н... Ереже атаулыны мен осы өзіңе бола бұзған кісімін.
– Мұныма не айтасың дегендей Жарқынов бұ тұста ерсіне, биіктей қарады. – Сен
қазір мелодист ретінде белгілі боп қалдың. Жиын, той, әсіресе ішкен жерде
мелодияларың дәуірлеп кетеді. Шығарғандарыңның саны да аз емес. Әйтсе,
қанатың қатты, есейдің деген сөз. Уақыт, тарих өзі іріктей жатар. Бір ән қала ма,
жүз әуен қала ма. Жалпы ойланған дұрыс. Жақсы көріп, жаным ашып айтам.
Ағайынға салмақ салмайтын кезің жетті. Есің бар жігітсің ғой. Маусымдық
дүниелерге күдікпен қараған жөн. Саған әлгі арнаулы стипендия
тағайындаттырарда министрдің өзі...
Жолымболдың өзге сөздерін көшеге шығып есіне алды. Миы магнитті пленка
тәрізді бәрін жазыпты. Ысылдап шылым сорғанына шейін анық естіледі. Жұмсақ
сигаретті сырт-сырт шертіп, күлін түсіргені, аракідік тамағын кенеп, газет
парақтарын судырата ақтарғанына шейін ап-айқын. «Мен отырғанда газет оқыған
болды-ау» деп ойлап, бір ренжіген. Келесі секундта онысынан күмәндана бастады.
Себебі, көзі көрмеген сияқты. Қайсысына сенуге болады? Көзіне ме, құлағына ма?
Үш қайтара телефон шылдырады. Жөкең алғашқысына: «менде бір кісілер отыр
еді, кейінірек звондасаңыз», деп тілек етті. Шамасы, онша қаламайтын адамы болса
керек, трубканы құндағына сарт ұрды. «Мақұл. Берейін. Иә, жұмыс көп. Жақында
Мәскеуге жүрмек ем. Иә. Содан қайтып келгесін... Кеш бола ма? Жарайды.
Газеттердің заказы көбейіп тұр. Әйтеуір қолдан келгенше. Біз жазушы емеспіз.
Адал, шын пікіріміз ғой, соны ғана білдіреміз. Жә, ажарлай алмаймыз.
Өздеріңізден үйреніп, еліктеп деген секілді. Жарайды. Соңғы мерзіміңіз бе? Шама
шарқымызша. Сау болыңыз». Бұл екінші телефонға айтқаны. Трубканы қоя сала
бұған қарап: «кім еді әлгі, газеттің редакторы... сол ғой» деді. Содан министрге
кіріп, Идаятқа арнаулы стипендия әпергенін тағы бір есіне алып бола бергенде
телефон үшінші мәрте шылдырады. Әуелгі «алодан» соң орнынан қопарыла бір
көтеріліп, қайта отырды. Сонсоң иегімен есікті нұсқады. Қиындастыра мұқият жап
дегені шығар. Садықжанов сонда аңғарды: есік екеу, ортасында бес-алты адам
қатар сиғандай орын бар екен. Ағасының жүзі жайнап жүре берді. «Рақмет, рақмет.
Қайыр-дұғаңыздың арқасында дегендей. Жаман емес. Жастар бар. О мәселені
өзіңізге кіріп айтам. Ақылдасам. Жарайды, болады. Істейміз. Одан гөрі де мықты
біреу шықты. Иә. Қазір қабылдасаңыз қазір барам. Дайын. Рақмет. Құп, мақұл. Сау
болыңыз». Трубканы құндағына салар-салмасын білмеген кісіше біраз кідірді.
Мұның көбі көз алдына елестемейді. Құлағында ғана. Жарық, кең кабинет, қос
қабат есік, стол, кресло, кілем, телефон, тіпті Жарқыновпен қоса дыбыс, үн боп еріп
кеткен сын-ды. Басының қара құсы астында бұрын белгісіз магнитофон дискасы
айналып жатқандай шулап әкетіп барады. Полифониялық музыка деп жүргендері,
бәлкім, осы болар? Екі иығы тұсынан да топ-топ адамдар өтеді. Әр жер, әр жерде –
ағаш көлеңкелерінде үшеу-төртеуден шоғырлаған жұрт. Шоқ-шоқ нота,
аккордтарға ұсайды. Көшенің арғы бетіндегі, анау подъез, дүкен маңындағы
адамдар нотаның бас сызығынан асып төгілген оқшау дыбыстар тәрізді. Осы мезет
композиторға тауға қарай қасқая ашылған Коммунист проспектісі – бір үлкен
шығарманың дайын партитурасы боп елестеді. Әне бір үш қыз – дыбыс: ре, фа, ля,
араларында қара көйлек, ақ галстук таққан сидаң жігіттер нота сызықтары.
Қыздардың аяқтары сегіздік нотаның сабақтары секілді, жіңішке. Ал, анау қарын
бүтін, тұтас нотаның өзі – рас и, два и, три и, четыре и – демің жеткенше соза бер!
Бір жігіт қырқ-қырқ күлді. Мұны деп түйді Садықжанов, дыбыс қатарының сол
қолдан бастағанда келетін бірінші фа – бас кілтімен жазу керек. Қолтығындағы
қызының күлкісі – скрипка кілтінде, үшінші октава, си-бемоль. Құлағы, басы тола
үн, ызы-ғызы. Көкірегінде ащы бірдеңе білінді. Ирония мен сарказм ба, запыран
мен темекі түтіні ме? Оны айырар ақыл қауқары – ұстам, төзім қайда – сенделіп
келеді, қалайда тезірек үйге жетуге асық. Оң қолының бүгілген саусақтары жыбыр
қағып, алақанына әлдене үндер бейнеленеді. Дәл қазір пианиноның қайырулы
қақпағы мен қағаз аңсайды. Жо-оқ клавиштерді басудың, ойнаудың қажеті шамалы,
тек қайырулы қақпақ пен қағаз, қарындаш. Дыбыстар бірін бірі кимелеп, миын
қатырады. Шетінен сүйреп ап жаза бастаса – мына быжынаған көп үн сиреп, жаны
жай табатын сияқты. Тек, жетсе екен тезірек! Біреу иығын қағып кетті. Одан тағы
біреу, одан тағы. Қаққан олар ма, мұның өзі ме – аңғара алған жоқ, адымдай берді.
Екі-үш машина сыңсып өтті, доңғалақтарын шарылдатып бір-екеуі тоқтады... бір
кезде әлдекім білегінен ұстай алды.
– Немене, қарамайсың ғой? Қайда шауып барасың? – Осы сөздер үлкен, жақсы
концерттен кейінгі қарбаласта киім ілгіштен жоғалған сыңар галоштың иесі
айтқан реніш сөзі тәрізді ұсақ, тым күйкі естілді. Кемел қутың қағады:
– Танауың делдиіп, қайда асықтың? – Кәдімгі көше, жер. Түсінде ұшып
жүрген кісінің ояна кеп, алдымен аяқ жағында тұрған жыртық бәтіңкесін
көргендегісі сықылды, бірден жабырқап қалды. Миындағы магнитофон жым
болды. Ерсілі-қар