жақсылықтан өңге іштеңе тілемеймін. Оны мен іс жүзінде көрсетіп келемін-ау
деймін. – Жолымбол мұның бетіне дұрыстап, сынай қарау мақсатында ма, басқа ма,
әйтеуір осы арада әжептәуір кідіріс жасады. Садықжанов соны өзінше ұғынып,
асығыс елп етті:
– Рақмет, білем.
– Қазір көріп жүрсің, не көп – композитор көп. Ішінде әнге күші келмейтіні
кемде-кем. Сайрағанның бәрі бұлбұл ма демекші, әу деп қайырылғанды ән
санайтын ауруымыз да байқалады. Лениннің Демьян Бедный ақынға қалай
айтқанын білесің бе? Тыңдаушының артынан сөлпектеп ере беруге болмайды.
Қолдан келгенше алдына түсуге тырысқан жөн. Сенің құлағыңнан басқа құлақ
таппағаннан айтпаймын, сен түсін.
– Дұрыс қой, түсінем.
– Әндеріңнен түсінгенің байқалмай тұр. Халық әуендеріңді іліп алып, айта
жөнеледі. Оған қуанумен бірге қорқу да керек. Сен әлі қуанумен келесің. Қорқуды
мүлде ұмыт еттің. Жаным ашығасын айтам. Әр тактіні жазғанда қалтырап отырған
дұрыс. Өйткені, күні ертең соны мыңдаған адам тыңдайды. Мен не берем, осы
әуен арқылы не айтам дегенді есіңнен шығардың-ақ жайылып кетесің. Сен жазған
мелодияны да жаза алмайтын композиторларымыздың барына күмәнсізбін. Ал
сондай дүниелерге уақытын қимайтын, тіпті менсінбейтін профессионал кісілердің
көптің бірі боп еленбей келе жатқанын есіңе салғым келеді. – Әңгіме бірте-бірте
тереңдеп, іш пыстырарлық ақылға, әдемі теорияға тартып, сыңар езулеп кеткенін
аңғарғанда мұның дегбірі қашты. Қалайда есебін келтіріп бөлуді, сол арқылы
жалпы атмосфераны жеңілдетуді ойлаған.
– Жолаға, кім жаман жазайын дейді, қолынан келгені де,– деді. Ойлап-ойлап
тапқаны осы еді. Ағасы түйіліп, әлденеге шамданып қалды. Мұнша мәнді мәселеге
жеңіл қарадыға жорыды ма, әлде сөзін бөлгенге ме,– түсі жалпылдақтың күліндей
ағарып кетті. Не шын көңілімен құйып ұсынған асын мынау алғыс айтып, ауыз
етудің орнына, қайырып бетіне шашқандай қатты ренжігені байқалды. Бір кезде
барып, столын қос қолдай таянып, тұра берді:
– Біздің басқа да шаруамыз бар, шырақ.
– Кешіріңіз. – Жарқынов бірер қағазға қол қойды, бір-екеуін стол бетіне салған
қалың әйнектің астына сырғытты.
– Мә, шегуші ме ең? – Идаят бастық ұсынған сигаретті қойнына сүңгітті де,
өз қалтасынан «Беломор» алып тұтатты.
– Бір ағаң айтқан екен, мизер ойнаған кісінің ұтқанын көргем жоқ деп. Сен
кейінгі кезде жиі-жиі мизер айтатын көрінесің. Жо-оқ, карта мағынасында емес. –
Мына арада Жөкең сәл жымиып алды,– бір қыз баланы анандай етіпсің. Екіншісін...
әкесі қатты ренжулі. Ол саған жаулық қылатын ұсақ-түйек кісіге ұсамайды,
әйткенмен сақ бол. Жақсы мелодист – жарты адам, азамат болғанда ғана
бүтінделесің. Мен ақыл айтудан аулақпын. Ақылдымсыған шолақтарды жаным жек
көреді. Солай, бауырым,– деп бір тоқтады. Садықжанов үлкен орындағы жанның
өзімен осынша ашылып сөйлескеніне қайран. Жолымбол тағы біраз сөйлеп ап,
кенет, шұқшия сұрақ қойды.
– Неге үндемейсің?
– Сіздің мизер дегеніңізді ойлап отырмын.
– Карта ойнай білесің бе? Білмесең былай: мизер ақ көз ерлік деген сөз.
Жығылсаң – он есе ұттырасың, шықсаң – сонша ұтасың.
– Мен ұтуды ойламаймын.
– Ұтуды ойламайтын ойыншы болмайды.
– Түсіндім, кешіріңіз.
– Торсыз құс тұрмайтыны сияқты, ашық жерге өнер тұрақтамайды. Оны да
ұстай білу керек. Рақмет, мен жаңа ғана шектім. Музыканың тәрбиелік мәні соған
байланысты.
– Мұны ұмытқам жоқ.
– Тағы да есіңе салам. Мода деген арзан нәрсе. Мәселен, шыт көйлек тәрізді,
тез өтеді. Жұрттың бәрі қызығып сатып алады. Жиырма күн желге, ыстыққа кисең –
сылынып түседі. Осылай әр ай, әр маусым сайын ауысып отырады. Сенің әуендерің
түгелімен шыт-шыпыр деуден аулақпын. Ішінде талай маусымға төтеп беретіндері
бар. Саған ерек жағдай жасалды. Оқуыңа, ән жасауыңа деген секілді.
– Рақмет, рақмет!
– Қолда бар билік, беделімізді аямадық. Министрге кіріп...
– Рақмет!
– Министрге кіріп, арнаулы стипендия тағайындаттық.
– Рақмет.
– Бұрынғы келіннің әлимент талап еткен арызын басып тастадық. Өзің де,
бауырым, сайтансың-ау деймін, қыз-келінішексіз жүрмейсің. Ол дауыңды да
қисынсыз, бос жабысу деп жазып қайқайттық. – Идаят Зібайраның арызын
орынсыз, қате екенін дәлелдеп сендірмек боп оқталды да, оны да өзіне жасалған
жақсылықтар тізіміне тіркеп отырған үлкен адамның меселін қайырғысы келмей,
жаңағыдан бері жиі айтылудан тіліне оңай, ойсыз оралатын дәрежеге жеткен сөзді
тағы бір мәрте қайталай салды:
– Рақмет!
– Соның бәрі сенің музыкаң, соның қамы. Солай, бауырым. Ал, қазіргі
жағдайың тым нашар. Экзаменге жіберілер түрің көрінбейді. Келесі жылы
тапсырар едің... оқып жүргенің жеп-жеңіл факультет. Одан жеңілін табу да мүмкін
болмайды. Ең басты сабақтарды оқымапсың, үлгермепсің, композиторскийге
түскеніңде... дегенмен, мелодистерге бәрі бір. Қысқасы, сол тапсырылмаған
пәндеріңнің мұғалімдерімен келісіп, сені емтиханға жібертуге...
– Рақмет!
– Сені емтиханға жібертуге, өзің түсін, мен күш сала алмаймын. Ол біріншіден
оқу заңына қайшы, екіншіде