Идаят махаббат, бақыт туралы ұзақ-ұзақ пәлсапа соғатын есерсоқтау
кейіпкерлері бар жуан романдарды жек көретін. Осы арада өзінің де солардың
жағымды бір геройына ұқсап бара жатқанын түйсініп, мырс етті. Бақыт? Дәл қазіргі
жағдайына бақыттың, бақыт деген ұғымның қатысы қандай? Мұндай ойға кім, не
әкелді? Елағаң ренжіп аттанды, бақыты сол, біреуді ренжіте алғаны. Азамат екенсің
шіркін! Бақыт жайлы толғану адамның нағыз сорлы кездерінің ермегі шығар.
Композитор әрі ойлап, бері қозғап ештеңенің байыбына бара алмады. Біресе өткен,
кеткенін есіне түсірді, біресе болашағын қиялдап, көзін жұмды. Ой жібінің бәрі
өзінен тарайды, бәрінің бастауы өзі, бірақ қайсысы қайда барып тоқтайды – арғы,
алғы ұшына көзі жетпеді. Сөйтіп, бірін-бірі қиып, біріне бірі көлденең кеп оратыла,
шатаса берді.
Садықжанов қандай көзбен, кімнің көзімен қарағанда да ойшыл кісі емес-ті. Ол,
Виктор Гюгоның сөзімен айтқанда, қиялшыл, арманшыл ғана жан болатын. Оның
үстіне сол арман, қиялы өз басының төңірегінен ауыспады. Осыған білім, тәрбиенің
тым үстірт, шалағайлығын қосқанда «композитор Идаят Садықжанов» Крыловтың
Аққу, Шортан, Шаяны тартқан жүк секілді, баяғы орны, бәз қалпында қалды...
Қонақтар кеткесін кәрі шеше бұған біраз ұрысты. Жалғызына деген реніш,
ашу, өкпесін былай түгесті:
– Құдай-ай, қарағым-ай, Еділжанға үлкен басын кішірейтіп келгенде тіл
тигіздің-ау, тіл, тіл. – Бұл: қайттым тәубеден, тфу, тфу!– деді.
– Құдай бұйыртпады ғой, бұйыртпады,– деді кемпір сәл үнсіздіктен кейін
өзіне өзі сөйлегендей естілер-естілмес қып,– бұйырмады, күтудей-ақ күтіп еді. –
Миына алғаш жеткені осы дыбыс, сөз түрінде емес, сезік, бұлтартпас қатал
шындық ретінде әсер етті. Алтын қайтыс болды десе дәл осыдан артық ішін
өртемес. Кемпір кімге барғанын, тойының қалай өткенін тәптіштеп айтып жатты,
Идаят аржағын тыңдаған да, түсінген де жоқ. Тек, әжесінің, кәріліктен қарлығып
кеткен даусы құлағына келгенде, асылы, айтып отырғаның қыздың қалай
ұзатылғаны болар деп шамалады. Ілкі минутта ештеңе ойлап та үлгірмеді, тек іші-
бауыры, өкпе-қолқасы бір солқ етіп, әлдебір құрдымға түсіп кеткендей түйсінді.
Айнала, әр зат орны орнында, қақ жүректен тиген оқтан өлген кісінің
жанарындағыдай қата-қата қойды. Бірден құрғап, кеуіп кеткен тамағы
жұтындырмады, түйіншек тұрып апты, ол жұмыр емес, қозғалса ауыртатын
бұрыш-бұрышты, қырлы бірдеңе. Кенет, жастыққа жағын басып жатқан сын-ды
шықшыт, шеке тамырларының бірі дүңкілдеп қоя берді: тірлік, әлі де қозғалыс бар
екен ғой? Келесі секундта қарсы алдында тебен иненің көзінен шуда-жіп сабағын
өткізе алмай, ашық түндікке қарап сығырайып отырған кемпір мұнарта көлкіді,
сосын жақындай-жақындай, қисық айнадағы бейне құсап буылтықтана кеп, тура
мұның көз жанарына еніп, еріп кетті...
Енді бір мезгілде қарт анасы орнында отырды, қызыл иегіне сап жалап тартып,
шуда-жібінің сулаған сайын тарамданған ұшын біріктіре алмай әуре.
– Адыра қалғырдың көзі, адыра қалғыр! – Рас, адыра қалған болу керек деп
ойлады Идаят. Сонсоң, манадан бері қарияны азапқа салып қойғанынан ұялды.
Көңіл тоқтатқанда басына алдымен келгені: Алтын хақында ойламауға тырысты.
Таяғынан айрылған ақсақтай сүйенетін, ұстайтын тұлдыр іздеп қарманды. Таң
қаларлығы: жадына Зібайра ілінді: Бейшара, әп-әсем адам, қор болды ма, кім
біледі?! Бұдан да көп қате, кемшілік кеткен сықылданды. Адамды әуелден кешіріп
жаман үйретпе, бір кешірдің, бір жақсылық еттің екен, еркексің ғой, ақырына шейін
шыда. Тәлімі, өскен ортасы бөлек, бәлкім, тәрбиелей алғаныңда адам боп кетер ме
еді! Бірте-бірте сол, бір кезде жанын сонша улаған адамға іші жылып бара
жатқанын түсінгенде тұла бойы түршікті. Түсіндің бе? Түсіну – кешіру деген сөз.
Әйел даусы естілді: «Мұндай да мез (ез дегені) болармысың, мез, мез, понимаешь,
да?» Өстіп шаңқылдайтын. Бұл – екеуі ойнаған шағын драманың соңғы бір
сахналарынан көрініс еді. Содан жүзін тайдырғандай, теріс айналды. Бірақ сонда
да жақын, сонда да ыстық. Алтынға өкпелегенін осы сәтте, енді ғана білді.
Кешке Ғұмар қайыра соқты. Идаят таңданып үлгіргенше, ол саудырап сөйлей
жөнелді: «Мана сен ренжіп қалғасын, айналайын. Ағаң ғой, тіл сұғып қайтесің.
Өзіне де батты білем. Басшы адам, кішіден естіген сөз оңай ма. Е, өстіп анда-санда
азуыңды көрсетіп қоймасаң бұ жұрт жайдақ мінеді. Мына біреуді, қартайғанда
жеңгетай болайын демеймін, мен сенің әкеңді өз қолыңнан үйлендірген кісімін, ғафу
ет, шырақ, өтінгесін көңілін қимап ем». Ғұмақаң жіңішкелеп бүктеген қағаз ұстатты.
«Жолыққым келеді, сөзім бар». Бірден таныды: Алтын. Идаят қызарып кетті:
– Күйеуі қайда? Жасырып жазды ма?– деп қап, жаңағыдан бетер қызарды.
– Үйінде. Көзінше жазды.
– Иә?
– Келсін, қонақ етем деп, қойын байлап әзір отыр.
Бармайтынын, бара алмайтынын бірден ұқты. Неге екені белгісіз, қағазды
күйеуінен көз тасада берсе – ойланбай барар ма еді, қайтер еді. Пенде табиғаты
қызық қой. Бұ жерде Алтын, өлген адам сын-ды жат, суық боп елестеді. Оған
күйеуінің түні