арланып, күйгені керек тәрізденді. Қағаз соның айла шарғысы құсады. Неткен
жауыз жұрт! Бұл, өліп кетер, ондай көріне көзге азаматқа артықшылық жасау
ләззәтын әйелге татырмас. Кетті ғой, кете берсін! Өлмес, көрер әлі, көрсетер.
«Сүйем, күйем, мен сендікпін ғұмыр бойы. Мәңгілік». Иә, жаңғырық, келем саған
қаңғырып! Күт, күте тұр. Идаят ащы жымиды. Сонымен қанағат таппақ-ты
болмады. Келесі минутта өзін айыптады. Одан кейін Алтынды кінәлады. Сосын
Зібайраны, сосын Алтынды алған жігітті, сосын тағы да өзін, Зібайраны, Алтынды,
өзін, жігітті... Ақыры, ойша бүкіл опасыз, тфу-тфу, қасиетті тірлікті түйенің қатқан
мойнағы құсатып алдына жиырып алып келді де, түңіле, бір түкірді.
Ертесіне жолға шықты. Кележек бітіріп келетінін уәде етіп ұстатқан. Тәмәм
машинаға отырарда шыдамады, кәрі анасының омырауына бетін басып, өксіп-өксіп
жіберді. Өзі ұлын да, немересін де белгісіз бағытқа, айдалаға аттандырып, сол
даладан мейірім күтіп, сарғая қарауға үйренген қарт ана қатты шошынды.
Үрейленгені сонша, «жалғыздан қалған жалғызын» сапарға ұзатқан сайынғы
дағдылы осалдығы – жылауды ұмыт етті:
– Қарағым-ай, бүйтпеуші едің ғой, қарағым-ай! – Идаяттың құлағынан одан
кейінгі күндері осы сөздер түспеді. Жел қай жақтан ессе де – соны әкеп тұрды.
Біресе алыстайды, біресе жақындайды. «Қарағым-ай, бүйтпеуші едің ғой, қарағым-
ай!» Сонсоң, сөз – сөздік мағынасын жойып, бірте-бірте дыбысқа, тағы да үнге
айналды.
Әйтеуір кеткісі, қашқысы келген. Қайда кетеді, кімнен қашады? Өзінен кетіп кім
қайда жол тапты? Өзінен қашып кім қашан құтылып еді! Ақыл, санасы бұ секілді
аксиоманы талайдан түсінетін. Мұны шындық, ақиқат ретінде мойындағанмен, дәл
қазіргі жағдайда ең керек, ең әділ қимыл деп танымады, сезімге ерді. Соқыр түйсік
табиғатының қалағанын етті. Астанаға алып-ұшып, бол-бол қақтырды. Самолетке
мінбек-ті, билет таппады. Содан темір жол вокзалына тартқан. Кемелді аңсады. Дәл
осы сәтте қайда, не істеп жүр екен, Қайырболатқа ұсаған бір қумен ресторанда
отыр ма? Мұнан гөрі жақсырақ біреумен достасып кетуі мүмкін-ау? Кіндіктері бір
емес қой, несі бар, табысса – табыса салады. Айнымастық, достық талап ететіндей
несін өткізді? Поездың жүрісі өлердей мардымсыз, баяу көрінді. Әт-т-теең, ұшар ма
еді! Кенет, жарық дүниеде қалған ендігі жалғыз тірек – сол досын, қимасын
жоғалтып алғандай сезінді. Сондай серік, ақылды азаматты кез ғып, әрі өзі сияқты
Қошалақтың қалқан қара баласынан «композитор Садықжанов» жасаған сүйікті
қаласына жеткенше байыз таппады.
11
Елағаң үйіне құлықсыз кірген-ді. Әншейінде назары түспейтін ұсақ-түйекке
шейін теріп шамдана, шаншыла қарады. Ауызғы, аяқ шешетін бөлмедегі қол
жуғыш, сабын, шетка, жақтауға, шегеге ілінген сүлгі, төргі бөлмеге өтер жердегі
термелі алаша, соның үстіне қаз-қатар тізілген еркек, әйелдің түрлі-түсті, сірілері
жапырылған туфли-бәтіңкілері – бәрі, әдейі өзінің жүйкесіне ойнау үшін
қойылғандай әсер етті.
Қарсы үйден шыға келген келіншегіне бірдеңе айтқысы кеп бір оқталды да,
байырғы сыпайылығы жібермеді, Мархабатқа пәлендей разы емес екенін
желкесімен көрсетті: теріс бұрылып бір қолын қалтасына сұққан күйі, әрі өтіп кетті.
Түпкі бөлменің жағдайы да онша мәз емес-ті, үнемі жаюлы, қонақ күтіп, тап-
тұйнақтай боп жататын көрпе-төсектер қиқы-жиқы, шет-шеті қайырылған,
жиырылған. Бөксесінде шегесі бар біреу отырып ап, әрлі-берлі жорғалаған дерсің!
Қалың, күрең сәтен көрпенің ортасын темекінің шоғы ойып түсіпті. Аржағынан
көрінген ақ жабағының беті сарғыш, өртеніп кете жаздапты-ау. Еділхан осылай
түйіп, өзінен-өзі тарына, жұқа қабағын шытынды. Ши күрең барқытпен жапқан биік
арқалықты диванға жайғаса беріп, тағы бір мін көрді, үлкен кілемнің үстінде шала
тартылған бір тал «Север» папиросы жатыр. Күлі тапталып, кілем түгіне сіңіп
кетіпті. Түрегеп барып, папиросты терезенің ашық көзінен сыртқа атты. Сонсоң:
«күшшік!» деп күңк етті. Төсектің қайырылып қалған тағы бір қырпуын
башайының ұшымен түртіп түзетті де, ерсілі-қарсылы адымдай бастады. «Қара сен
жаман неменің сөзін! Оқуының арқасында әләуләй шығардым деп! Тілінің уын
қара, күшшік!» Еділхан әліппені өзі үйреткен інісінің сөзіне ренжіген жоқ-ты.
Баланың балалығы, ақылсыздығы санап, шыға бере-ақ кешіре салған. Келе
шаруашылықтың алуан саласына байланысты бұйрықты бұрқыратып кеп берді:
«Берілсін!» «Барсын!» «Керегі жоқ!» «Көшсін!» «Қалсын!» Бұ сөздер мұнша
қысқа, шолтаң қаққанмен, әр қайсының артында зіл-батпан салмақ, шұбалған мән-
мағына бар-ды. Бір шофер ден саулығына байланысты басқа жұмысқа ауыстыруды
сұрайды. – Барсын! Бір мұғалім көрші совхоздағы мектепке жұмысқа
орналасыпты, о жақтан үй алғанша бала-шағасының осында тұра бергенін
қалайды. – Керегі жоқ! Көшсін! Жаңадан келген агроном үй ішін әкелуге рұқсат
және екі жүк машинасын өтініпті. – Берілсін! Совхоздың түрлі қара қызметінде
жүргендер-ақ бас қатырып бітті. Бүгін – егінде, ертең – құрылыста, бүрсүгіні –
қора жөндеуде. Қора жөндеу жұмысында қиналғандары – егін