өзін өршелене қорғайтын көгіс бет – кімге жетсін, содан жаңағы адамды сөзімнің,
дәлелімнің күштілігінен жеңдім деп мәз боласың. Ал, расында, ананың
жігерсіздігіне өзіңнің ұятсыздығың қосылды ғой? Қалай болғанда да Идаят солай,
өзінің дәуірлеп тұрған уақытын мойындап, бағалап үлгергенше, сай табанына бір-
ақ түсті. Ол үшін мемлекеттік емтиханға жіберілмейтінін естіген күн – осындай
қаралы күн болды. Содан бері бұрын заңды көрінген көп нәрселердің мәнін аңғара
бастады, өзінен он есе талантсыз, қауқарсыз адамдардың ертең диплом алатынына
іші ашыды. Тіпті, қараптан қарап, Құрманғазы оркестріне жай, оркестранттық қана
қызметке орналасатын құрбыларының бағын күндеді. Қызғаныш па? Солай шығар.
Расында, одан басқа Идаятқа қалған ештеңе жоқ еді.
Өзінің биыл бітіре алмайтынына арланғаны сондай, ертесіне ауылға тартты.
Ауыл халқын әлі де аңқау, ақкөңіл санаған. Кімнің оқуын қашан, қалай түгесерінде
шаруасы не, сұрамас, қинамас деді. Әрі анасын, ағайын-туысын сағынды. Біреуден
жәбір көргенде, соны екі есе өсіріп, шешеге шағатын сәби бала құсап асыға аттанып
еді.
* * *
– Осы ауылдың әлгі ертіс баласы оқуын бітіріп келе жатқан көрінеді. Бұл
хабарды өз құлағымен естімеген тірі пенде жалғыз Сандыбай – Сәкең еді…
8
Шаң. Тарамайды, басылмайды. Кешкі түтін құсап сай-сайда көлкіп, жатып
алды. Түтіннен айырмасы – түсі, сары сұр. Жиырма жылдай бұрын Қошалақта
осындай шаң көрген. Бірақ ол сұйық-ты, тұманға ұсап тұтас басқан. Ал, мынау...
ұстап ап, құлаштап жыртуға жарар. Ондағы шаң жұт, қуаңшылық әкеліп еді,
«Аллам, бессақтасын» деп күңкілдеді. Қарт жүріп-тұрудан қалған, далаға сирек
шығатын. Ауылдың арқа шетінде бір басы шағыл, бір жағы қоңыр кішкентай
тықыр қабақ бар-ды, сонда отыр. Әлсін-әлсін қолындағы талдан кесілген, қабығы
сыдырылып, әбден қурап-кепкен таяғын көсілте, алдындағы төмпек топырақты
бұрқ-бұрқ ұрып қояды. Ұрған сайын аңғал-саңғал, сүйекті басы қалтылдап
тоқтамайды. Әлсіз, арық мойыны – білеу-білеу тақыр ғана, ауыр, басты ұстай
алмайды, қалтаң-қалтаң, осы қазір де «бессақтасын» деп күбірлеп, таңдайын
қаққан, басы шайқалып жүре берді.
Бүкіл ауылда төрт-бес сиыр, он, он бес жандық болатын. Мұнша шаң қайдан
көтеріледі? Ол осыны түсіне алмай дал. Сарғайса – санасы жетпейді. Өзі ұзақ
ғұмырында төрт түліктің төртеуін де бақты, үйір-үйір, қора-қорасымен айдады.
Мынадай шаңдатқан тұяқ көрген емес. Таяғымен жерді тағы да салып-салып
қалады. «Аллам бессақтасын!» Неткен шаң?! Қараптан-қарап күйіп-піседі. Жел
тымық, мал жоқ. Бәрін сезіп, бәрін түйген көкірегі осынша жасқа келгенше шаңның
неден шығатынын ұқпағаны ма? Түйірсіз кісі болды ғой? Қарт өз ойынан өзі ұялып
кетті. Біреу-міреу естіп қойған жоқ па? Осы қауыппен оң иығына оқыс бұрылам деп
басын тағы қалтылдатып алды. Сонсоң, басы тоқтаған соң, бәрінен – шаңнан,
ауылдан биіктей, алыс көкжиекке көз салды. Тағы да шаң. Шығыс жақтағы үлкен
қоңыр төбенің құбыла бауырын орай екі машина құйғытып келеді. Шаңы аспанға
шапшиды. Түйдек-түйдек. Өз ауласының алдында ақ ешкі жүр. Құлағы мүкіс, анау-
мынауды ести бермейді, мезгіл-мезгіл аузын ашқанына қарағанда, маңырайтын
сияқты: бірдеңені жеп кетпесе игі еді. Осылай бір ойлады да, іле: «әй, мейлі, аяйтын
не қалды» деп күрсінді. Расында баяғы Сандыбайдан не қалды? Иегіндегі сегіз тал
сақалы ғана, шаш сиресе – бір жөн, сақалдың сирегені – маңдайдың соры да. Сол,
сақалы құсап тозып, сиреп, дос-жаран, таныс-тамыр құрыды. Қит етсе тіліне
оралатын жалғыз сөз –«Аллам бессақтасын?» Бертін келе осы сөзді аузынан
тастамайтын бір кемпірді келемеш қып жүріп үйренді. Қанша айтқанмен,
Сандыбайды «сақтап» жатқан Құдай да, адам да көрінбейді. Құдай – құдай ғой,
оның қолы кімге жетсін, ал, мына қырық-елу жыл серік, үзеңгілес болған кәрі-
құртаңдарға не жоқ?! Бәрі қашқалақтайды. Анадайдан айналып өтеді. Жастар
үлкен тұтады, танысын-танымасын сәлем беріседі. Әттең сол ілтипаттары Сәкеңді
қуантпайды, қайта жәбірлейді, сауабы тисін деп қайыршыға ұстатқан бес тиын қара
бақыр сын-ды, көңіл қалтасына жылап түседі. Қадіріңді білмей, сақалыңа қарап
қылған құрмет – қорлықтың қорлығы да. Бұны түсінбейтін Сандыбай... әй, заман-
ай, қайтерсің! Өстіп ойлағанда бүкіл көкірек, құрсағы түгел сырылдайды: жо-оқ,
ауруы жоқ, күйіктікі. Бір кезде жалпақ қырды «аузына қаратқан» қайран
қартыңның түрі... күйік татыған аузын тамсанып-тамсанып бір түкірмек-ті, ернінің
кез-келген жері бұрыштанып, икемге келмей қойды. Сонсоң дың-дың еткізіп
сіңбірінді. Онысынан да жарытулы ештеңе шықпады. Мұрнына жететін де қауқар
қалмағандай, өзінен-өзі үгітіліп барады.
Әлгіндегі екі машина тоңқалаңдаса кеп ауылға тоқтады. Бір топ ит езулері
ырсаңдап алдарынан шықты. Шаң коюланып кетті. Ақ ешкі байыз таппайды,
ауладан-аулаға жүгіреді. Сандыбайға о да ерсі, бұ да жат. Түгел жатырқай,
шошына шолады. Бәрі бір жамандықтың, қырсықтықтың белгісі іспетті. Еш үйдің
есігін аттамайды. Әрі қайраты кем, әрі бала емес, сақалымен шақырмаған үйд