қуып жүріп сөз теретін жексұрын жігіт емес. Бірақ Зібайра хақында, өстіп, шым-
шытырық әңгіме шерткен жұрттың аузына қаққан кезі тағы болған жоқ. Бұның
маған қандай қатысы бар, мен не істейім секілді қалыс пікірді әншейін бөгде құлақ
үшін ғана айтатын секілді. Әжептәуір аты, беделі бар жас жігіттің бұ сынды
осалдығын сезген сүйрең тіл иелері өтірік-шынын араластыра соғады. Зібайраның
қисынсыз екенін көре тұра бұдан алимент сұрауын олар сол соңғы күйеуінің ересен
тарлығы, көрсеткен қысымшылығынан деп түсіндіреді. Мұның бәрі Садықжанов
құсаған онсыз да жалаңаш жанды көзге көрінбейтін тырнақ боп осып, жегі боп жеп
бітетін-ді.
Ал, тағы бір сөзбен, Қырсықтың тілімен айтқанда, бұның күллісі «қатын
жүрген жерде не хат, не сот жүреді» дегеннің кері еді.
* * *
Жарқынов жатып қабылдады. Стол үстінен жап-жалпақ, етті қолының
алақанын төмен қаратып ұстата салды. Сосын қозғалақтап қойды. Бірақ одан
жұмсақ креслодағы жағдайы өзгерген жоқ. Алдында бір әйел отырған, әйел дереу
әлдене шаруасының біткеніне қуаныш білдірді, Жөкеңе рақмет айтып, шығып кетті.
Жолымбол содан кейін ғана бұған отыруға ишара етіп, байырғы сауалын тастаған:
– Қалай бауырым, ән көп пе?
Идаят бүгін таң атқалы жүгірісте. Өткен курстардан қалған борыштарын
өтемек-ті. Кімнің қайда баратыны анықталып, бөлініп біткен кезде мұның әлі
мемлекеттік емтиханға жіберілер-жіберілмесі белгісіз болатын. Осы белгісіздік
жанына үлкен қобалжу әкелді. Жүріс-тұрысы, айналаға қарым-қатынасы, ой-
пиғылы бірден өзгеріп шыға келді. Бүгін көп адамға жолықты. Бірге бірді салып,
таныс тапты, бітім іздеді. Сосын көкірегінің қиыр бір түкпірінде адам таң қалардай
құпия бір тілек пайда болды. Сол тілек үміт сияқты, бірте-бірте жұбантып,
қызықтырып бара жатты. Онысы емтиханға жібермесе екен деген тілек-ті. Әйтеуір,
кісіден көмек сұрамайсың, бәрі заңды, жөн-жосығымен болады ғой деп түйген.
Мейлі, сынаққа ұрықсат етпей-ақ қойсын! Шығарып-ақ тастасын мейлі. Тағы қандай
мейлі айтуға болады? Осының қайсысы да көңілін күпті еткен белгісіздіктен артық
секілді көрінген. Бір мұғалім қойып беру былай тұрсын, емтихан қабылдаудан
ашықтан-ашық бас тартқанда қобалжыған көңілі сабасына түскенін сезінгені содан-
ды.
Осындай қысылтаяңда жүрген сағатында етегі тақымдығын тұсаған сары
келіншек жарым қарыс адымымен алдынан шығып:
– Сені Жарқынов жолдас іздеп отыр. Тез!– деп дігіртті. Сонымен бұ
кабинетке басындағы екі ұдай мәселенің бір жағына шығарына әбден иланып
келген. Ағасы тым жайбарақат көрінді, соған қарап бұ да қарсыдағы екі креслоның
біріне жайғаса салған. Жөкең алдында бей-берекет жатқан «Спорт», «Советский
спорт», «Лениншіл жас» секілді газеттерді асықпай текшелеп, столының бір
шетіне ысырды, телефондарын реттеді. Содан кейін барып:
– Бауырым, қалай, ән көп пе?– деп қайталады.
– Шүкір, әйтеуір, бірдеңе жазып жүрміз.
– Бірдеңе емес, ән жазу керек,– деді Жөкең, екінші бөксесіне ауып отырып,–
бірдеңені мына біз секілді оқып, атқа мінгендер істесін, сен ән жаса! – Идаят жауап
берудің орнына иығын көтерді.
– Ән деген стихиялы нәрсе! – Бұл тағы үндемей қалды. Тек дәл осының өз сөзі,
өз пікірі екенін жазбай таныды да, іштей секем алып қалды. Себебі, соңғы уақытта
Садықжанов айтыпты деген сөздер музыка қауымы арасында ауадай тарап
жүрген. Алғашқыларын өзі естігенде күлген. Бара-бара тіпті ерсі, көбі өтірік
әңгімелерге жалғасты. Бұл сөзге, пікірге онша шашпа жігіт емес-ті. Ал, әннің,
өлеңнің стихиялық характері туралы айтқаны есінде. Қазірге шейін одан айныр
сылтауы жоқ. Ал, қалғандары... бір жаманы «сен солай сөйлепсің ғой» деп ешкім
көзіне баспайды. Алыстан орағытып, әлдене шетін сөздің исін шығарады да қояды.
«Мұны кім айтты, мен бұлай ойламаймын!» Торыққаны, жұқарғаны сонша, бір
жолы естіп ақталуға да оқталған. Ойлап-ойлап батыл ете алмады. Себебі, қараптан-
қарап қуыстану – жұқалықтың белгісі, әлсіз кісі боп көрінгісі келмеді. Не боса – о
босын деп қойып қалуға аржайылығы жетпеді. Жұрт айтпаған сөзді айтты ғып,
композитордың көз көре зиянына таратқанда, оның осы мінезіне есептейтін-ді.
Пәлен бе? Оны қой, композитор емес! Түгенше артист емес! Анау опера емес,
мынау симфония емес. Садырбайдың фортепиано мен скрипкаға жазған
қойыртпағын концерт дейсіңдер ме? Көп оқыған кісі ме? Талант емес. Бұ сын-ды
бірінен бірі дөрекі пікірлердің авторын бағзы біреулер расында Идаят санап жүрді.
Идаяттың айтпағаны былай қалсын, көбі ойына да келмеген жайлар. Осының бәрін
таразысына тартқанда күш мойнынан гөрі жүйкесіне көбірек түсті. Сондықтан
ағасының тым құрыса соңғы сөзіне жауап беруге бекінді.
– Рас, менің пікірім. Өнерде қандай да бір стихиялық бастау бар екені хақ.
Мұны шеккен, көрген кісі ретінде емес, оқығаным, естігенім ғып айттым.
– Оған кім таласып отыр?
– Нені айтасыз?
– Сенің пікірің екеніне. Кім, бауырым, Идаят былай. Ән жазғаның жақсы, әлі де
жаза түс. Саған жұрттың бәрі дос, жанашыр. Мен өз басым адам