қайыра өкінеді, түнереді, толғанады. Сөйтіп, қашан шыдамы құрығанға шейін тағы
қор, тағы да сорлап күн кешеді. Өйткені, бәріне таң, бәрін тұңғыш кездестіргендей.
Көп кісіден көңілі қалып жүріп, өкпелеуін қоймайды. Бір түрлі қызық жан. «Қыз
Жібек» операсын көрген сайын жылайды. Мұндай да мақау болады, а? Басқа –
басқа, осы әндерді жазған мынау деп біреу тосын көрсетсе – Кемелдің өзі нанбас
еді. Жаңағы жігіттер не ойлап кетті екен, Идаят әрқайсысының бетіне қарап ырсаң
қағып, құйған арақтарын қағып салудан өңге не қасиет байқатты? Әрі ішкісі кеп
отырғанын жасыра алмады. Жоқ, бұл нағыз дәрменсіз адам. Тәкаппар ма дейтін,
ха-ха-ха, қайдағы тәкаппарлық! Әр кезде әр қалай мінез байқатады, соның бәрі
балалық, еліктегіштік. «Композитор Идаят Садықжанов»– ел көңіліндегі есімнен,
кісі фамилиясы дәрежесінен шығып, ұғымға, белгілі бір түсінікке айналып бара
жатқан тіркес. Күлкің келеді. Композитор Садықжанов пен өзі күнде арақ ішісіп
жүрген қалқан құлақ қараның арасында қандай қатыс бар?! Композитор
Садықжанов! Әлгі қалақай қара, шынында, ол болмауға тиіс, фамилиясы ғана
шығар. Фамилия деген – дос, созылмалы шұлық іспеттес, кез келгенге шақ келе
береді. Киіп ал да, тарта бер. Идаяттан гөрі осы фамилия Қайырболатқа лайық.
Қалайша дейсіз ғой, о жағын айта алмайды, әйтеуір солай, нақ солай. Бас бітім,
анау дөң мұрын, ет-жеңді, құлағы да жинақы, адам сықылды. Бір сәт Кемел
Садықжанов деген фамилияны кәдімге бас киімге – қалпаққа айналдырады.
Идаяттың қалақай басына кең, құлағын жапырып, милықтап тұрған тәрізді. Соны
ойша сыпырып алып, Қайырболатқа кигізе салды. Жараса ма? Қатып кетті: тоқ
шекесі, самай, желкесінен будырап шығып жүретін бұйрасоқ шашына бұдан
үйлесімді бөрікті іздеп таппайсың! Міне, міне! Табиғат адамды ешқашан басынан
аяғына шейін түгендеп, өзіне өзін үйлестіріп жасамайды, бірінің мұрнын бірінің
басына өлшеп жарататыны секілді, біреудің жан-сезімін біреудің мол денесіне
лайықтайды. Әне, әділетсіздік қайда жатыр... Келесі сәтте Кемел Садықжанов атты
фамилия-қалпақ киген Қайырболатты елестетті. Дөңкиген торы сұр жігіт. Бет-аузы,
көзі, дене-тұлғасы, шашының ұшына дейін сұлу, бәрі әсем. Даусы да биік, күшті,
әзілге епті, сөзін тыңдасаң – кітап оқығандай боласың, Сұр костюм, қылаусыз ақ
көйлек, далада қанша түсті көбелек болса – сонша галстук. Оның үстіне мынадай
дарын, талант... Шіреніп бір шыққың келеді, а, жолдас?! Жо-оқ, Қайырболатқа
кигізу қате, дұрыс емес. Кемел өз ойындағы құдіретті қалпақты ананың басынан
жұлып алады. Қайырболат, көптің көзінде, бәз қалпында қала береді, өйткені,
жоғалтқан ештеңесі жоқ, жоғалса біреудің дүниесі, оның несі құрайды? Сосын
бөрікті апарып басқа біреудің басына қонжитады. Ол да белгілі адам, музыка
зерттеушісі, ғалым болатын. Айтпақшы, мұның өзі қалпақ па, жұрын-бөрік пе?
Мына басқа бөрік қажет, бөрік, құлақшын бөрік. Қалпақ киген ғалым, кәдуілгі ми-
құрт... ойлаудың өзі ерсі. Қашан да модадан қалмай жаңарып, өзгеріп тұратын
мүлік оған келіспейді. Құлақшын да модадан шықпайды ғой? Ой, қой, тоңғанда
ғана ойыңа оралатын зат – мода болушы ма еді! Сонымен, енді оған бірден
құлақшынның құлағын түсіріп кигізді, бауын байлап тастады. «Композитор Идаят
Садықжанов осы» деп, ойша, зал толы жұртқа таныстырып көрді. Көз алдында,
архивқа көп үңілгеннен жауырыны сәл күржік, арық, жатаған адам түрегелді. Төрт
жағына бірдей иіліп, ілтифат жасады, Жұрт таңырқап, бір-біріне қарасады. Атақты
«Қайыңның», «Қызыл белдің», «Іздегенімнің» авторы мынау ма? Сосын әлгі
құлақшынды кісіге сөз береді: «Құрметті тыңдарман қауым, академик Асафьевтің
сөзімен айтқанда... Александр Затаевич «Қазақтың 500 ән-күйі» жинағын жарыққа
шығарушы ғана емес...» Иә, дәл өзі, ол өстіп, қырық жылғыны қылшықтап
сөйлейді. Ортаңғы қатардан әлдекім аузын ашып есінейді. Осы арада Кемелдің өз
қиялында өрбіген оқиға, көрініс үзіліп, әлгі адам өмірінің басқа бір қыры
ашылады: енді ол колхозшылар арасында. Бір шал құлақшындының қолын қысып:
«Жарайсың, қарағым, әуездерің жақсы, бізге түсінікті» деп арқасынан қағады.
Ананың үстінен бұрқ-бұрқ шаң ұшады, архивтің, ғылым академиясында талай
жылдан бері сарғайып жатқан бума-бума қағаздардың шаңы... Кемел түшкіріп
жіберді.
Бұ кезде пәтер иесі еденді сыпырып жүрген, бір секундке қиялындағы, өзі
жасаған композиторын соған ұқсатты. Жоқ, енді деді Кемел, бұ да Идаят
Садықжанов бола алмайды екен. Бөрік фамилияны одан да сыпырып тастады. Осы
ретпен «композитор Идаят Садықжанов» деген тіркесті қалпаққа, бөрікке, тақияға,
тұмаққа, кепкіге айналдырып, талай басқа өлшеді. Ешқайсысына үйлеспеді. Бас
үлкен, мойын жіңішке, құлақ шұнақ, маңдай тар, мұрын үлкен, қарын жуан,
жауырын томпақ, желке қызыл, самай ақ. Содан кейін қайтып әкеп иесіне,–
Идаяттың өзіне қайыра кигізіп қараған. Оған да пәлендей қанағаттанбады. Келесі
минутте «композитор Идаят Садықжановты» ешбір бассыз, жеке, бас киім ретінде
алып тексерді, төсегінің нақ қарсысындағы шегеге әкеліп ілді. О, міне, орнын жаңа
тапты деп ойлад