айтқанда бәрі көз алдыңа келеді.
– Пәміт деген масқара емес пе, жаным!
Астанадан күні кеше келген Ғұмақаң әншейін қостай береді. Әйтпесе көшеден
есінде қалғаны шамалы, үйлердің маңдайындағы жазу ғана. Жазулар жайлы сөз
қозғауға о жолы батпады: Еділхан өзі байқамаған нәрсені өзгенің аңғарғанын онша
ұнатпайтын, сондықтан дереу, басқа әңгімеге көшкен-ді. Жазу хақындағы хикаясын
ертеңгіге, «екінші дәрежедегі» қонақтарға сақтап қалған.
Ғұмар, жалпы, оқыған қауыммен, әсіресе, мұғалімдермен жақындасқысы,
тілдескісі келгенмен, көбін сыйламайтын. Оқымысты жұртты білігі көп те, берері аз,
«қағаз кемірген қатпа кеңірдек» санайды. Мектеп директорымен шіреніп амандасса,
өңгелерін алдына шақыртып ұрсады. Оның ойынша, қазіргі ең арзанқол зат қағаз,
ал, қағаз, қаламнан бөтен байлығы жоқ кісіде, яки, мұғалімдерде салмақ қайдан
болсын! Бағып жүрген балаларына биліктері жетпейді. Жетсе бала біткен шетінен
тентек болып өсер ме еді?
Ғұмардың әзілге қоспайтыны кемде-кем. О дүниеден бастап өзінің мұрын
орамалына дейін келемеш етеді. Ол сөйлей бастаса – жұрт ауыздарын ырситып
күлуге әзірленетін. Осы келгелі бір түрлі, қашанғысына ұсамайды. Бұрын елді
былай кекейтін:
– Ал, дос, тос айт, қане, мына бір нанды лебізіңді білдір де жеп қой. Бол тез,
күтіп отырмыз. – Бұл көршінің мысығына айтқаны-тын. Қаладан қайтқалы тост
сөйлегіш-ақ. Және шәй пісірім мылжыңдайды. Ішінде жылты жоқ, әрі қып-қызыл
өтірік. Кеше Ғұмақаңның қартайғанша қоймаған осы қырқылжыңдығын ерсі
көретін көпшілік бүгін оның «есті» әңгімелерін мазақтап бара жатты. Немене,
Ғұмар құсап қаладан келдің бе, әлдеғандай болмай үрсейші, үретін болсаң! –
Қайсыбір ағайындар жалқау, маң төбеттеріне өстіп ұрсатынды шығарды. – Ғұмар
балон плащын жалап тазартады екен. Таңертең Айсұлудың денсаулығына тост
көтеріп, бір шыны шәй ішіпті. Үлкен қазанын босатып, «ванна» жасайтын көрінеді.
Бұ сияқты ұсақ-түйек әзіл-кекесіндер көпке тарады.
Тоқшылық. Бар қайғы – тұрмыс, киім таңдау. Дүние жию, бәсеке. Үй сайын
азамат, көбі оқыған. Оныншы бітірмегені кемде-кем. Астрахань, Орал, Гурьев
қалаларында төрт-бес жыл жүріп, қатырма қағаз алып қайтқандары да жетерлік.
Бұрын жырқылдап саңырауға, сақауға күлетін қауым бүгінде пысықты, қуды әзіл
ететін дәрежеге жетті. Сейсімет хикаяларының қызық болмай қалуының бір себебі
осыдан-ды. Күні кеше тапқыр, қу жақ саналатын Ғұмардың өзі енді байқаса, жәй-ақ
адам, қалжыңын, тілін алып тастаса – тікені түскен жантақ сын-ды, бірдеңе – ұстай
бер, уқалай бер...
10
Әйгілі әртістерден бастап бәрі Садықжановтың шығармаларын орындайды.
«Шалқар» программасы таңертеңгі концертін содан бастайды. Түрлі
творчестволық мекемелер басып шығарған жеке әндер, вальс романстар. Әншілер,
әсіресе, әлі ешкімнің қошамет-ілтифатына үйреніп, қол-шапалақ үніне арқалары
дулап, жүректері лүпілдеп көрмеген, фамилиясы алдына «жас» дегеннен бөтен
эпитеті жоқтар репертуар белгілегенде таласып жатады. Оның әндерін біреу
айтады, біреу – қосылады, біреу – билейді. Газеттер мақтап, сынап мақалалар
басады. Екі-үш журналға суреті де шықты. Даңқ де, дақпырт де, әйтеуір, бір есімді
асыруға жететін даңғаза бар-ды. Сондықтан шығар, қайсыбір қу жігіттер
композитор Садықжанов болып қыз оятыпты-мыс деген қауесет тараған-ды.
Ал, өз ауылында... қалжың етер қатыны, қара мысығы жоқтар шешесін
қажайды. Не ауылдағы ең үлкен кісіні тәлкек етеді. «Өй, көргенсізді» кім-кімнен де
есітіп жатады, бірақ одан көргенді болған ешқайсы жоқ.
– Еділханды неге әзілдемейсің, құрдасың ғой?
– Директор құрдас бола ма?
– Қадырғалимен неге ойнамайсың, балдызың?
– Ол рабошком, ойын көтермейді.
– Қалхаман ше?
– Оның «Құрмет тақтасында» суреті тұр.
Қай күні Идаяттың әжесі – кемпір есік алдында отырған. Екі адам қабаттаса
сәлем берді. Үлкен кісі шынтағындағы шүйкесін сыпырып тастады, көріседі деп
ойлаған, аналар көріспеді. Аман-саудан кейін біреуі:
– Шеше, бой жетіп жатырсыз ба?– деп сұрады.
– А-аа?
– Шеше, балаңыз аман көрінеді.
– Иә, қарағым, сау бол.
– Тек ішеді дейді.
– Аа-аа?
Кемпір оң құлағын кимешегінің жағынан шығарып алды, сосын аузын ашып,
әлгілерге қарады.
– Шеше деймін-ау,– мұны айтқан бұйра бас, талпақ танау тапал кемпірдің
жаңағы ашқан құлағына аузын тақап. – Шеше деймін-ау, Идаят балаңыз арақты
көп ішеді деседі, арақ, арақ,– деп айқайлады. Кемпір аналардың көзінде әдейі
естімеген сықылданға