әйелдер, далақтап автобусқа жүгірген жұрт – мұның да солардың бірі, жәй адам,
тіршілік иесі екенін танытты.
– Жүр, аздап қалам ақы алып ем,– деді Кемел, қолынан жетектей,–
консерваторияға келсем, жаңа ғана шықты дейді, артыңнан айқайлап келем,
айқайлап келем, ұят екен, әкең. – Кемел қалам ақының өзін ұнатудың үстіне сол
сөзді айтуды сүйетін. Мәселен, «қалам ақыға барам», «қалам ақы алып ем».
Мұны айтқанда ішкі мақтанышын жасыра алмайтын. Қалам ақы алуы да сирек.
Ештеңе шығармайды, жазбайды. Ел ішінде әлдеқашан ұмытылып, сондықтан
құлаққа тосын, жаңа естілетін күйлерді көп тереді, жинайды. Солардан іріктеп
фольклор кабинетіне өткізеді. Онысын өнер, не табыс көзі санап жүрген ол жоқ,
жанға дәт, қызық тұтатын тәрізді. Біреудің күйін орындап бергені үшін кабинеттің
де жарылқайтыны шамалы. Бірақ Кемел қалам ақы алып ем дейді. Ондайда еріп
тарта бер. Әйтпесе, тірінің пәлесі. Сосын қанша алғанын сұрай көрме. Идаят оның
тұла бойын тінтіп, мін іздеген көздері осынысынан өңге жарытулы ештеңе
таппайтын. Қазір досының сол сырына қанық композитор келе жатқан бағытын
амалсыз өзгертті. Қимасының көңіліне бола қуанған шырай танытып:
– Қап, жақсы болды, өзім де бір шөлдеп,– деп емпілдей жөнелді.
Таксиге отырып, «Айнабұлақ» барған. Астыңғы, әйнек залы толы екен.
Темекінің қалың, көк сұр түтінін төбеге, екі жерге ілінген желдеткіш таратып тауыса
алмайды. Содан төрт қабырғаның үшеуі әйнектігіне қарамастан, зал күңгірт. Екеуі
жұрттың басынан аса қарап, көздерімен орын іздеген, бірде-бір бос үстел таппады,
әр жүз, әр кейіпке жалтаңдап тұрып қалысты. Ілкіде ешкім елемеген-ді. Бастар
біртіндеп көтеріле-көтеріле кеп, бір кезде бәрінің назары осыларға ауды. Бұлар көп
көзден ыңғайсызданып, кіре беріс, шеткі бұрышқа таман ығысты. Нақ осы сәтте
төрт жас жігіт дүркірей түрегелісті. Сол-ақ екен, ана тұс, мына тұстан екі-екі, үш-
үштен жұрт тұра бастады. Әуелі жасқана, жатырқай жақындаған жігіттер бірер сөз
қайырысқан соң батылданып, үйіріп бара жатты...
Ал, осыдан бір сағат өткенде манағы сезім, шабыт буған тегеурінді, отты
композитордың орнында «Айнабұлақ» кафесінің байырғы ішкіштерінің бірі
отырды...
Бұл, есінде, со бойда-ақ көпшіліктің аузына іліккен жалғыз сөз айтты.
Мәжілістің қыза келген кезінде бір қыз сауал қойған:
– Ағай, кәзір не жазып жүрсіз?
– Бас жазып жүрмін.
Садықжанов көңілшектеу жігіт-ті. Ешкімнің тәсін қайтармайды. Әсіресе шарап
толы бокал ұсынған қолды қақпайды-ақ, сіміре тастайды. Ыдыстарын босатқан
сайын маңындағылар ризашылық білдіреді. Әркім әр-түрлі сылтау айтады, әркім
өзінше себеп табады. Содан бұл мәжіліс – тектен-тек емес, әйтеуір бірдеңенің
қуанышы деген сылтау туады. Біреу бүгін соңғы сабағын тапсырған боп шығады,
біреу он жыл көрмеген ескі досын кездестіреді, енді біреудің келіншегі ұл тапқан,
біреудің шешесі ауруханадан сауығып келеді. Біреу ертең таңертең тыңға аттанады;
газетке жарияланған тұңғыш өлең, хабар мақала, ЗАГС-ке берілген арыз,
«Қайраттың» кешегі ойынды тең аяқтағаны, Садықжановтың пәлен әні, пәлен вальсі
– осының бәрі ішуге желеу, сөз, тост. Бір жігіт «Айнабұлақтан» қарағандағы
Алатаудың көркі үшін көтерсе, екіншісі жапырақтың жасыл, аспанның көгілдірлігін
сылтау ғып ішеді. Бұрын бейтаныс жастар осы жолы да бұлардың әлгіндей
көңілшектігі арқасында танысып, шұрқырасып кетіп еді. Идаят біраз қызға адрес,
автограф үлестірді, Кемел талайының шашы мен қасын мақтады.
Содан бірінен бірі адасып, бірін-бірі өкпелетіп жүріп, ақыры екеуі табысты да,
досын әкеліп сап, Кемел жеке тартты, үйіне кеп басын салқын судың астына ұстап
алған соң кәдімгідей айыққан сияқтанған. Сонсоң кереуетіне отырып ап ойға батты.
Ол өзін-өзі кінәлады. Идаяттың ішімдікке тым тез үйреніп кеткеніне қынжылды.
Соған өзгеден бұрын өзін айыпты санады. Келесі сәтте кері толғады: әркімнің өз
басы өзінде емес пе? Жоқ, деп ойлады, бассыз тек жүректен ғана тұратын адамдар
болады. Мәселен, Садықжанов. Керемет әндер жазуға жеткен басы тұрмыста түкке
аспайды. Жүрек секілді адал, сәби. Жүрек лүділдеуден бөтен не біледі? Оны
қарайту, маскүнем ету де оңай. Өйткені тым кіршең, жұқа. Ақыл мен тәжірибе
керек. Осының Идаятта екеуі де жоқ. Досы кейде аңқаулық пен пәктікті жұртты
таңдандыру, сол арқылы өзін сақтау, тіпті насихаттау мақсатында жасайтын тәрізді
көрінетін. Бұнысыныі қате пайымдау екеніне осы соңғы күндері көзі жетіп жүр:
Идаят ылғи қу, ақылды, көрген, түйген кісі боп, өзінше маңайындағы аңқау көпке
үстем танылуға тырысады. Осының өзі оның жайдақтығын паш етеді. Көп нәрсеге
миы жетпейтінін, талай құбылысты табиғатының қабылдамайтынын жасырған
сияғы. Дәл солай. Ақылы аз, жаны жалаң, осал – бұл ұғымдардың бері сол
табиғатынан туып жатыр. Жасы құралыптас жігіттерден өмірді одан көп шеккені де
шамалы. Сөйтіп отырып ештеңе ұқпайды. Содан тым ергіш, әсерленгіш. Кісінің
жынын келтіретін кешірімшілдігі тағы бар. Мәселен, Кемелдің дәл осыған иманы
кәміл, егер Зібайра жылап келсе,