– Е, ішсін,– деді кемпір, құлағын самай шашымен бірге кимешек жағы астына
қайта қыстырып,– ішсін, қарағым, ішсін,– сонсоң келгендердің аузына соғардай
ұршығын салмақтай шиырды.
* * *
Жолдас-жора аудан ортатығынан қарсы алды. Үлкен кемпірді жеңіл
машинамен жеке әкелді. Бұл самолеттен түскен. Бір топ қыз-келіншек әндетіп
көрісті. Бәрін істетіп жатқан атақ, атақ – қиын дүние! Идаят өстіп ойынша, артта,
алыста қалған қайсы бір жора жолдастарына қыр көрсете бастаған, қарсы
алушылар жамырап қоя берді:
– Аман-есен бітірдің бе, шырақ, қайырлы болсын!
– Құттықтаймыз!
– Шеше, балаңыздың бауы берік болсын!
– Екінші рет таптыңыз ғой.
– Қайырлы қуаныш!
Садықжанов не айтарын білмей састы. Қуанышты көңілге қолайсыз сөз екі есе
батады ғой. Жұртты босқа желпінтпей, біртіндеп баспақ боп, қарт анаға қарата сөз
тастаған:
– Үлкен кісі-ау, мынау не жиын, мен базар шығып келіппін бе?
Сөзінің аса орынды, сәтті шықпағанын көпшіліктің жүзіне қарап ұқты.
Біреулер беттерін тыржыңдатып, тамақтарын кенесті. Біреулер теріс айналып,
өзара күңкілдесіп кетісті: «бізді не, кәмпит үлесуге жиналған бала-шаға көріп тұр
ма?» Кемпір кемсеңдей-кемсеңдей кеп:
– Базар дейді-ау, Құдай, базар базар ма мұның қасында,– деді. Идаят осы
көпшіліктің ішінде үлкенді-кішілі шешелерінен кейінгі бір қымбатын іздеген,
таппады. Кез-келген күлкі – соның күлкісі, әр сөз – соның сөзі секілденді де тұрды.
Әлдебіреудің тасасынан шыға, мұның атын атап қалса – естімей, аңғармай
қалардай өз-өзінен алаңдап біткен. Қадырғали қабақ бағып үйренгендігін жасады:
– Алтын келген жоқ, кешкі сауымның уақыты ғой.
Бұл туыстардың ешқайсысына хабарламай, тып-тыныш келмек-ті. Кім айтты,
қайдан естіді? Мына әбігерге қарағанда, біреу жеткізген. Керегі қанша еді?! Осы
сәтте төрдегі темір сандық үстінде жатқан бір жапырақ қағазға назары ауған.
Мұның кірпік қимылына шейін аңдып отырған көпшілік жапырыла соған қарады.
Қадырғали қағазды екі саусағының арасына қыстырып ап, бұған ұсынды.
«Вылетает Идаят семнадцатого встречайте Кемел». Кемел есіміне ауыл кісілері
қанық-ты. Садықжанов үйге, ағайынға хат жолдаса – Кемел атын, әйтеуір, бір
жеріне қыстыратын. Тіпті, көбін Кемел екеуіміз деп бастап, сөйдеп аяқтап жүрді.
Мұның көңілсіз, сүлесоқ ажарын ауылдастар алыстан, үлкен қаладан келген
адамның байырғы көкіректігіне сайыды. Арадағы аз кіреукені, алғашқы
минуттардың ежелден таныс, бөтенсіреу, жатырқау сезімін жуатын дастарқан,
тағамнан бөтен құралды ешқайсысы білмейтін, соған үміт артысқан-ды. Тағы бір-
біріне жалтақтау, тағы да үнсіздік басталды. Төрдегі екі қарттың бірі сүт пісірім
қипақтап, қозғалақтағаннан кейін кеудесін көтеріп, тамағын кенеді, осыған қалай
шешілмес екенсің деген кейіппен сауал тастады.
– Жарқынов ағаң қалай, аман ба, көріп тұрасың ба? – Отырғандар аңтарыла
қалды. Аузынан әлденендей қашаған, асау сөз шыға қалса – ұстауға
дайындалғандай, не старттағы желаяқша әркім өкшесін артына баса, башайының
ұшына отырды. Идаятқа бір сәт бұлары қызық көрініп кетті. Ұмытқанын есіне
түсіре алмаған адамша қинала ойланып отырды, отырды да:
– Жоқ, көргем жоқ, білмеймін,– деді. Жұрт әлгіден бері өкпелеріне жиып, буып
ұстаған ауасын бір-ақ босатып, жеңілейе күрсінді. Әйткенмен ешқайсысы
иланбағанын жасырмады, көздерімен ұқтырып жатты.
– Жоқ, көргем жоқ, білмеймін,– деп қайталады Идаят. Іле былай ойлады:
«Өтірігіңе сенбейді, расыңа иланбайды, енді неңді айтасың?» Ана жолы
Жарқыновты көргенін – шынын айтам деп ұялыс тапқанын тағы бір ойына ап,
ішінен күліп жіберді. Келгенше өзін аяп келген-ді, дәл қазір неге екені мәлімсіз,
мыналарды аяй бастады. Сондықтан ағайын-туманың ниет-пейілі, бет-жүзіне сай
жарқын, өзінше жақсы отыруға ұйғарып еді. Әжесі көзін тағы бір сулап,
кимешегінің шалғайымен сүртті.
– Бүгінге де жеткізді-ау, Құдай. – Сосын екі табақ кебу бауырсақты
дастарқанға аудара тастап, әлгі сөзін:
– Шүкір, шүкір ғой,– деп толықтырды. Қанша желпінем, көңілденем дегенмен,
бұл ашыла алмады. Біреу жүрегін үздіксіз шымшып, шағып жатқандай ауырсынды
да отырды. «Неменеге мәз боласың? Сені ғой мына халық алыстан азаматым келді
деп әлпештейді. Бітіріп қайтқаның қайсы?» Ой осылай мазалады. Ішімдікті де батып
іше алмады. Екі-үш рөмке ғана. Одан әрі кетсе өзіне өзі иелік етер-етпесіне шәк
келтірді. Осылайша қолпаштап, қаумалаған топ алдында осал, бейшара боп
көрінуден қорықты. Баяғы көкірек, сасық көкірек. Бірақ әлі бітірмегенін, емтихан
тапсырмағанын жасырған жоқ. Биыл бітіру, бітірмеуінің екі талай боп жүргенін де
айтты. Бұ шындықты жеткізу үшін қанша өтірік қосты, қанша сылтау, себептер
ойлап тапты! Қарт шешесі бәрібір түсінбеді, қалғандары иланбады. Мұны
тоғайтқан сол ағайынның сенбегені-тін. Бірақ, қайткенмен келесі сәтте
жиналғандардың жүзі қоңырайып жүре берді. Толы, лықыған көңіл орта түскен
тәрізденді. Кәрілердің бәрі іргесіне қарап күңк етті:
– Айттым ғой, мен! – Нені айтты? О жағын ешкім сұрамады. Идаят мына сөздің
шын мән, астарына жетп